қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
19.12.2025

ЖАС ЗЕРТТЕУШІЛЕР АРАСЫНДА AI-ХАКАТОН БАЙҚАУЫ ӨТТІ

 

Бүгін Абай университетінде жасанды интеллектке негізделген AI-Хакатон ғылыми жобалар байқауы өтті. Мұнда жас зерттеушілердің коммерцияландыруға бағытталған тың жобалары таныстырылды. Бұл ­– тікелей мемлекеттік AI-SANA бағдарламасы негізінде жүзеге асырылған жоба. Байқау қатысушылары жасанды интеллект арқылы педагогика саласына қажетті бағдарламалар мен чат-боттар дайындаған.

«AI-Sana» бағдарламасы – студенттердің жасанды интеллект саласындағы дағдыларын дамытуды көздейді. Сол арқылы ұлттық экономиканың әлеуетін арттыруға, технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. AI-Хакатон байқауының ақтық мәресіне өткен қатысушылар «ABAI FUTUREAI», «ЖИ-ментор», «Unitalk» «PortAI» сынды ғылыми жобалар ұсынды. Мысалы, «ABAI FUTUREAI» бағдарламасында ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының өмірбаяны, нақыл сөздері, өлеңдері, қара сөздері және Абайтану дәрістері топтастырылған. Ақынның өмірбаяны бойынша ЖИ арқылы бейнеролик дайындалып, қара сөздері қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдерінде таспаланған.

Байқаудағы тың жобаның бірі ­– студенттің академиялық адалдығын қолдайтын және өзіндік зерттеуін ынталандыратын «ЖИ-ментор». Ол телеграм қосымшасында жұмыс істейтін чат-бот. Бүгінде әлемге танымал ChatGPT платформасынан білім алушылар дайын ақпаратты көшіріп логикалық, сыни ойлау қабілеттерін төмендетуде. Осыған байланысты, «ЖИ-ментор» – студентке мәтіндік ақпарат емес, зерттеу үшін кітаптар мен дереккөздер тізімін, зерттеу құрылымын ұсынады. Бұл – ойлауға бағыттайтын құрал.

Сонымен қатар, «Unitalk» білім сапасын арттыруға бағытталған жобасы таныстырылды. Мұнда студенттер түрлі пәндер бойынша репетиторларды тауып, онлайн сабақ уақытын таңдауға мүмкіндігі бар. Тек қана дипломы бар мамандар ғана емес, мұнда білімді студенттер де оқушыларға репетитор болып жұмыс істей алады. Жобада жасанды интеллект оқушының білімін саралауға, деңгейін анықтауға сұрақтар дайындайды.

Жасанды интеллект арқылы мұғалімнің студенттің орындаған тапсырмасын тексеруге көмектесетін «PortAi ­цифрлық көпір» жобасы да таныстырылды. Әсіресе, суретші студенттер мұғалімнің жетекшілігін қажет етеді. Ал топтық сабақ кезінде барлық білім алушыға жалғыз мұғалім үлгере алмауы мүмкін. Осындай сәтте «PortAI» құрылғысы арқылы студент өз туындысын дамытуға ой қосып, идеялар ала алады.

Сондай-ақ, бұл байқауда «ABA» құрамасы білім беру ұйымдарындағы сабақ кестесін құратын «UniSched AI» жобасын бәйегеге қосқан екен. Мұнда мұғалімдер мен пәндерді зерделеп, аудиториялар базасын енгізе отырып, ЖИ тиімді сабақ кестесін дайындап береді. Сол арқылы барлық мектеп, колледж, университет кейбір мәселелердің түйінін шеше алады.

Байқау қорытындысы бойынша Толқын Ділдәбек және SmartAi құрамасы ынталандыру сыйлығын ие болды. Ал жүлделі 3-орын (200 000 тг) Парінбай Нұр иеленсе, 2-орынға (300 000 тг) «АВА» құрамасы лайық деп танылды.

Топ жарып, оқ бойы озық шыққан Unistars құрамасы бірінші орынды (500 000 тг) қанжығасына байлады.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=