қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
03.12.2025

 

«АДАЛДЫҚ – ПАРАСАТТЫЛЫҚТЫҢ ЖОЛЫ!» АТТЫ

ІС-ШАРА ӨТТІ

 

9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні қарсаңында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде адалдық қағидаттарын нығайтуға бағытталған мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Университеттің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс қызметі мен Өнер факультеті бірлесе өткізген осы бастама аясында студенттердің қатысуымен бірқатар танымдық және тәрбиелік бағыттағы жұмыстар атқарылды.


Өнер факультеті әзірлеген көрме студенттердің азаматтық позициясын айқын көрсеткен ерекше форматтардың бірі болды. Онда қатысушылар қоғамдағы әділетсіздік пен парақорлық мәселесін шығармашылық тілмен бейнелеп, өз көзқарастарын көркем композициялар арқылы жеткізді. Жас суретшілердің туындылары университет ұжымына да, келген қонақтарға да терең ой салды.


Кездесуді Абай университетінің аппарат басшысы Жанатбек Ішпекбаев ашып, оқу орнында адалдық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқанын атап өтті.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Әділдікті тек заңмен емес, санамен бекіту қажет, – деді ол.

 

Басқосуға арнайы келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің экс-төрағасы Алик Шпекбаев жастарға адал еңбек пен білімнің маңызын түсіндіріп, тұлғалық жауапкершілік туралы ойын айтты.

– Бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаты – жазалау емес, алдын алу. Егер бүгін әділ жолды таңдауды әдетке айналдырсаңыздар, ертеңгі кәсіби өмірлеріңізде де соны жалғастырасыздар. Емтиханда да, қызметте де жеңіл жолды емес, шынайы білімді таңдаңыздар, – деді Алик Шпекбаев.

 

Жиын барысында Өнер факультеті студенттерінің шығармашылық байқауындағы үздік жұмыстары бағаланып, жеңімпаздар марапатталды. Сонымен бірге университеттің түрлі факультеттерінен құралған студенттік театр ұжымдары сыбайлас жемқорлықтың қоғамға келтіретін зиянын сахналық көріністер арқылы көрсетті. «Qaganat» студенттік театрының «Жемқорлық» атты жаңа қойылымы көрерменге терең әсер қалдырды. Онда парақорлықтың адам тағдырына және қоғам дамуына тигізетін салдары көркем жеткізілді.

 

Кездесуге қатысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент өкілі Айдана Нұрмағамбетова студенттерге құқықтық мәдениетті қалыптастыру, парасатты ұстанымдарды бойға сіңіру туралы кеңес берді.

 

Абай университетінде өткен бұл маңызды бастама жастар арасында адалдық пен әділдік идеяларын насихаттап қана қоймай, олардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға ықпал етті.

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі

 

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=