қазақша · русский · english
 
 
 
Өткізілген іс-шаралар
22.11.2017

 

АБАЙ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ АҚЫНДАР МҮШӘЙРАСЫ


Жастарды адамгершілікке, қазақы тәрбиеге баулуға, жастардың ұлттық сана, рухани болмысын қалыптастыруға бағытталған өлең туындыларын жарыққа шығаруға, ұлттық патриоттыққа тәрбиелеу  мақсатында ағымдағы жылдың 18 қарашасы күні  Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің  бірлесе ұйымдастыруымен республикалық ЖОО студенттері арасында «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп...» атты жас ақындар мүшайрасы болып өтті.

 

Шараның басын Алматы қалалық Дін істері басқармасының басшысы Есенбеков Айдар Рахымжанұлы ашып, мүшәйраға қатысушы студенттерге сәттілік тіледі. Республиканың жетекші жоғары оқу орындары қатысқан бұл шығармашылық туындылар байқауына университетіміздің атынан Филология және көптілді білім беру институтының студенттері Лұқпанова Жансая және Әуезхан Баубек қатысып, өнер көрсетті.

 

Мүшайра қатысушыларының сөйлеу мәнерін, сөз шеберліктері мен ой ұшқырлығын салыстыра отырып, бағасын беруге жазушы - Қанат Тілеухан; ақын, журналист - Тоқтарәлі Таңжарық; теолог - Қайрат Құрманбай; ақын, «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры, Жазушылар Одағы басқарма бастығының  орынбасары - Жанарбек Әшімжан сынды ақын жазушылар қазылық етті.

 

Дінімізді сақтай отырып, дәстүрімізден адаспауға шақыратын бұл мүшәйраның  қорытындысы бойынша ІІІ орынды (100 000 теңге) Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Нұрқасым Елнұр жеңіп алса, ІІ орын (200 000 теңге)  Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенті Төлеухан Жүзікке бұйырды. Өзгелерден оқ бойы озық шыққан Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті Нұрбек Кеңесбайұлы     І-орынды жеңіп алып, 300 000 теңгелік қаржылай сыйақымен марапатталды.

 

Шара соңында әділ-қазылар алқасы жас ақындарға шығармашылық табыс тілеп, бүгінде дәстүрімізді дәріптейтін, жастарға патриоттық рух беретін туындылардың саны артқандығын айтып өтті. Жыр мүшәйрасына жиналған көрермендер жас ақындардың талантын тамашалап, ыстық ықыластарын қошеметпен білдірді.

 

  

 

  

 

  

 

 

Тәрбие департаменті

 




Кері оралу