қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
03.12.2025

БІЗДІҢ ҒАЛЫМДАР ШАНХАЙДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ

  

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің делегациясы 2025 жылғы 27 қараша мен 9 желтоқсан аралығында Қытайдың Шанхай қаласында ұйымдастырылған «One Belt – One Road Shanghai Exchange Project» халықаралық тәжірибе алмасу бағдарламасына қатысып жатыр.

 

UNESCO-TEC ұйымдастырған «Белдеу мен жол» 2025 алмасу жобасы: STEM, Жасанды интеллект және Әлеуметтік-эмоциялық даму» халықаралық бағдарламасы мұғалімдерді даярлау мен біліктілікті арттырудағы әлемдік тәжірибені зерттеуді; университеттер, зерттеу орталықтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуді; әр елдің педагогикалық білім беру жүйесін халықаралық деңгейде таныстыруды мақсат етеді.

 

Бүгін Абай университетінің ғалымдары Жанна Жүсіпова мен Зәуре Смаилова Қазақстанның педагогикалық білім беру жүйесінің даму бағыттары мен зерттеуге негізделген оқыту моделінің ерекшеліктері бойынша сөз сөйлеп, халықаралық серіктестікті кеңейтудегі Абай университетінің стратегиялық даму көрсеткіштерін жан-жақты таныстырып, ғылыми инновациялық тәжірибелері және халықаралық серіктестік мүмкіндіктері жөнінде баяндама жасады. Академиялық мобильділікті дамыту негізінде студенттер мен жас зерттеушілер арасында тәжірибе алмасуды кеңейту, біліктілікті арттыру бағдарламаларын бірлесіп іске асыру, AI қолдану бойынша арнайы модульдер әзірлеу т.б. ұсыныстар айтылды.

 

Қытай тарапы Орталық Азия консорциумын құру мәселесін көтеріп, педагогикалық білім, STEM, AI және мұғалімдердің үздіксіз дамуы бағытында бірлескен алаң құруға шақырып отыр.

 

Орталық Азия өңірінде AI бойынша бірлескен оқу орталығын құру идеясы – платформа ретінде мұғалімдерге ортақ ресурстарды пайдалануға мүмкіндік беріп, университет – мектеп – өнеркәсіп үшжақты экожүйесін дүниеге әкелу үшін тиімді болмақ.

 

Қатысушыларға AI саласында алға кеткен Қытай мектептеріндегі ақпараттық технологияларды оқу процесінде қолдануға байланысты практикалық ерекшеліктер де көрсетілді. Бағдарлама аясында Абай университетінің делегациясы Қытайдың жетекші университеттерімен және ғылыми орталықтарымен кездесулер өткізіп, бірлескен жобалар, студенттік және ғылыми академиялық тәжірибе алмасу, қос дипломды бағдарламалар мен тағылымдамалар бойынша жаңа серіктестік мүмкіндіктерін талқылады.

 

Әлемнің 14 елінен келген қатысушылар қазақстандық педагогикалық білімнің дамуына, университеттің ғылыми әлеуетіне және әлемдік білім беру кеңістігімен интеграциясына жоғары қызығушылық танытты.

 

Іссапар аясында университет пен Қытай жоғары оқу орындары арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жаңа қадамдар жасалғанын айта кету керек.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі


  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=