
Негізгі бет
Жаңалықтар
28.11.2025
ДҰРЫС ТАҢДАУ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ
Бүгін Абай университетінде «Заң мен тәртіп» бағдарламасының аясында «Дұрыс таңдау – жарқын болашақ кепілі» атты профилактикалық семинар өтті. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми орталығының Психологиялық зертхана меңгерушісі Жұлдызай Алиева және заңгер маман, қауымдастырылған профессор Гүлайна Османова құмар ойынның қауіп-қатерін талдады. Қазіргі қоғамның кеселіне айналған лудоманияның психологиялық, әлеуметтік және қаржылық қатерлері туралы студент жастарға түсіндірілді. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» бағдарламасы еліміздің әрбір азаматының қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруін көздейді. Әсіресе жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң тармақтарын сақтау, қоғамдық қауіпсіздік пен жауапкершілікті түсіндіру аса маңызды. Ойынқұмарлық зияны мен қауіп-қатерін терең түсінбей жатып, жасалатын қателіктен сақтау – баршамызға ортақ міндет. Клиникалық психолог Жұлдызай Алиева бұл мәселенің алдын алу үшін профилактика жүргізудің маңыздылығына тоқталды. – Лудомания профилактикасы өте маңызды. Өйткені құмар ойындарға патологиялық әуестік көбінесе жасырын түрде дамып, салдары айқын болғанда ғана анықталады. Құмар ойынға адамның тәуелділігі оның қолжетімді болғандықтан жылдам жетіледі. Тіпті, кездейсоқ құмар ойынға қатысу біртіндеп тәуелділіктің артуына әкеледі. Сондықтан, профилактика жұмыстары халықты тәуекелдер туралы хабардар етіп, өзін-өзі реттеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді, – деді Жұлдызай Мұратбекқызы. Ойын құмарлықтың заңнамалық салдары, жастарды қаржылық және құқықтық тәуекелдерден қорғау тетіктері туралы заңгер маман Гулайна Османова баяндама жасады. Еліміздегі заңсыз ойын бизнестерінің белгілері, оған қатысудың жауапкершілігі және адам өз құқығын қорғау жолдары туралы түсіндірді. Қоғамдық кеселмен күресудің де оңай жүзеге аспайтынына мамандар айрықша тоқталды. – Лудоманияны емдеу – бірнеше маманның араласуымен жүзеге асады және тез арада нәтиже бермейді. Тіпті, дәрі-дәрмекті де қолданатын жағдайлар болады. Ол адамның ұйқысын бұзып, тамаққа тәбеті тартпай, мінез-құлқында тез ашуланғыш, өкпелегіштік қасиеттерді өршітуі мүмкін. Кейбір жағдайларда тіпті лудоманияға шалдыққан адамдар өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Сондықтан, мұндай жаман әдеттен, жылдам ақша табамын деген ойдан әрдайым аулақ болыңыздар, – деді клиникалық психолог. Жиын соңында студенттер сұрақтарына жауап тауып, әлеуметтік желідегі арзан жарнама мен ақшалай сыйлық беретін ойындардан аулақ болу керегін түсінді. Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|