қазақша · русский · english
 
 
 
Өткізілген іс-шаралар
10.03.2016

«ҚЫЗ - ҚЫЗҒАЛДАҚ, ӘЙЕЛ - КӨКТЕМ, АНА - ГҮЛ» 

Жұдырықтай жүрегіне жылылық пен ұлылық ұялаған арулар - өмірдің мәні. Олардың қоғамдағы, жалпы адамзаттың өмірінде алатын орны ерекше. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі күнге нығайып, әлем таныған абыроймен жетулеріне асыл аналарымыз, аяулы қарындастарымыз бен апа-әпкелеріміздің өлшеусіз үлес қосқандығы ақиқат. Университетімізде 2016 жылдың 4 наурызы күні Халықаралық әйелдере күні мерекесі қарсаңында «Қыз -қызғалдақ, әйел - көктем, ана - гүл!» мерекелік концерт өтті. Салтанатты кешке қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары қатысып, аруларымызға ән-шашу тарту етті. Концертті белгілі сатирик, «Тамаша» әзіл-сықақ театрының әртісі Нұржан Тутов жүргізіп, кеш көркін кіргізді. Мерекелік шараға университетіміздің ректоры Пірәлиев Серік Жайлауұлы қатысып, университет ұжымын шұғылалы көктемнің әсем мерекесімен құттықтап, жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары және мамандар даярлау саласындағы көп жылғы абыройлы еңбегімен ерекшеленген профессор-оқытушылар құрамы мен әкімшілік-шаруашылық қызметкерлерін марапаттады. Атап айтқанда, университеттің 1 қызметкері «Құрметті қызметкер» төсбелгісімен, 7 қызметкері «Үздік ұстаз» төсбелгісімен, 4 қызметкер «Үздік қызметкер» төсбелгісімен, 8 қызметкер университет ректорының «Құрмет грамотасымен», 7 қызметкер университет ректорының грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, университет ректорының №152 бұйрығына сәйкес 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай университеттің барлық штаттық қызметтегі қыз-келіншектері 15 000 (он бес мың) теңге көлемінде ақшалай сыйақымен марапатталды және қыз келіншектер қызмет ететін әрбір құрылымдық бөлімшелерге ректордың арнайы сыйлығы ретінде шай сервизі тарту етілді.
Мерекелік шарада ҚР Мәдениет қайраткері Құдайберген Бекіш, қазақы сазды халық құлағына жеткізе білген «Қоңыр» тобы, Серікбол Сайлаубек және Бұлбұл сынды әншілер өнер көрсетті. Сонымен қатар университетіміздің «Дарын» квартеті, «Жігер» тобы, «Кәусар» тобы, «Қарақат» би тобы, Еламанова Бағдат, Еркебек Ұлдана, Қазына Айтжанова, Төлеуов Ермек сынды талантты жастары өнер көрсетіп, үлкен ілтипатқа ие болды.

Кеш соңында университет атынан шараға қатысушы аруларымызға гүл шоқтары тарту етіліп, мерейлі мерекенің мәртебесін көтерді.

Тәрбие жұмысы, жастар саясаты және мемлекеттік тілді дамыту басқармасы

 

 




Кері оралу