
Негізгі бет /
БАҚ біз туралы
10.12.2025 ЖИ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫ САУАТТЫЛЫҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН СЕМИНАР ӨТТІ
Бүгін Абай университетінің ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект және цифрлы сауат: жалған ақпаратпен күрестегі жаңа сын-қатерлер» атты X Орталық Азия журналистика семинары өтті. Жиын Халықаралық ақпаратқа жалпыға бірдей қол жеткізу күніне орай, БҰҰ-ның 2025 жылға арналған «Жасанды интеллект, электрондық басқару және ақпаратқа қол жеткізу» жаһандық тақырыбын қозғады. Іс-шара барысында ғалымдарының отандық жалған ақпарат пен дезинформация индикаторларын анықтауға бағытталған зерттеу нәтижелері таныстырылды. Біріккен ұлттар ұйымының ғимаратында өткен ғылыми жиынды университеттің Зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан ресми түрде ашып, «Жасанды интеллект дәуіріндегі цифрлық сауаттылық» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ, жиынға шетелдік университет ғалымдары, еліміздегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті және «Тұран» университетінің зерттеуші ғалымдары қатысты. – Бүгін біз ғылыми нәтижелі жетістіктің жария болуына куә болып отырмыз. Бұл жасанды интеллект және цифрлық сауат бағытындағы Ғылым және жоғары білім министрлігі қаржыландырған үлкен жоба. Зерттеу жұмысы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасында басталып, қазақ білім-ғылымының қарашаңырағы Абай атындағы ҚазҰПУ-да аяқталып жатыр. Бұл екі университеттің ортақ жетістігі. Бір оқу орнында теориялық тұрғыдан зерделеніп, екінші университетте тәжірибелер жүзеге асып, «RasInfo» ресурсы дайындалды. Бұдан кейін де осындай екі жақты бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізіліп, жаңа жобалар жүзеге асады деп сенемін, – деді проректор Ертай Сұлтан. Қазіргі таңда ақпараттық фактчекинг тек қана БАҚ мамандары ғана емес, жалпы ақпаратты тұтынушы тұтас қоғамға қажетті дағдыға айналған. Әлеуметтік желі мен интернетте жарияланған деректің шындық немесе жалған екенін анықтау керек. Осыған орай ғалымдар жасанды интеллект арқылы жалған ақпаратпен күресетін құрал дайындап, «RasInfo» мобильдік цифрлы сауат ашу ресурсын әзірлеген болатын. Ғылыми жиын барысында аталған ресурс жұртшылыққа таныстырылып, бүгінгі күні 300-ге жуық пайдаланушы тіркелгені айтылды. – «AI-Derek» жасанды интеллект арқылы интеграцияланған «RasInfo» мобильді қосымшасы қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі цифрлық сауат пен фактчекингке арналған интерактивті ресурс. Аталмыш мобильді ресурс көпшіліктің ЖИ ғасырында цифрлық сауатын арттырып, жаһандық ақпараттық фактчекингке үйретеді. Сонымен қатар, бүгін цирфлық сауатқа бағытталған ұжымдық ғылыми монографияның тұсауы кесілді. Бұл ғылыми-әдістемелік басылымдар журналистер, ғалымдар, оқытушылар мен студенттерге, сондай-ақ көпшілік оқырманға арналған, – деді Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Гүлмира Сұлтанбаева. Отандық және шетелдік зерттеуші ғалымдар конференцияда баяндама жасап, ЖИ-дің ақпараттық фактчекинг мәселелеріне байланысты сын-қатерлерін сарапқа салды. Оның ішінде бейне, дауыс, фотоның шындыққа жанасатынын анықтайтын мобильді ресурстың маңызы зор екені айтылды.
05.12.2025 Ақпарат көзі: kazgazeta.kz
|