қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
27.11.2025

 

ЖАСТАР ІСІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КИНО МӘСЕЛЕЛЕРІ СӨЗ БОЛДЫ

 

Бүгін Абай университетінде «Ұлттық кино: тәжірибе, даму, мүмкіндіктер» тақырыбына арналған университет түлегі, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КеАҚ Басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағалимен және белгілі актер, тележүргізуші Дастен Шәкіровпен кездесу болып өтті. Басқосуда қазіргі қоғамдағы патриотизм мен жастар тәрбиесіне байланысты құнды дүниелер сөз болды.

 

Кездесуді университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов ашып, мұндай іс-шаралардың студенттер үшін мән-маңызын түсіндіріп өтті. Университет түлегінің жеткен жетістіктері мен білім алған ортасы, студенттік шағы туралы емен-жарқын әңгіме болды.

 

Құрманбек Жұмағали жаңа заман талабындағы жастардың психологиясы, арман-мүдделері жөнінде сөйледі. Осы жоғары оқу орнында болған «Журналистика» мамандағына оқуға түсіп, 4 жыл білім алғанын айтқан ол, ұстаздарына деген құрметі шексіз екенін, мықты маман болуға ғана емес, жақсы адам болып қалыптасуына ықпал еткенін жеткізді. Сондай-ақ, ұлттық кинематографияның қазіргі даму үрдістері, отандық киноиндустрияның әлеуеті, жас мамандар үшін ұсынылатын мүмкіндіктер мен қолдау тетіктері турасында кең көлемді ақпарат берді. Ұлттық киноны қолдау орталығы үшін мұндай кездесулердің ерекше маңызға ие екенін жасырған жоқ.

 

– Біздің жұмысымыздың түпкі мәні тек фильмдерге қаржы бөлу немесе есеп жүргізу емес, біздің миссиямыз – елдің мәдени кеңістігінде жаңа буынды тәрбиелеу, ұлттық киноиндустрияның болашағын қалыптастыру. Бүгінгі таңда киногерлерге берілетін мемлекеттік қолдау жүйесі айқын және ашық. Ашық питчинг, сараптама кеңесі – бәрі талантты жастарға жол ашу үшін жасалған. Ең бастысы, жақсы идея, сапалы сценарий, жаңа көзқарас, кәсібилікке деген адалдық керек. Егер осылар болса – мүмкіндік те, қолдау да табылады. Кино – бұл үлкен еңбек, тәртіп, адалдық. Егер сіз осыған дайын болсаңыз – біз сізді қолдауға әрқашан дайынбыз», – деді Құрманбек Жұмағали.

 

Жылы жүздесу барысында студенттік жылдардың адам өміріндегі ерекше рөлi жайында да сөз қозғалды. Құрманбек Жұмағали өз сөзінде студенттік кезең – тек білім алу уақыты емес, шынайы достық қалыптасатын, өмірлік мақсат айқындалатын маңызды белес екенін айтты. Мақсатқа жету жолында кітап оқудың, үздіксіз білім алудың маңызына тоқталған университет түлегінің айтуына, адам ең алдымен өзіне дұрыс мақсат қоя білуі керек. Дұрыс бағыт таңдалса, оған жету үшін ең сенімді құрал – оқу, іздену, өзіңді тоқтаусыз дамыту. Білімді адам ешқашан жолынан адаспайды.

 

Ал белгілі актер, тележүргізуші Дастен Шәкіров студенттерге өз тәжірибесі мен киноға түсу жолындағы алғашқы қадамдарын, сахна мен экрандағы қызықты сәттерін баяндады. Студент жастарға әрдайым өз мүмкіндіктерін сынап көруді және армандарына батыл қадам жасау керектігін жеткізді. Бұдан әрі спикерлер студенттердің сұрақтарына жауап беріп, басқосу еркін әңгімеге ұласты.

 

Кездесу соңында Құрманбек Жұмағали университетке естелік ретінде арнайы картинаны сыйға тартып, қонақтар мен студенттер естелік суреттерге түсті.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі


  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=