қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
20.11.2025

БІЗДІҢ ҒАЛЫМДАР ИНДОНЕЗИЯНЫҢ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ДӘРІС ОҚЫДЫ


Абай университеті әлемнің 160-тан астам жетекші жоғары оқу орнымен әріптестік ынтымақтастық орнатқан. Халықаралық аренада академиялық ұтқырлық бойынша тәжірибе алмасу жолында табысты жұмыс істеп келеді. Мәселен, осы бағытта бүгін қарашаңырақ ғалымдары Индонезияның Паданг мемлекеттік университетінде дәріс оқыды.

 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі нысаналы қаржыландыру бағдарламасы мен гранттық қаржыландыру жобаларының аясында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ғылыми қызмет және инновациялар жөніндегі проректоры, PhD Ертай Сұлтан және университет ректор аппаратының басшысы, саяси ғылымдарының кандидаты Жанатбек Ішпекбаев Индонезияның Паданг мемлекеттік университетінде жүр. Саяси ғылымдарының кандидаты Жанатбек Ешенқожаұлы «Постқалыпты кезеңдердегі исламның рухани, мәдени, саяси және әлеуметтік құбылыс ретіндегі ықпалы мен келешегі: Таяу Шығыс пен Орталық Азия тәжірибесі» атты мазмұны терең дәрістер сериясын оқыса, философия докторы Ертай Сұлтан «Әдебиеттегі жасанды интеллект негіздері: негізгі механизмдерді, салдарын және болашақ траекторияларын ашу» тақырыбында зияткерлік өрісі кең дәрістер легін ұсынды.

 

Дәрістерге Паданг университетінің Әлеуметтік ғылымдар факультетінің, Исламтану кафедрасының, сондай-ақ Инженерлік факультеттің профессор-оқытушылық құрамы, әкімшілік өкілдері, докторанттары мен студенттері қатысты. Қазақстан ғалымдарының ғылыми салмағы мен ой тереңдігі қатысушылар тарапынан үлкен қызығушылық тудырды.

 

Сапар барысында екі жоғары оқу орны өзара маңызы зор бағыттарды талқылап, ықпалдастықты тереңдетуге ниет білдіріп отыр. Тараптар түрлі мамандықтар бойынша студенттік академиялық ұтқырлық бағдарламаларын жолға қою, бірлескен докторантура бағдарламасын әзірлеу, сондай-ақ ғылыми журналдарда интеграциялық жарияланымдар жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырды.

 

Бұл ғылыми сапар ҚР ҒжЖБ министрлігінің нысаналы қаржыландыру бағдарламасы мен гранттық қаржыландыру жобалары бойынша жүзеге асты.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі


  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=