қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
15.04.2021

Ұлағатты ұстаз - Рафиқа Нұртазина 100 жаста


Бүгінде Қазақстанның даңқты педагогі, Социалистік Еңбек Ері, Республиканың еңбек сіңірген мұғалімі, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, Алматы қаласының Құрметті азаматы, Пушкин атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, Платина-Тарлан сыйлығының лауреаты Рафиқа Бекенқызы Нұртазинаның туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған байланысты Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Ұлы Дала тұлғалары» орталығы студенттермен және оқытушылар қауымымен «Ұлағатты ұстаз» тақырыбында танымдық дәріс өткізді.

 

Онлайн дәрісті ашқан Абай атындағы ҚазҰПУ Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ақтолқын Тұрлыханқызы Құлсариева өз кезінде «Ұстаздардың ұстазы» атанған даңқты педагогтың республикамызда орта білім беруді дамыту, мектептерді оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету, сабақ үдерісінде озат тәжірибені, жаңа технологияны кеңінен енгізу арқылы білім беру сапасын арттыруға қосқан үлесі, Қазақстан мектептерін жаңа деңгейге көтеру жөніндегі еңбегі туралы баяндады.

 

Рафиқа Бекенқызы Нұртазина 1921 жылғы наурызда Павлодар облысы, Павлодар ауданы, Ақши ауылында дүниеген келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті мен Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтын қазақ және орыс филологиясы мамандығы бойынша бітірген. 1974 жылы Педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғаған.

 

Рафиқа Бекенқызы Нұртазинаның мұғалім-әдістемеші және қоғам қайраткері ретінде қалыптасуы және педагогтік тәжірибесі Алматы қаласындағы №12 қазақ орта мектебінің өмірімен тығыз байланысты. Мұғалім, кейін директор лауазымын атқара жүріп, Р. Б. Нұртазина 1972 жылы ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын алғашқы қазақ мектебіне айналған осы оқу орнының дамуына елеулі үлес қосты. Бұл білім ордасының республикадағы ең үздік мектеп ретінде абыройы асқақтады.

 

Р. Б. Нұртазинаны қазақ орта мектебін дамыту мәселелері толғандырды және ол өзінің жеке жұмыс тәжірибесін ғана емес, сонымен қатар әріптестері мен шетелдік педагогтердің жетістіктерін жинақтап, жаңа технологияларға тәжірибе жасап, оларды енгізе отырып оқу үдерісін үнемі жетілдіруге ерекше көңіл бөлді, заманауи оқулықтар мен оқу құралдарын жазды.

 

Нұртазина Рафиқа 340-тан астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектің, оның ішінде орта мектепке арналған 15 оқулықтың және оқу құралдарының, мектеп жасына дейінгі балаларға арналған 10 кітаптың авторы.

 

Телевизия және радиохабарлары жөніндегі мемлекеттік комитеттің тапсырысы бойынша Р. Б. Нұртазина 1989 - 1991 жылдары қазақ тілінде сөйлеуді үйренуге ынта білдірген адамдарға арналған «Радиоуроки для Тани и Булата» деген радиосабақтар жүргізді. Күн сайын таңертең және кешкілік уақытта жүргізілген радиосабақтар өзінің тыңдармандарын тапты.

 

Радиосабақтардың нәтижесі бойынша Р. Б. Нұртазина 12 аудиокассетадан тұратын «Говорим по-казахский» деген атпен Қазақстандағы бірінші қазақ тілінің оқулығын жарыққа шығарды. 101 сабақтан тұратын оқулық құрылымдық үлгілерді, стандартты сөйлеу модельдерін, формулаларды, клишелерді қолдану арқылы нақты ұйымдастырылған және құрастырылған, олар бірнеше рет қайталанады, бұл тек тілдік формаларды ғана емес, сонымен қатар олардың интонациясын да есте сақтауға және айтуға мүмкіндік береді.

 

90-шы жылдары елімізде қазақ тіліндегі кітаптардың жетіспейтіні белгілі болды. Осылайша мектепке дейінгі және бастауыш сынып жасындағы балаларға арналған «Мирастың кітабы» дүниеге келді. Л. Асқармен бірлесе отырып жазған кітабы Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің «Казахский язык для говорящих на других языках» байқауының жеңімпазы атанды.

 

Cондай-ақ отбасы ортасында оқуға арналған қазақ тіліндегі кітаптар топтамасын толықтырған шағын «Балақайға базарлық. Подарок малышу» атты кітап дайындады. Осы авторлар ұжымы қазақ тілін енді ғана үйреніп келе жатқан 3-4 жастағы балаларға арналған тағы бір «Тіл ашар» оқу құралын жасады.

 

Рафиқа Бекенқызы орыс тілі мен әдебиеті оқытушылары қауымдастығының (МАПРЯЛ) Берлинде, Мәскеуде, Кишиневте, Ташкентте, Будапештте өткен конгрестерінде қазақ мектептерінде орыс тілі мен әдебиетін оқытудың өзекті мәселелері туралы баяндамалар жасап, қазақ ұстаздарының білім деңгейінің биіктігін көрсетті.

 

Ленин орденімен және «Орақ пен балға» алтын медалімен (1968), екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен (1960, 1963), «Құрмет» орденімен (2010) және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.

 

Батыр ұстаз білім беру саласында ұзақ жыл табанды еңбек етумен бірге қоғамдық жұмыстармен айналысуға да уақыт таба білді. Төрт дүркін Алматы қалалық Кеңесіне депутат болып сайланды. КСРО Кәсіподақтарының XIV-XV съездеріне, Қазақстан Компартиясының ХІІІ съезіне, Қазақстан мұғалімдерінің І, ІІ, ІІІ, IV-V съездеріне делегат болып қатысты. Қазақстан педагогикалық қоғамы республикалық Кеңесі президиумының төрайымы, КСРО Халық ағарту министрлігінің ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшесі және т.б. қоғамдық жұмыстарды белсене атқарды.

 

Танымдық дәрісте Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология институтының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Марфуға Абсатова «Педагогтың инновациялық іс-әрекетінің кейбір ерекшеліктері», Р. Нұртазинаның шәкірті, әріптесі, педагогика ғылымдарының кандидаты Рахима Бөлекбайқызы Сәкенова «Р.Б.Нұртазинаның даналық мектебі», Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Манат Шаяхметқызы Мұсатаева «Р.Б.Нуртазинаның Қазақстан педагогикасы тарихындағы лингводидактикалық персоналы», Абай атындағы ҚазҰПУ докторанты, №12 гимназиядағы Р.Б. Нұртазина атындағы орыс тілі мен әдебиеті кабинетінің жетекшісі Айжан Нүсіпбекова «№12 гимназиядағы Р.Б. Нұртазина атындағы мамандандырылған орыс тілі мен әдебиеті кабинетінің жұмысы туралы» тақырыптарында баяндамалар жасады.

 

Дәрісте даңқты педагог Рафиха Нұртазина туралы деректі фильм көрсетілді. Дәрісті Абай атындағы ҚазҰПУ Стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ақтолқын Тұрлыханқызы Құлсариева қорытындылады.

 

Авторы: Мырзахан Ахметов,

Абай атындағы ҚазҰПУ Қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі

15.04.2021 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz