қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
18.04.2020

Такир Балықбаев онлайн-кездесу өткізді

 


 

2020 жылдың 16 сәуірінде Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Такир Балықбаев студенттермен, ата-аналармен және оқытушылармен онлайн-кездесу өткізді. Кездесу @abai_university Instagram парақшасында тікелей эфирде өтті.


Тікелей эфирде Такир Балықбаев әлемде және елімізде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланғанын және үкімет індеттің таралуын болдырмау үшін қажетті шаралар қабылдағанын атап өтті. Сонымен қатар ол университетте осы бағытта жасалып жатқан жұмыстар туралы айтты. Маңызды іс-шаралардың бірі оқу орындарын қашықтан оқыту форматына көшіру болып табылады.


Кездесу барысында білім беру үрдісіндегі қашықтан оқыту мәселелері, емтихандардың мерзімдері мен шарттары, оқуға жеңілдіктер, диссертациялар, тағлымдамалар туралы сұрақтар қойылып, жауаптар берілді. Тікелей эфирден кейін кездесуге қатысушылардың сұрақтарына талдау жасалып, толық жауаптар университет сайтында жарияланды.

 

«Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ағымдағы жылдың 16 наурызынан бастап толығымен қашықтан оқытуға көшті. Қазіргі уақытта жатақханада тұратын студенттер үйлеріне оралды, жатақханада тек 47 шетелдік студент тұрып жатыр. Қашықтан білім беру үдерісінде «Univer», «Moodle» жүйелері және басқа да ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қолданылады. Оқу кезінде оқытушылар мен студенттерде бірқатар қиындықтар туындады. Біріншіден, оқытушылар үшін қашықтан оқыту тәжірибесінің жетіспеушілігі. Мәселені шешу үшін университетімізде қашықтан оқытуға көшу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілді, қашықтан оқыту платформалары бойынша онлайн-вебинарлар ұйымдастырылып, онлайн-оқыту бойынша кезең-кезеңімен нұсқаулықтар берілді, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта оқытушылар жұмыстың оңтайлы және алуан түрлерін (видео сабақ, өзіндік жұмыс, онлайн курстар) қол жетімді ақпараттық-коммуникациялық технологияларды (WhatsApp және Telegram, Zoom, Moodle, скайп, электронды пошта және т.б.) қолдану арқылы дағдыларын қалыптастыруда. Сонымен қатар біз оқытушыларды қағазбастылық пен есептік жүктемелерден босаттық. Екіншіден, ауылдық жерлерде тұратын студенттерімізді интернет және техникалық құралдармен қамтамасыз ету мәселелері жеке қарастырылып, университет барлық жағдай жасауда».


Жазғы сессияда емтихандар «Proctoring» жүйесінде онлайн-тест түрінде (тестілеуді онлайн режимінде басқару) өткізіледі. Бұл жүйеде Академиялық адалдық ережелерін сақтау бақыланады. Емтиханды компьютер, ноутбук, смартфон арқылы да тапсыруға болады. Қазір бұл жүйе сынақтан өтуде. Онлайн-тестілеу бойынша ақпарат (нұсқаулық) сайтта ұсынылады. Шығармашылық пәндер бойынша емтихандар және диссертацияларды қорғау бейнеконференция форматында платформалар арқылы өтеді. Дипломдық жұмыстар плагиатқа тексеріледі, прокторинг қолданылады.Кездесу барысында ректор қазіргі жағдайға байланысты оқу ақысын мамыр айының соңына дейін шегеру туралы шешім қабылданғанын және сессия оқу ақысын төлемей өткізілуі мүмкін екенін айтты.

 

«Біз оқу жеңілдіктері туралы өтініштерді (белгіленген талаптарға сәйкес тиісті құжаттар негізінде) қарастырамыз. Бірақ мұнда мен университет өз кезегінде барлық оқытушылар мен қызметкерлердің жұмысын толық көлемде және тиісінше шығындарды төлеп жатқандығын атап өткім келеді. Университет төтенше жағдайға байланысты қызметкерлерді демалысқа жібермей, толық жалақы төлеуде. Сондықтан университетке толық табыс алу қажет. Екінші жағынан, оқу жылының басынан бастап 1500 студентке жеңілдіктер (350 миллион теңгеден астам) жасалды. Сондықтан да сіздер де бізді түсінулеріңіз керек», - деді ректор.


Айта кету керек, ректордың басшылығымен оқытушылар мен білім алушылардың ТЖ жағдайында қауіпсіздігін барынша қолдау және бақылау, қашықтан білім беру үдерісінде оқыту құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында арнайы штаб құрылды. Қолдау көрсету мақсатында 15 сәуірде білім алушыларға шәкіртақы беріліп, оқытушылар мен қызметкерлерге жалақы төленді.


Сонымен қатар Университеттің барлық ұжымы «Біз біргеміз» және «Үйде бол» акцияларын қолдайтындығы, «Ізгілік елшісі» еріктілері қайырымдылық акцияларымен қатар аз қамтылған отбасыларға заңгерлік көмек көрсетіп жатқандығы баса айтылды.


Кездесу өте жемісті және жоғары деңгейде өтті. Студенттер, ата-аналар, оқытушылар сұрақтарды ректордың жеке поштасына және блогына жіберуге мүмкіндіктері бар.

 

 

Авторы: Римма Жанбаева

18.04.2020 ж.

Ақпарат көзі: bilim.expert