қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
07.07.2020

Халықаралық ынтымақтастық: Онлайн оқытудың қыр-сыры талқыланды

 


 

Өткен аптада, 2 шілде күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Нақты деректер негізінде оқытушыларды дайындау және ұйымдастырушылық мәдениет» халықаралық жоба аясында «АҚШ-тағы қашықтықтан білім беру: Сакраментодағы Калифорния университетінің үлгісінде» тақырыбында онлайн-вебинар өтті. Жобаны Америка үкіметі тарапынан халықаралық білім беру жөніндегі американдық кеңестің қолдауымен U. S.-KAZAKHSTAN UNIVERSITY PARTNERSHIPS GRANTS бағдарламасы қаржыландырады.

 


Онлайн-вебинарға 90-ға жуық қатысушы қатысты, атап айтқанда, Еуропа, Ресей, Қырғызстан және Қазақстан елдерінің жоғары оқу орындарының өкілдері, олардың ішінде Тарту университеті, Мәскеу қалалық педагогикалық университеті, Мәскеу педагогикалық мемлекеттік университеті, Новосібір мемлекеттік педагогикалық университеті, Л.Н.Толстой атындағы Тула мемлекеттік педагогикалық университеті, Православиелік Әулие Тихонов гуманитарлық университеті, Астрахань мемлекеттік политехникалық колледжінің озық кәсіби дайындық орталығы, М.М. Адышев атындағы Ош технологиялық университеті, Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университеті, Аманжолова атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан-Неміс университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті, AlmaU - Алматы Менеджмент Университеті, Орталық Азия университеті, Азаматтық авиация академиясы, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Қазақстан-Ресей медицина университеті, Нархоз Университеті және Абай атындағы ҚазҰПУ.

 

Вебинарды Халықаралық ынтымақтастық департаментінің халықаралық бағдарламалар және ынтымақтастық бөлімінің бастығы, жоба үйлестірушісі Баян Сапарғалиева жүргізді. Спикер ретінде жоба үйлестірушісі, профессор, Сакраментодағы Калифорния штаты университетінің білім беру колледжінің деканы Александр Сидоркин сөз сөйледі.

 

Александр Сидоркин Калифорния штатының университеті туралы айтып берді, ол Калифорния штатының астанасы Сакраменто қаласында орналасқан, 30 мыңға жуық студент оқитын мемлекеттік университет болып табылады, университет штаттың экономикасында сұранысқа ие жаппай мамандықтарды дайындап шығарады, атап айтқанда, мұғалімдерді, инженерлерді, полицейлерді, бухгалтерлерді, әлеуметтік қызметкерлерді және т.б.

 

Спикер COVID-19 індетіне байланысты карантинге көшкенге дейінгі университеттегі қашықтықтан білім беру жағдайы туралы ақпаратты ұсынды. Ағымдағы жылдың наурыз айының ортасында АҚШ университеттері онлайн білім алуға көшті. Сакраментодағы Калифорния университеті өзінің студенттері мен оқытушыларына техникалық қолдау көрсетіп, олардың барлық қажеттіліктерін қамтамасыз етіп, оларға өз курстарын онлайн білім беруге ауыстыру үшін белгілі бір уақыт берді. Университет студенттердің практикадан өтуіне байланысты ерекше мәселелерді шешті. Оқытушылар сауалнамасының қорытындысы бойынша оқыту аспектілерін қайта қарауға тура келді. Ал, студенттердің жұмысын қалай бағалауға болады? Студенттерге қандай тапсырмалар беру керек? Курстың міндеттерін қалай басқаша ойластыруға болады? Осындай сұрақтар пайда болды. Онлайн режимде оқытудың сапасы мәселесі көтерілді. Жоғары білім беру жүйесінде объективті құралдар болмағандықтан, оқыту сапасын өлшеу өте қиын. Ол оқытушылар мен студенттердің субъективті қабылдауы арқылы өлшенеді. Университеттің пікірінше, білім беру сапасы төмендеді. Студенттер білім беру мекемесіне университетте болу тәжірибесі үшін, жеке қарым-қатынас жасау үшін келеді. Оқытудағы жеке қарым-қатынас тәжірибесінің өзіндік және қолданбалы құндылығы бар. Әрдайым бір-бірімен әлеуметтік, физикалық тұрғыдан өзара іс-қимыл жасасу түріндегі мотивация мәселесі тұрады. Білім алудың негізгі мәні - ақпарат және білім алуда емес, жеке қарым-қатынас арқылы адамдар арасындағы қарым-қатынас жасауда болып табылады.

 

Вебинар барысында РБА академигі, п.ғ.д., МПМУ профессоры Александр Джуринский аралас білім алуға ештеңе кедергі еместігін, онлайн-оқыту арқылы студенттің, оқытушының жеке байланысы бір-бірін толықтыратынын атап өтті. Александр Наумович спикердің ең жақсы білім - бұл студентпен тікелей қарым-қатынас түрінде алынатын білім деген сөзімен келісті.

 

ММПУ ректоры, п.ғ.д., доцент Игорь Реморенко спикер мен әріптестеріне вебинарға белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді, сонымен қатар, мұндай онлайн вебинарларға қатысу жеке пайымдауды ілгерілететіні туралы түсінік берді. Игорь Михайлович ММПУ білім беру мазмұны институтында қашықтықтан білім беруге көшу кезіндегі білім беру мазмұнының әртүрлі элементтерін талданғандығы туралы айтты. Кейбір курстар ұжымдық талқылауды, зияткерлік модельді бірлесіп құруды талап етеді. Кез келген білім көру арқылы жүзеге аспайды, кейде білім интеллектуалды еңсеруді, синхронды оқытуды қажет ететін өз дүниетанымдық ұстанымын қайта құруды қамтиды. Бұл интеллектуалды жеңісті диалектикалық түрлену арқылы айқындалған пікірталассыз іске асыру мүмкін емес. Бұл тұрғыда білім туралы түсінік кеңейтілуі қажет және бұл мәселеде қашықтықтан білім беру жақсы көмектеседі.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Сорбонна-Қазақстан институтының полит.ғыл. докторы, аға оқытушы Аймен Құрманғали спикерге өзекті тақырыпты талқылағаны үшін алғыс айтып, онлайн білім беру болашақта элиталық білім және оқытушының ең үздік бағасы болатындығы туралы студенттің пікірін жеткізді.

 

Онлайн-кездесуді қорытындылай келе, оқытушылар мен студенттердің қашықтықтан білім беруге тартылу дәрежесі үлкен рөлге ие екенін атап өтуге болады, мұнымен жалпы білім беру сапасы бағаланады. Егер онлайн білім беру қатысушылары өз мақсаттарын және материалды игерудегі ілгерілеуді көрген болса, бұл курстың сәтті болғандығын білдіреді.

 

Вебинар жылы ықыласты жағдайда өтті, қатысушылар спикерге қызықты онлайн-кездесу үшін алғыстарын білдірді.

 

Кейінгі вебинарлар туралы ақпаратты Абай атындағы ҚазҰПУ сайтындағы хабарландырулардан табуға болады.

 

Жоба шеңберіндегі байланыс үшін тел.: +77017326344, e-mail: bayan_sapargaliyeva@mail.ru, bonya_sh@mail.ru

 

07.07.2020 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com