қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
18.02.2020

Алматыда студенттер арасында республикалық жас ақындар айтысы өтті

 


 

Бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласынан келген Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті Аян Ниязбек жеңіп алды

 

Дүбірлі дода Хәкім Абайдың 175 жылдығы мерейтойына арналды. Мақсат - төл өнерімізді жаңғырту, айтыс өнерін кеңінен насихаттау, жас ақындардың суырып салмалық қабілеттерін шыңдау. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бастамасымен ұйымдастырылған айтыс биыл 4 мәрте өткізіліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

 

«Менің пірім- Сүйінбай» деп аталған республикалық жас ақындар айтысына еліміздің барлық өңірінен 60 астам ақын бағын сынап келді. 60 ақынның сөзін таразылап, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы финалдық бәйгеге аузымен құс тістеген 18 ақынды іріктеп шығарды. Ол қазақ өнерінің асыл шыңына айналған айтысқа мемлекет тарапынан қашанда қолдау бар екенін айтады.

 

«Бұл айтысты біз жыл сайын күтіп жүреміз. Себебі айтысқа келетін жас толқынның өкілдері осы ортадан шығады. Биыл да сол үмітіміз ақталды. Тек қана өзара әзіл-қалжыңдарын айтып қоймай, қазақ қоғамында болып жатқан үлкен құбылыстарға баға беріп, ақындық көркемдік сөзбен өрнек салынды», - деді «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер халықаралық одағы» басқармасының төрағасы Жүрсін ЕРМАН.

 

Былтыр жас ақындардың өнерін шыңдау мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универсиетінде «Оразалы Досбосынов» атындағы жас айтыскер ақындардың орталығы ашылған. Бүгінде осы орталық біраз игі істерге ұйытқы болып келеді екен. Соның бірі биылғы 4-рет өткізіліп отырған аламан дода.

 

«Айтыс біз үшін ерекше болатын себебі осы айтыстан жеңген жастар республикалық деңгейде үлкен өнерлерін көрсете беретін болады. Біздің университеттердің, білім беру орындардың мақсаты - бұлақ көрсең көзін аш дегендей, жас таланттардың көзін ашып, оларға мүмкіндік беру. Соны бір мысалы бүгінгі өтіп жатқан айтыс», - деді Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир БАЛЫҚБАЕВ.

 

Биылғы айтыстың тақырыбы - салмақты әрі ауқымы кең. Қазақтың бас ақыны - Абайға арналды. Екі жұп айтыста бір жағынан Сүйінбайдың дәстүрін айтса, екіншіден Абайдың ғұламалық ойларын жырлады.

 

«Бұл айтыстың басты ерекшелігі - іріктеу сайыстарында жеребе арқылы жұбымызды анықтап, шаппа-шап айтысып осы финалға өтіп отырмыз. Қарсыластар өте мықты, әр жақтан сайдың тасындай мықты студенттер жиналды», - деді Қазақ Ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті Мұхит БАБАҚҰЛ.

 

Айтыс қорытындысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласынан келген Қазақ Ұлттық өнер университетінің студенті Аян Ниязбек бас жүлдені қанжығасына байлап, 350 мың теңге сыйақы алды. Енді ол 18 наурыз күні Қызылжарда өтетін республикалық ақындар айтысына қатысады.

 

 

18.02.2020 ж.

Ақпарат көзі: almaty.tv