қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
04.11.2025

III ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ФОРУМ ӨТТІ

 

2025 жылғы 4 қараша күні Абай университетінде қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі Серік Пралиевтің еңбегін еске алуға арналған «Білім беру стратегиялары: болашақ кадрларды даярлау» атты III Халықаралық педагогикалық форум болып өтті. Форум жұмысына Қазақстаннан басқа Ресей, Корея, Өзбекстан елдерінің жетекші ғалымдары, педагогика саласының сарапшылары мен жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.


Форумда заманауи білім беру стратегияларын талқылап, болашақ педагог кадрларды даярлаудағы тиімді әдістер мен инновациялық бағыттарды айқындау мәселелері қаралды. Сондай-ақ білім беру сапасын арттыру, инновациялық педагогикалық технологияларды енгізу, цифрлық оқыту жүйесін жетілдіру, болашақ мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін дамыту сияқты өзекті тақырыптар қозғалды.


Халықаралық  форум аясында академик Серік Пралиевтің педагогикалық мұрасына арналған арнайы естелік сессия ұйымдастырылды. Онда ғалымның Қазақстан білім беру жүйесінің дамуына қосқан зор үлесі, реформаторлық идеялары мен ұлағатты ұстаз ретіндегі тұлғасы туралы баяндамалар тыңдалды. Іс-шарада секциялық отырыстар, панельдік пікірталастар, шеберлік сабақтар өтіп, жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.


Форум соңында С.Пралиевтің құрметіне арналған «Үздік зерттеуші – 2025» байқауының жеңімпаздары марапатталып, оларға арнайы ақшалай сыйлықтар табысталды.


Естеріңізге сала кетейік, Серік Жайлаұлы – көрнекті ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, қоғам және білім беру саласының ірі қайраткері. Ол Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің дамуына, педагог кадрларды даярлау ісіне және ғылым мен білімнің интеграциясына зор үлес қосқан тұлға.


Өзінің өмір жолында Серік Жайлаұлы бірнеше жоғары оқу орындарын басқарды, соның ішінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры, Х.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті қызметтерін атқарды.


Ғалымның ғылыми еңбектері кәсіби педагогикалық білім берудің теориясы мен әдістемесін, болашақ мұғалімдердің кәсіби бейімделуін жетілдіруге бағытталған. Ол көптеген жас ғалымдарға ғылыми жетекшілік жасап, еліміздің педагогикалық ғылымының дамуына зор үлес қосты.

Абай атындағы ҚазҰПУ 

Баспасөз қызметі

 

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=