қазақша · русский · english
 
 
 
Өткізілген іс-шаралар
05.02.2024

Абай университетінің студенттері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Берденовпен кездесті

 

2024 жылдың 2 ақпанында Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен «Құмар ойынының жастарға кері әсері» тақырыбында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Берденовпен кездесу өтті.

 

Іс-шараның негізгі мақсаты - жастардың арасында ойынқұмарлықтың алдын алу.

 

2023 жылғы 29 наурыздан бастап «Respublica» партиясының партиялық тізімі бойынша VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Руслан Берденов бүгінде өткір мәлімдемелерімен ел есінде қалған. Ол кәсіпкерлерге салынған қосымша қаржылық жүктеме, ҚТЖ-дағы жемқорлық схемасы, Салық кодексінде ҚҚС төмендету, теміржол жүк тасымалы жүйесіндегі ашықтық, туризмді дамыту, электронды коммерция жүйесін енгізу мәселелері бойынша ашық пікір білдіріп, шешілу жолдарын ұсынуда. Одан өзге соңғы уақытта жастар арасындағы құмар ойындарға тәуелділік тақырыбында жиі сөз қозғап, жастарды лудоманиямен күресуге шақырып жүр.

 

Кездесуді алғы сөзімен ашқан Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Ділдәбек Дидарбек бүгінде өзекті болып отырған лудоманияның жастар арасында да белең алып жатқанын және бұл кездесу студенттерге пайдалы болатынын тілге тиек етті. Ал ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Руслан Берденовпен жастардың арасында кең таралған қасіретті қатердің бірі - құмар ойынға әуестік мәселесіне ерекше тоқталып өтті.

 

Ресми дерек көздеріне сүйенсек, елімізде букмекерлік бизнес айналымы соңғы бес жылда 35 есе өскен. Тіпті тұтынушы несие нарығының кері көрсеткішінің басым бөлігін лудомандар құрайды деген ақпарт та бар. Ал суицидтің әрбір бесінші жағдайы құмар ойынына байланысты екен.

 

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты қазіргі жас буынның ғаламторға деген тәуелділігі күн артып өсіп келетінін баса айтты. Тіл үйреніп, спортпен шұғылданудың орнына, өскелең ұрпақтың әлеуметтік желіні қалт жібермей, өзінің өмірінен өзгенің өмірі қызығырақ көретіндіктерін де жасырмады.

 

Осы ретте Руслан Берденов шараға қатысушыларға жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанып, бос уақытын тиімді пайдаланып, жан-жақты дамуға шақырды. Сөз соңында студенттер көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, өзара еркін пікір алмасты. Ал ұйымдастырушылар тарапынан кездесу қонағына университеттің имидждік өнімдері табысталды.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты департаменті

 




Кері оралу