қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
05.11.2025

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН КЕЗДЕСУ

 

Бүгін Абай университетіне UNESCO Teacher Education Centre (Шанхай, Қытай) ресми делегациясы келді. Қонақтарды университет тарапынан Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Төлеутайқызы қабылдады.


Іс-шараның мақсаты – педагогикалық білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, ғылыми-зерттеу бағыттарын кеңейту және мұғалімдерді даярлаудағы заманауи әдістемелер бойынша тәжірибе алмасу болды. Кездесуде ресми делегациямен кездескен  университеттің Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Төлеутайқызы халықаралық серіктестікті нығайту мен ғылыми әлеуетті арттырудағы бұл жүздесудің маңыздылығын атап өтті.


Келіссөз барысында тараптар білім беру сапасын арттыру, инновациялық тәсілдерді енгізу және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады. Шанхай ЮНЕСКО Мұғалімдерді даярлау орталығының делегациясы Абай университетіне ынтымақтастық туралы меморандумға отыруды ұсынды. Университет өкілдері құжатты жан-жақты қарастырып, келісім қабылданған жағдайда рәсімдеу үдерісін онлайн форматта өткізуге болатынын жеткізді.


Шанхай тарапынан кездесуге директордың орынбасары Гуойонг Ху, жоба менеджерлері Цзисин Лю мен Руимиао Ли, сондай-ақ докторант Ольга Хребтовска қатысты. Кездесу жемісті болып, одан әрі ынтымақтастыққа нақты қадамдар жасауға мүмкіндік береді деп есептейді тараптар. Болашақта бұл серіктестік мұғалімдерді даярлау сапасын арттыруға, халықаралық тәжірибе алмасуға және білім беру саласындағы инновациялық жобаларды жүзеге асыруға септігін тигізбек.


Айта кетсек, UNESCO Teacher Education Centre (Шанхай, Қытай) 2021 жылғы 7 қазанда Шанхай қалыптастыру университетінде ашылған. Мұғалімдерді даярлауды дамыту, олардың үздіксіз білім алуына ынталандыру және жаһандық білім беру тәжірибесіне қытайлық идеялар мен тәжірибені ұсынуды мақсат етеді. Орталық аясында білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған әртүрлі жобалар мен кездесулер ұйымдастырылады.

 Абай атындағы ҚазҰПУ 

Баспасөз қызметі

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=