қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
09.01.2020

Болашақ дефектолог: ерекше балалардың еркін жəне шектеусіз болуына көмектескім келеді

 



«Мамандығым - педагог» айдары оқырмандарға жол тартты. Алғашқы сұхбатымыздың кейіпкері - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Педагогика жəне психология институтының үшінші курс студенті, болашақ дефектолог Тамирис Есенгелді. Жүрегі қалаған мамандығын 9 сыныпта оқып жүрген кезінде таңдаған бойжеткен ерекше балалардың бойына сенімділікті ұялатуға көмектескісі келеді.

 

Тамирис, өзің жөнінде және мамандығың туралы айтып берші. Дефектолог болам деп шешім қабылдауға не себеп болды?


Менің жасым 19-да. Дефектология саласына кездейсоқ адамдар келмейді. Мен бұл мамандықты жан дүниеммен қалап, шын жүрегіммен таңдап келдім. Болашақта қандай оқуға түсіп, немен айналысатынымды айқын білдім. Өйткені отбасымызда ерекше бала дүниеге келіп, оның қалай дамып келе жатқандығын және қандай қиындықтардың болатынын жақсы білемін. Сол сезім мені бала кезімде де, қазіргі таңда да дефектология саласының ілім-білімін игеруге жетелегендігін айтқым келеді. Айналамыздағы адамдардың ерекше жандарға деген көзқарастарын көрген сайын әркез сол сезімді бастан кешіремін.

 

Елімізде әртүрлі даму бұзылысы бар жандар үшін жұмыстар атқарылуда. Мүмкіндігі шектеулі жандарды өмірге бейімдеу және әлеуметтендіру жолында көптеген шаралардың жүзеге асырылып жатқандығы, әрине, қуантады. Бірақ бұдан да көбірек жағдай жасалғанын қалаймын және оған өз үлесімді қосқым келеді.

 

Мен қай кезде де балалармен жұмыс істегенді, оларға білгенімді үйретіп, нәтижесін көргенді жақсы көремін. Ерекше балалардың көзінен сенім ұшқынын көргім келеді, олардың өзін еркін ұстағанын қалаймын, мүмкіндіктерінің шектелмеуін сезіндіру үшін бар күш-жігерімді аямай көмектескім келеді. Бұл, әрине, мамандық таңдау барысында да маған ерекше әсер еткен факторлардың бірі болғаны анық.


Оқуың қалай жүріп жатыр? Оқу үдерісінде сені не қызықтырады, қандай пәндер ұнайды?


Университеттегі оқуды мектеп сабақтарымен салыстыруға келмейді. Мұнда оқу әдістері алуан түрлі, әрі қызық, әрі қиын. Сонымен қатар мұғалімдерден де жолым болды. Мұнда өз ісін жетік меңгерген, мол тәжірибесі мен терең білімінің арқасында студенттердің ыстық ықыласына бөленген білікті оқытушылардан дәріс алу бақытына ие болғанымды да атап айтқым келеді. Мұндай ұстаздардың алдына келген шәкірттердің жүрегін жандырып, санасына сәуле құятынына сенімдімін. «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, осындай педагогтарға еліктеп, ұқсағым келеді.

 

Пәндерге келетін болсақ, мені баланың ерте дамуына қатысты бағдарламалар мен арнайы білім беру сабақтары өте қызықтырады. Арнайы білім беру кафедрасындағы ұстаздарыма берген білімдері мен баға жетпес тәжірибелері үшін шынайы алғысымды білдіремін.


Мектепте балалармен сарамандық сабақтар өткіздіңіздер ме? Қандай да бір қиындықтар болды ма немесе бәрі жақсы болып, көңілдеріңізден шықты ма?


Иә, оқу барысы кезеңінде №1 есту қабілеті төмен балаларға арналған түзету мектеп-интернатында, №7 даму бұзылысы бар балаларға арналған түзету мектеп-интернатында, №116 жалпы білім беретін мектепте сараманнан өттік. Бұдан басқа түзету педагогикасының Ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығында және «Кеңес» кешенді оңалту орталығында болдық. Балалармен бірге болып, сабақ өткізу өте ұнады. Әр баланың бойында өзгелерден ерекшелеп тұратын қайталанбас қасиетін көре білдік. Аздаған қиындықтар да болды, мысалы, балалар басында жатырқап, бірден жақындай қоймады. Кейін бір-бірімізге үйренісіп, бауыр басып қалғанымыз соншалық, қимай қоштастық.


Дефектологтар, жалпы барлық педагогтар үшін балалармен қарым-қатынас жасау барысында олардың жан дүниесін терең түсініп, толғандыратын мәселелерін дер кезінде байқай білудің маңызы зор. Сенің ойыңша, педагогтың басты міндеті қандай?


Ең бастысы - баланың тілін тауып, онымен жақсы араласа білу деп ойлаймын. Ерекше бүлдіршіндер де қалыпты балдырғандар сияқты педагогтың мейірімі мен сезімін, қолдауын қажет етеді. Сондықтан бала жүрегіне жол таба білу - педагог қызметіндегі ең маңызды фактор.

 

Педагогикалық мамандықтарға негізінен мектепте орташа оқыған немесе ҰБТ-да төмен балл жинаған талапкерлер барады деген түсінік қалыптасқан. Өзің мектепте қалай оқып едің және тестілеуден қанша балл алдың?


ҰБТ-да 100 балл жинадым. Мектепте де жақсы оқыдым, ерекше аттестатпен бітірдім.


Абай атындағы ҚазҰПУ-ды неліктен таңдадың? Оқуға түсу қиын болған жоқ па? Дефектолог мамандығына оқуға тапсырғысы келетін талапкерлерге не айтар едің?


ҰБТ-ны жақсы тапсырып, қалаған мамандығымды таңдаған соң, қандай білім ордасында оқитынымды шешу қажет болды. Болашақта дефектолог болам деп шешкендіктен, осы мамандыққа оқытатын жоғары оқу орындарын іздестіре бастадым. Таңдауым бірден ҚазҰПУ-ға түсті, өйткені мұнда арнайы білім беру жүйесінің педагогтарын 1975 жылдан бері дайындайды екен. Оқуға түскелі үш жылдың ішінде мен нақты білім алдым, тамаша адамдармен және ұстаздармен таныстым. Осындай ордалы оқу орнын таңдауыма көмектесіп, жан-жақты қолдау білдіргені үшін ең алдымен Аллаға және ата-анама алғысым шексіз.

 

Оқуға түсем деушілерге қоршаған ортаң мен өміріңді жақсарту үшін таңдаған мамандығың бойынша жұмыс істеу үшін айрықша ниет, шыдамдылық пен табандылық тілеймін.

 

 

09.01.2020 ж.

Ақпарат көзі: edu.org.kz