қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
18.09.2020

Абай университетінің ректоры Такир Балықбаев есеп беру кездесуін өткізді

 


 

Кеше, 17 қыркүйекте Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаевтың есеп беру кездесуі өтті. Кездесу Zoom платформасында онлайн форматта өтті, сондай-ақ университеттің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында көрсетілді.

 

Іс-шараға Алматы қалалық мәслихат депутаттары, қоғам өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми институттар мен оқу орындарының директорлары, «Нұр Отан» партиясының мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, шетелдік елшіліктердің консулдық мекемелерінің қызметкерлері, ата-аналар, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты. Кездесу өте нәтижелі болды.

 

Такир Балықбаев өз баяндамасында 2019-2020 оқу жылының қорытындыларын шығарды, университеттің білім беру, ғылыми-инновациялық, қаржы-шаруашылық және әлеуметтік-тәрбиелік қызметі туралы егжей-тегжейлі есеп берді, әлемдік және ұлттық рейтингтердегі жетістіктерді атап өтті, университет дамуының стратегиялық міндеттері мен бағыттарын айқындады.

 

Кездесу барысында университеттің ішкі саясатына ғана емес, студенттік өмірдің барлық салаларына қатысты түрлі мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларындағы өзгерістер, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты дамыту, ішкі инфрақұрылымды жаңғырту туралы айтылды.

 

Ректордың есеп беру кездесуі ұлттық университеттердің қоғам алдындағы ашықтығын, жауапкершілігін және есептілігін арттыру мақсатында өткізілді. Университет басшысы атап өткендей, «ҚазҰПУ қызметі орта білім берудің жаңартылған мазмұны мен мұғалімнің кәсіби құзыреттілігіне қойылатын жаңа талаптар жағдайында педагогтарды даярлауды жетілдіруге бағытталған». Педагогтардың жұмысын жандандыру және ынталандыру үшін жаңа оқу жылында жалақы 25%-ға көтерілді. Бұл қолдау білім сапасына әсер етеді.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ жыл сайын әлемдік және республикалық рейтингтерде өз позициясын жақсартып келеді. QS World University Rankings әлемдік рейтингінде Абай атындағы ҚазҰПУ 601-650-ші орындарды иеленіп, әлемнің үздік 5 педагогикалық жоғары оқу орындарының қатарына кірді. ҚР ЖОО арасындағы рейтингте Абай университеті алтыншы орынға ие болды. QS World University Ranking, EECA - 105 орында (2019 - 103).

Webometrics әлемдік рейтингіне еліміздің 128 ЖОО кірді. Бұл рейтингте Abai University сайты 4995-ші орынды иеленді. 2020 жылғы қаңтардың (6022) көрсеткішімен салыстырғанда университет 1027 позицияға көтерілді. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің 2020 жылғы рейтингісінде Абай атындағы ҚазҰПУ елдің төрт үздік университетінің қатарына енді. Педагогикалық ЖОО арасында университетіміз бірінші орынға ие болды. Бакалавриаттың білім беру бағдарламалары бағытындағы университеттердің қорытынды көрсеткіштері бойынша институционалдық рейтингінде (24345) ҚР жоғары оқу орындарының арасында бірінші орынға ие болды.

 

Республиканың бас педагогикалық жоғары оқу орны талапкерлерді қабылдау бойынша оң динамиканы көрсетуде. 2019-2020 оқу жылында ҚазҰПУ-дың 1-курсына 5 441 білім алушы қабылданды, оның ішінде мемлекеттік грант бойынша - 2 990 адам (2019 ж.: барлығы - 4 381 адам, мемлекеттік грант бойынша -- 1 324 адам), «Алтын белгі» иегерлері - 522 (2019 ж.: барлығы - 318 адам), үздік аттестат бойынша - 481 ( 2019: 182 адам), үздік диплом - 57 ( 2019: 44 адам). Сонымен қатар, жыл сайын университет білім алушыларының саны ғана емес, сапалық құрамы да артып келеді.

