қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / Хабарландыру
30.09.2018

 

Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдарының университет тарихына арнаған кітаптарының тұсаукесер рәсімі


2018 жылғы 2 қазанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығына орай университет ғалымдарының оқу орнының ашылуына, қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан тарихи тұлғалар туралы шығарған кітаптарының тұсаукесер рәсімі өткізіледі.

 

Іс-шараға Алаш зиялыларының ұрпақтары, Алматы қаласы жұртшылығының өкілдері, ғалымдар, журналистер, оқытушылар мен студенттер қатысады.

 

Авторлардың бірі белгілі тарихшы ғалым, академик Мәмбет Қойгелдінің «Абай университеті90 жылдық тарихынан» деп аталатын зерттеу еңбегі. Бұл кітапта Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орнының қандай қиыншылықтармен ашылғаны, оның қалай  қалыптасқаны, ұлт қайраткерлерінің білім ордасын дамытуға қандай үлес қосқаны және оқу орнының даму кезеңдері тарихи фактілер мен құжаттарға негізделіп баяндалады. Бұл еңбек Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғана емес, бүкіл қазақ жоғары білімінің тарихы деуге болады.

 

Университеттің 90 жылдығына орай алғашқы оқу орнының құрылуына, қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосқан сол кездегі оқу-ағарту Халық Комиссары Ораз Жандосов, бірінші ректор Санжар Асфендияров,  әр жылдары ректор болған Халел Әділгереев, Мәлік Ғабдуллин, қайраткер-ұстаз Халел Досмұхамедов туралы «Өнегелі өмір» сериясымен кітаптар шықты.

 

Университет түлегі белгілі математик Әбдімәжит Өтеш туралы «Қалдырған ізің мәңгілік» деп аталатын жинақ, академик Тоқмұхамед Садықов туралы «Тәлімгер портреті. Протрет наставника» кітабы және де университеттің 90 жылдығына арналған «Тұңғыш университет» фото альбомы да оқырмандар назарына ұсынылмақ.

 

Сонымен бірге «Шернияз Жарылғасұлы шығармалары», «Алтын арқау», «Ұлттық рух және шығармашылық даралық» зертеу еңбектер мен университет қызметкері М.Ахметовтың білім ордасының мерейтойына арналған «Парасат пен парыз» танымдық кітабы ұсынылады.

 

Іс-шараның басталатын уақыты: 2 қазан 2018 жыл, сағат 11.00.

 

Өтетін орны: Алматы қаласы, Достық даңғылы, 13, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Бас ғимараты, № 225 мәжіліс-залы.