
Негізгі бет
Жаңалықтар
10.11.2025 КӨРНЕКТІ ҚАЛАМГЕРМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ Абай университетінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ғалым, ұстаз, 1973 жылғы университеттің танымал түлегі Нұрдәулет Ақыштың 75 жылдығына арналған «Ардагер қаламгердің асулары» атты әдеби кеш болып өтті. Кездесуге зиялы қауым өкілдері мен профессорлық-оқытушылар құрамы және студенттер қатысты. Мерейтой қарсаңында қаламгердің өнегелі өмір жолы, шығармашылық мұрасы, ескірмес естеліктері айтылып, мазмұнды туындылары туралы айтылды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Болат Үсенбай қаламгердің «Кемел адам» идеясының мән-маңызын жастарға түсіндірді. Университеттің талантты студенттері әуезді күй шертіп, жазушы шығармаларынан үзінді оқыды. Сонымен қатар, Нұрдәулет Бәбиханұлына өздерін толғандырып жүрген көкейдегі сауалдарын қойып, кездесу емен-жарқын еркін форматта өрбіді. Нұрдәулет Ақыш – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты. Ол республикалық «Жігер» жастар фестивалінің, Жамбыл Жабаев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты және «Құрмет» орденінің иегері. Ол – қазақ прозасында жаңа көркемдік өріс ашқан, адам жанының терең қатпарларын бейнелеуде өзіндік қолтаңбасын қалыптасқан жазушы. Нұрдаулет Бәбиханұлы 1969–1973 жылдар аралығында қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің филология факультетінде білім алып, қазақ тілі мен әдебиетінің қыр-сырын меңгерген. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, әскери борышын өтеуге аттанып, кейін туған өлкесіне оралады. Мұнан кейін аудандық оқу бөлімінде инспекторлық қызмет атқара жүріп, шығармашылыққа бет бұрған. Өмір жолында «Мектеп», «Жалын», «Балауса» баспаларында және «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі» сияқты басылымда редактор, журналист болып қызмет атқарған. Жазушының «Жұмбақ іздер» (1977), «Таң алдындағы дабыл» (1985), «Батпақты тоғай басында» (1986), «Киелі көлдің қарақшылары» (1987) шығармалары кезінде жүлделерге ие болған. Оның шығармалары психологиялық тереңдік, философиялық тұспал мен рухани кодты ашуға бағытталған. Оның әңгімелері – ұлттық сана, ар-ождан, заман мен тұлға арасындағы қақтығыстардың философиялық айнасы іспетті.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|