қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
20.02.2021

Жақсы іс жалғасын табады

 


Абай университетінде әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен мүгедектерге тегін құқықтық кеңес беру акциясы жалғасуда. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 1 қыркүйек 2020 жылы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында барша отандастарымызға арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» аталатын екінші Жолдауында: - Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, оардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз, - дей келе, алдымызда ауқымды, әрі күрделі міндеттердің тұрғанын, оларды табысты жүзеге асыру үшін тың тәсіл, жаңаша ойлау, жалпыұлттық ынтымақ және өзара қолдау қажет екенін, баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек екенін баса айтқан болатын.

 

Өйткені, замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр. Сондықтан еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ -деп қорытындылаған болатын сөзін мемлекет басшысы. Қазіргі таңда бүкіл дүние жүзінде пайда болған пандемия жағдайында қиындықты, дағдарысты бірге жеңу мақсатымен, барлық шамасы келген мемлекеттік мекемелер, жеке азаматтар да, бір-бірлеріне көмек қолын созу арқылы елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорларын ұйымдастыруда. Осы орайда Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университеті Тарих және Құқық Институты, «Құқықтану» кафедрасы 2020-2021 оқу жылының басынан ел Конституциясының 25-жылдығына орай «Азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына және мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін заңгерлік кеңес беру» қайырымдылық акциясын бастаған.

 

Негізгі мақсаты - әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға құқықтық көмек көрсету, азаматтарды құқықтық жағынан қолдау, сонымен қатар, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, әрбір қоғамдағы мұқтаж жандардың жағдайын өз саласы бойынша жақсартуды жүзеге асыру. Сондықтан, казіргі жағдайда "Құқықтану" кафедрасы алдымен өзгелердің құқықтық көмегіне зәру әрбір адаммен барынша жылы байланыс жасау басты жолға қойылып, әр жұма сайын кафедраның алдыңғы қатарлы заңгерлері онлайн конференция арқылы, басқа да байланыс құралдары арқылы пандемия кезінде туындаған құқықтық мәселелер бойынша әлеуметтік көмек алу мүмкіндіктері жасалуда.

 

Сонымен қатар жұмыстан босату, өтемақы алу және тұрғын үй, пәтер жалдау, азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша міндеттемелерді орындау, әкімшілік, жауапкершілікке тарту мәселелері бойынша азаматтар арасында түсінбеушіліктер туындаған түрлі сұрақтарға тегін заң көмегін көрсетуді әлі жалғастырып келеді. Осы алты ай оқу жылының қорытынды есебінде бес жүзден астам адамға құқықтық кеңес беріліпті. Оның басым көпшілігі әлеуметтік мәселелерді қамтитын кеңестер. Оның ішінде: жасы және мүгедектігі үшін зейнетке шығуға қандай құжаттар керек екені, оны жинау тапсыру мерзімі және қайда өткізу туралы, зейнетақы қорынан қаражат алу мәселесі жайлы - 105 құқықтық кеңес көрсетілды.

 

Көп балалы және жалғызбасты аналарға берілетін әлеуметтік көмек, кәмелетке толмаған және асыраушысынан айырылған балалар үшін төленетін жәрдемақы жағдайлары, мөлшері туралы -73, жұмысқа қайта алу, бос тұрған күндеріне айлық жалақы төлеу, жұмыссыздық жөнінде берілетін жәрдемақы, өтемақы жайлы - 89, жер алу және салығын төлеу және есептеу туралы сұрақтар - 6, дара кәсіпкерлік қызметті тіркеу, дүкен ашу үшін қандай жеңілдіктер бар екені туралы - 11 құқықтық кеңес тіркелгенін айтуға болады.

 

Және мүліктік жалдау шартын өзгерту және бұзу туралы - 10, некені бұзу, алимент өндіріп алу, дүние мүлікті бөлісу - 102, үй алу кезегіне тұру, жеңілдікпен үй алу бағдарламалары жайлы - 67, салық жеңілдігі туралы -3, жеке іс бастау, балабақша ашу жайлы - 5, медициналық тегін көмек алу, порталға тіркелу жайлы, эко мәселелері - 7, тұтынушылардың құқығын қорғау туралы - 17, мұраны қабылдап алу жайлы - 8, банктық несие қатынастары бойынша - 34, әкімшілік жауаптылық бойынша - 28 азаматқа тегін заң көмегі көрсетіліп, құқықтық кеңестер берілді. Заң көмегін алған азаматтардың отыз пайызы зейнеткерлер, елу пайызы орта жастағы азаматтар, 20 пайызы жастар болды.

 

Сонымен бірге, ер адамдарға қарағанда әйел адамдардың кеңес алуда басымдығы көрінді. Азаматтарды жылы қабылдап, жан-жақты түсінікті, екі тілде, тегін заң көмегін көрсетуде кафедрамыздың меңгерушісі заң ғылымдарының докторы, профессор Е. Бөрібаевтың басшылығымен, заң ғылымдарының докторы, профессор Ж.Хамзина, заң ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор А.Бижанова, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Б.Көшпенбетов, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Н.Қалқаева, қауымдастырылған профессор Г.Меирбекова, аға оқытушылар Ж.Молдахметова, Д.Белхожаева, Д.Байсымақова және хатшылықта жас маман Тұрлыханқызы Құралай белсенділік көрсетті.

 

Қайырымдылық, жақсылық жасау - алдымен имандылықтың, тәрбиеліліктің, сонымен бірге парасаттылықтың айқын көрінісі. Зейнетақы жасына жеткен қарттарға, жалғызбасты жандарға, мүгедек жандарға, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың тұлғаларына біз әрдайым көмек колын созуға дайынбыз. Сондықтан, бүгінге дейін жұмыс жасап келген «Құқықтану» кафедрасының «Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен мүгедектерге тегін құқықтық кеңес беру» акциясы ары қарай өз жалғасын табады. Бұл іс-шараға қатыса алмаған жандарға айтарымыз сұрақтарыңыз болса, құқықтық кеңес қажет болса, бізге хабарлассаңыздар болады. Біз сіздерді күтеміз. Байланыс телефондары: 87013932123, 87477727432

 

 

Авторы: Гүлжазира Болатқызы МейірбековаА,
Абай атындағы ҚазҰПУ Қауымдастырылған
профессоры, Алматы қаласы

20.02.2021 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz



436

Кері оралу