![]()
22.08.2025 ҚазҰПУ-да әлемге танымал ғалымдардың дәрістері өтеді
2025 жылдың қыркүйек айында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде әлемге танымал ғалымдар Клеа Фернандез және Марк Узан дәріс оқып, студенттер мен жас ғалымдармен, педагогикалық қауымдастық өкілдерімен тәжірибе алмасады. Бұл бастама университеттің кәсіби диалог алаңын қалыптастырып, Қазақстандағы білім беру жүйесінің жаңа қырларын ашуға ықпал етуді көздейді.
Сарапшылардың идеялары қазіргі заманғы білім беру құрылымын ғана емес, сондай-ақ жаһандық қаржы мен экономиканы түсінудің тың тәсілдерін ұсынбақ.
Клеа Фернандез - білім беру жүйелерін трансформациялау жөніндегі халықаралық сарапшы, Lesson Study зерттеушісі және Макото Йошидамен бірге жазған «Lesson Study: A Japanese Approach to Improving Mathematics Teaching and Learning» атты еңбектің авторы. Ол сонымен қатар әлемнің жетекші жоғары оқу орындарына арналған инновациялық бағдарламалардың әзірлеушісі ретінде танымал.
Марк Узан - жаһандық қаржы және экономика саласының беделді маманы, жетекші аналитикалық платформалардың негізін қалаушы әрі халықаралық форумдарда танымал спикер.
Алдағы айларда ҚазҰПУ студенттері, магистранттары мен докторанттары әлемдік деңгейдегі сарапшылардың дәрістеріне қатысып, ғылым мен білімдегі жаңа көзқарастармен танысатын болады. Іс-шаралар аясында семинарлар, шеберлік сыныптары мен воркшоптар, конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп, қатысушыларға тәжірибе алмасу мен кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік беріледі.
Сонымен қатар Абай атындағы ҚазҰПУ профессор-оқытушылар құрамына және жас ғалымдарға әлемдік деңгейде мойындалған мамандардың қатысуымен кәсіби диалог алаңын іске қосады. семестр бойы университет жаһандық идеялар мен пікірлер орталығына айналады.
|