қазақша · русский · english
 
 
 
18.09.2023

Университет ғалымдары мен студенттері халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысты

 

  alt=  

 

Университеттің белгілі ғалымдары мен студенттері Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты ұжымы ұйымдастырған «Қазақстан тарихының деректануы: архивтік қорлар, эпиграфиялық ескерткіштер» халықаралық ғылыми конференцияға қатысты. Конференция белгілі ғалым, Қазақстанның шетелдік тарихнамасының негізін қалаушы Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтың 85 жасқа толуына орай өткізілді.

 

Университет ғалымдары академик М.Қ. Қойгелдиев, профессор Ғ.Қ. Халидуллин ғалымның шоқайтануға қосқан үлесі жөнінде баяндады.

 

Ал Тарих және құқық институтының Әлем тарихы кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, К.Л. Есмағамбетовтың шәкірттерінің бірі Айткүл Махаева «Профессор Көшім Есмағамбетов Қазақстанның шетелдік тарихнамасының негізін қалаушы ретінде» деген тақырыпта ғылыми баяндама жасады. Өз баяндамасында профессор А.Ш. Махаева: «Көпшілік оқырмандарының көңілінен шыға білген Көшім Лекерұлының қаламынан 500-ге жуық ғылыми-танымдық мақала, сондай-ақ бірқатар кітаптар шықты. «Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасы (көне заманнан ХХ ғасырдың 90-жылдарына дейін) деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, ғалым атанған Көшім Лекерұлының әр еңбегі, оның қаламынан шыққан әр туындысы қазақ оқырмандары арасында тез таралып кететін, кітап дүкендерінен де оңайлықпен таптырмайтын, өйткені үлкен сұранысқа ие болып шыға келетін. Сонымен бірге қолдан-қолға өтіп, танымал бестселлерге (best seller) айналып шыға келетін-ді. Қаламгер үшін, тарихшы үшін бұдан артық қандай құрмет, қандай бақыт болады?! ... Батыс әлеміне қазақтың ұлы перзенті Абайды таныстырған алғашқы американдық саяхатшы Дж. Кеннан (George Kennan, 1891) болғанын алғаш қазақ оқырмандарына жеткізген де К.Л. Есмағамбетов болатын. Дж. Кеннан Абайдың Батыс философиясын ден қойып оқитындығын айтып, таңқалғанын да Көшім Лекерұлының еңбектері арқылы білдік», - деп көрсетті (Баяндаманың толық мәтіні жарияланды: қараңыз https://e-history.kz/kz/news/show/339462).

 

Конференцияға Тарих және құқық институтының «Тарих-география» мамандығында оқып жатқан 70-ке жуық 3 курс студенттері онлайн қатысып, ғалым-профессор К.Л. Есмағамбетовтың өмірі мен шығармашылығы, шетелдік зерттеушілер еңбектері туралы мол мағлұмат алғандарын айтып тарады.

 

  alt=  




Кері оралу