қазақша · русский · english
 
 
 
Өткізілген іс-шаралар
20.11.2023

Студенттер күніне арналған «Музейдегі сол бір кеш» мәдени-танымдық іс-шара өтті

 

2023 жылдың 16 қарашасында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің қолдауымен, Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен студенттер күніне арналған «Музейдегі сол бір кеш» мәдени-танымдық іс-шара өтті

 

Шараның басты мақсаты - студенттерді халқымыздың тарихи-мәдени құндылықтарымен таныстыру, жастардың рухани білімін арттыру, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдау және музейдің жоғары оқу орындарымен байланысын нығайту. Сондай-ақ, аталмыш жоба ата-бабаларымыздан жеткен тарихи мұралар мен құндылықтарды құрметтейтін мамандарды қалыптастыруға, студенттердің музей қызметкерінің кәсібіне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.

 

«Музейдегі сол бір кеш» мерекелік іс-шараға Абай атындағы ҚазҰПУ студенттерінен өзге ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, ҚазҰАУ, ҚазҰҚПУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ, Халықаралық білім корпорациясының, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің және Алматы сән және дизайн колледжінің студенттері қатысты.

 

Жоба барысында студенттер арнайы шеберлік сабақтары мен «Домбыра пати» сайысына қатысып, Абай Құнанбайұлы, Махамбет Өтемісұлы және Біржан салдың халық аспаптарының көшірмелерінде ойнау мүмкіндігіне ие болды. Ал «Ойшылдар алаңы» ғылыми-танымдық ойынына қатысқан жастар тапқырлықтары мен білімдерін паш етсе, көңілді тапқырлар «Музей кубогі» үшін өткізілген КВН сайысында бақ сынады. Сонымен қатар, қатысушыларға арналған «Этно тақия» ЖК ұсынған ұлттық бас киімдер мен «Атоми» компаниясы ұсынған косметикалардың сатылым көрмелері ұйымдастырылды.

 

Сондай-ақ, шараның белсенді қатысушыларына музейдің алтын және антропология залдарына тегін билеттер сыйға тарту етіліп, байқаулар мен сайыс жеңімпаздарына алғыс хаттармен түрлі бағалы сыйлықтар берілді. Соның ішінде «Ойшылдар алаңы» ғылыми-танымдық ойынында университетіміздің студенттері 2-орын алып, алғыс хатпен марапатталды. Кеш соңы мерекелік концертке ұласты.

 

  alt=  

 

  alt=  




Кері оралу