қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
28.11.2025

АБАЙ ТІЛІНІҢ ФИЛОСОФИЯЛЫҚ ҚЫРЛАРЫ ЗЕРТТЕЛГЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай тілі: философиялық ой мен когнитивтік бейне» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Маңызды басқосуға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан елдеріндегі жетекші университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтарының ғалымдары мен абайтанушы зерттеушілер қатысты. Сондай-ақ, Түркия Республикасының Қазақстандағы елшісі Ұғұр Алтұндаш қатысып, конференцияның халықаралық деңгейін айшықтай түсті.


Конференция жұмысы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтанның алғы сөзімен ашылды. Ол Абай мұрасының бүгінгі рухани өміріміздегі ерекше маңызын атап, еңбектерін адамзаттың ізгілікке үндейтін рухани қазынасы ретінде бағалады.


 Абай – қазақтың жан-дүниесінің айнасы. Абай мұрасына бет бұру – өткенге тағзым емес, бүгінгі күннің рухани қажеттілігі. Өйткені Абай адамзатты ізгілікке үндейтін, жүрекке жылу кепілі. Бүгінгі басқосуда айтылатын әрбір ой, әрбір тұжырым Абай әлемін тереңірек тануға үлес болмақ,деді проректор.


Пленарлық мәжілісті Филология факультетінің деканы Алуа Таңжарықова жүргізіп, конференцияның мақсаты мен ғылыми бағыттарын таныстырды. Ол Абай тілінің философиялық, когнитивтік және мәдени қырларын жаңаша пайымдаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.


Шара барысында әртүрлі сала мамандары зерттеулерін ортаға салды. Саяси ғылымдарының докторы Жомарт Семтиков Абайдың моральдық-этикалық құндылықтарының қазіргі қоғамдағы мәнін талдап, ойшылды саясаттанушы ретінде тану қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, Түркияның Қыршехир Ахи Эвран университетінің профессоры Осман Қабадайы Түркі әлеміндегі ғылыми-мәдени ынтымақтастықтың дамуы мен аталған университетте ашылған Абай атындағы қазақ тілі, әдебиеті және мәдениеті орталығының жұмысымен таныстырды.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Абай ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, сыншы-ғалым Дандай Ысқақұлы «Абай және бүгінгі өмір» атты баяндама жасады. Абай идеяларын қазіргі қоғамдық санаға орайластыра талдап, ұлттық идеологияның негізгі көзі – Абай екенін, оны бүгінгі өмірмен байланыстырып оқу қажеттілігіне тоқталды. Ал Абай академиясының ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір Абай мұрасын зерттеу мен насихаттаудағы ғылыми-практикалық үйлесімділіктің маңызын айтты.


Коджатепе университетінің Қазіргі түрік диалектілері мен әдебиеттері кафедрасының доценті Ахмет Қараман Абайдың «Қара сөздеріндегі» көмекші етістіктердің тілдік және когнитивтік табиғатын зерттеген екен. Ол қазақ және түрік тілдеріндегі етістік жүйелерінің ерекшеліктерін салыстырып, қазақ тіліндегі көмекші етістіктердің семантикалық реңктерінің аудармада дәл берілу қажеттігін атап өтті.


Сондай-ақ конференция барысында Абай шығармаларындағы философиялық ойдың тілдік бейнесі, когнитивтік құрылымы, ұлттық руханиятпен байланысы және абайтанудың халықаралық кеңістікте дамуы жан-жақты қарастырылды. Форум Абай мұрасын заманауи әдіснамалармен зерттеуге, жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыруға тың серпін берді.


Абай университетіндегі Филология факультеті мен оған қарасты Қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен өткен бұл халықаралық шара бірнеше жылдан бері Абай мұрасын насихаттауға бағытталған жүйелі ғылыми-әдістемелік жобаларды жүзеге асырудың жалғасы болып табылады.


Халықаралық жиын Абай мұрасының тілдік, философиялық және мәдени мазмұнын жаңаша қырынан таныстырып, түркі әлемі ғалымдарының өзара ғылыми ынтымақтастығын нығайтты. Университет басшылығы алдағы уақытта да Абайтану бағытындағы халықаралық жобаларды жалғастыра беретінін мәлімдеді.

 

 Абай атындағы ҚазҰПУ

 

Баспасөз қызметі


  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=