қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
25.11.2025

 

 

 

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІ «QS EURASIA FORUM – 2025» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМЫНДА

 

Абай университетінің делегациясы Басқарма төрағасы-Ректор Б.А. Тілептің басшылығымен 25-26 қараша аралығында өтетін «QS Eurasia Forum – 2025» халықаралық форумына қатысу үшін Ташкентке барды. Central Asian University базасында ұйымдастырылған халықаралық шараға көптеген елдің министрлері, Еуразияның жетекші университеттерінің ректорлары мен сарапшылары жиналған. Форум «Broadening Horizons: Building Global Bridges in Higher Education» тақырыбымен біріктіріліп, халықаралық байланысты нығайтуға, ғылыми-зерттеу коллаборацияларын дамытуға және жаһандық бәсекеге қабілетті білім беру ортасын қалыптастыруға арналған.


Форумды QS Quacquarelli Symonds президенті Нунцио Квакварелли ашып, Еуразияның әлемдік білім беру кеңістігіндегі артып келе жатқан рөлін атап өтті. Оның айтуынша, өңір жаһандық академиялық диалогқа белсенді қатысып қана қоймай, халықаралық байланыстардың нығаюы, технологиялардың енгізілуі және таланттарды дамыту есебінен жоғары білім берудің болашағын айқындайтын драйверлердің біріне айналып келеді.


Пленарлық отырыстарда өңірдің жоғары білім беру жүйесін дамытудың стратегиялық бағыттарын айқындайтын маңызды мәлімдемелер жасалды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстанның халықаралық позициясын нығайтып, 2029 жылға дейін 150 000 шетелдік студент тартуды көздейтінін айтты. Бұл мақсатқа ағылшын тіліндегі бағдарламаларды дамыту, зерттеу инфрақұрылымын кеңейту және жетекші шетелдік университеттермен серіктестікті арттыру арқылы қол жеткізбек. Ол заманауи білім беру экожүйесін қалыптастыру батыл реформаларды және жаһандық академиялық үдерістерге белсенді қатысуды талап ететінін жеткізді.


Іс-шара барысында өңір университеттерінің Шығыс және Батыспен серіктестік орнату, жаһандық рейтингтердегі көрсеткіштерді жақсарту, ғылыми ынтымақтастықты дамыту және болашақ сын-қатерлеріне бейімделу мәселелері талқыланды. Абай атындағы ҚазҰПУ делегациясы интернационалдандыру, білім беру бағдарламаларын жаңғырту, академиялық ұтқырлықты кеңейту және зерттеу әлеуетін арттыру бағытындағы тәжірибесін таныстырды. Басқарма төрағасы-Ректор Б.А.Тілептің Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия және Қазақстан жоғары оқу орындарының басшыларымен өткен пікірталастарға қатысуы жаңа байланыс орнатудағы бірлескен жобалар, зерттеушілер алмасу және QS рейтингтік бастамаларына қатысу сияқты ықтимал ынтымақтастық бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді.


Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «QS Eurasia Forum – 2025» форумына қатысуы университеттің халықаралық мәртебесін нығайтудың маңызды қадамы екені даусыз. Форум шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты тереңдетуге, ғылыми жобаларды дамытуға, шетелдік студенттерді тартуға және халықаралық рейтингтердегі позицияны жақсартуға жаңа мүмкіндіктер ашты. Кездесулер мен келіссөздердің нәтижелері университеттің жаһандық білім беру кеңістігімен интеграциясын күшейтіп, Еуразияның жоғары білімін дамытуға үлес қосуға жағдай жасайды. 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі

  alt=  

  alt=  

  alt=