қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
19.12.2025

БЕЙСЕН ҚҰРАНБЕК АТЫНДАҒЫ ЕРІКТІЛЕР БАЙҚАУЫ ӨТТІ

 

Абай университетінде «Қамқорлық арқылы әлем: еріктілік және қайырымдылық» тақырыбында Бейсен Құранбек атындағы әлеуметтік-педагогикалық қорытынды байқау өтті. Бейсен Құранбектің әлеуметтік мұрасын, оның қайырымдылық пен риясыз қызметке негізделген өмірлік ұстанымын студент жастар арасында кеңінен насихаттауға бағытталған іс-шараны «Мейірім» еріктілер клубы ұйымдастырды.

 

Еріктілік – бұл тек әлеуметтік құбылыс емес, саналы түрде таңдалған өмір салты болғандықтан, оның ішінде қайырымдылықты адамның бойына ерте жастан сіңіру қажет. Бұл өскелең ұрпақты жастайынан жақсылық жасауға тәрбиелеу үшін аса маңызды. Байқау осындай студент жастар арасында еріктілік пен қайырымдылық құндылықтарын кеңінен насихаттауды мақсат етеді.

Байқауды университеттің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақауов ашып, қатысушы студенттерге ақжолтай тілегін жеткізді. Ол Бейсен Құранбектің еріктілік пен адамгершілікке негізделген қоғамдық қызметі бүгінгі жастар үшін үлгі екенін атап өтті.

Еріктілер сайысында радио және тележүргізуші Мақсат Ержанұлы, Алматы қалалық адвокаттар алқасының қорғаушысы Нұрбол Батырбай, Арнайы педагогика кафедрасының профессоры Кәміл Малдыбаев, «Жібек жолы» телеарнасының тілшісі, «Еріктілер лигасы» қозғалысының белсендісі Сая Әбдіғаппар қазылық жасады.

 

Байқау педагогикалық және әлеуметтік бағыттағы білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан 1-курс студенттері арасында ұйымдастырылды. Қатысушы командалар еріктілік пен қайырымдылық бағытында әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өткізіп, өз бастамаларын нақты іспен дәлелдеді. Бұл олардың азаматтық жауапкершілігін арттырып, қоғамға қызмет ету мәдениетін қалыптастыруға ықпал етті.

 

Құжаттарын ғаламтор арқылы тапсырған қатысушылар сұрыптаудан кейін 4 кезеңнен тұратын негізгі қортынды бәсекеде өзара мықтыларды анықтады. Бірінші кезеңде Бейсен Құранбектің «Қарекет» бағдарламасына негізделген зерттеушілік контент-талдау жобаларын қорғап, содан соң «Еріктілік жүрек – біз сонда өмір сүреміз» тақырыбында бейнеролик арқылы топтарын таныстырды. «Мейірім жолымен» атты III кезеңде атқарған нақты қайырымдылық акцияларын көрсетіп, соңғы кезеңде Бейсен Құранбектің өмірі мен қызметіне арналған блиц-сұрақтарға жауап берді.

 

Қорытынды нәтижелер бойынша І орынды «Арнайы Support» тобы ұтып алып, 50 000 теңге қаржылай сыйлықты қанжығасына байлады. ІІ орынды бөліскен «Үміт шамы» мен «Жан Тұғыры» – 40 000 теңгеден сыйлық алса, ІІІ орынды бөліскен «Ізгі істер әлемі» мен «Шапағат» командалары 30 000 теңгелік марапатқа ие болды. Сондай-ақ, байқаудың бас демеушісі – Қазақстандағы Xerox корпорациясының уәкілетті серіктесі, Алматы қаласы бойынша жедел полиграфия, дизайн және жарнама орталықтарының желісінің басшысы Виктор Бойко Халықаралық еріктілер күніне арнап, университеттің барлық белсенді ерікті студенттеріне «Ең үздік еріктілер тобына» – 55 000 теңге, «Ең үздік қайырымдылық жұмысқа» – 55 000 теңге  көлемінде  арнайы ынталандыру сыйлықтарын табыс етті.

 

Қайырымдылық пен риясыз қызмет – бір күнде қалыптаспайтын, саналы түрде таңдалатын өмір салты. Осы тұрғыдан алғанда жастарды еріктілікке баулу – бүгінгі қоғам алдындағы маңызды міндет. Сол жауапкершілікті студент жастардың бойына сіңіруге бағытталған бұл байқау алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өтіп тұрмақ.

19.12.2025

Дереккөз:7-su.kz