 

Еңбек нарығындағы түлектерге деген сұраныс және жұмыс берушілердің жас мамандарды кәсіби даярлау сапасына қанағаттануы да жоғары деңгейде. Абай атындағы ҚазҰПУ түлектерінің жұмыс берушілері Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының және Алматы облысының, сондай-ақ республиканың барлық өңірлерінің білім беру мекемелері болып табылады. Жұмыс берушілермен өзара байланысты нығайту мақсатында 2019 жылы ҚазҰПУ-дың «Mansap» мобильді қосымшасы әзірленді. Бұл қосымша жұмыс іздеуді және университет түлектерін жұмысқа орналастыруды едәуір жеңілдетеді: 4063 пайдаланушы (1012 жұмыс беруші, 3051 студент).

 

Заманауи университет қызметінің маңызды аспектісі жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамын қалыптастыру болып табылады. Шетелдік серіктес жоғары оқу орындарының профессорлары тартылды, республиканың барлық дерлік оқытушылары қысқы және жазғы мектептерде, «Цифрлық педагог» онлайн-мектебінде және осы бағыттағы университеттің басқа жобалары мен бағдарламаларына қатысып, біліктілігін арттырды.

 

Абай университеті Қазақстанның жоғары оқу орындарының арасында бірінші болып ISO 37001-2016 халықаралық стандартының сыбайлас жемқорлыққа қарсы басқару жүйесін енгізу туралы сертификат алды. Бұл бағытта келесі жобалар мен бағдарламалар жұмыс істейді: Академиялық адалдық кодексі; Адалдық және сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік - оқыту, жобалар, іс-шаралар арқылы; Сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес; «Парасат» орталығы; Әдеп ережесі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт, «Sanaly urpaq» студенттер клубы; «Sanaly urpaq» Республикалық жобалық кеңсесімен тренингтер мен семинарлар; «Ізгілік елшісі», «Антиплагиат», «Прокторинг», Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг; «Таза сессия» акциялары.

 

«Ізгілік елшісі - Акселератор добра» жалпыұлттық волонтерлік қозғалыс жобасының қызметі тәрбиелік іс-шаралар, шығармашылық және студенттік белсенділік туралы ақпарат егжей-тегжейлі айтылды.

 

Жаңа технологияларды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Университетте цифрландыру тұжырымдамасы және соған сәйкес цифрландырудың жол картасы әзірленді, цифрлық инфрақұрылымды дамыту және цифрлық технологиялар мен ресурстарды кеңінен пайдалану негізінде университет қызметінің барлық салаларының тиімділігін айтарлықтай арттыру және кешенді трансформациялау процесі табысты жүргізілуде. Студенттер өміріне жоғары этикалық стандарттарды енгізу бойынша жұмыстар күшейтілді.

 

Осылайша, жоғарыда аталған бағыттар мен жастардың сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына жағдай жасау жөніндегі шаралар мемлекеттің саясатымен үйлесім табуда.

 

Есеп беру кездесуінде ҚазҰАУ ректоры, академик Тілектес Есполов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әскери ғылымдардың докторы, профессор, Алматы қаласы Медеу ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ким Серікбаев, Медеу ауданының білім бөлімінің бастығы Ағайша Сапарова, WikiBilim қоғамдық қорының негізін қалаушы және бас директоры Рауан Кенжеханұлы, республикалық еріктілер лигасының төрағасы Айсұлу Ерниязова сөз сөйлеп, өз ұсыныстары мен тілектерін білдірді.

 

Ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында университет ректоры тұрақты түрде тікелей эфирлер мен Openspace форматында кездесулер өткізеді, өзінің блогы мен поштасына келіп түскен өтініштерді жеке қарайды, әлеуметтік желілерде жеке аккаунттарын жүргізеді. Барлық өтініштер бойынша тиісті шаралар қабылданып, олардың орындалуы бақыланады. Такир Балықбаев университет басшылығы қоғаммен байланыс орнату бағытында барлық коммуникация түрлерін күшейтетіндігін баса айтты.

 

Жиналғандардың барлығы ректорға сұрақтар қойып, жан-жақты жауаптар алуға мүмкіндік алды. Іс-шарада өз сұрақтарын қоюға үлгермегендерге оларды кейінірек жазбаша түрде беру ұсынылды. Олардың барлығы қарастырылып, жауаптары университет сайтына жарияланатыны айтылды.

 

 

Авторы: Римма Жанбаева

18.09.2020 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com