қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
16.04.2021

Сапалы маман - жарқын болашақтың кепілі

 

«Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім мектептің жүрегі», - деп ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин айтқандай, қандай заманда болмасын ұстаз еңбегінің орны ерекше. Өйткені болашақ ұрпақтың білімі сапалы, ойы ұшқыр болмаса ол мемлекеттің де ертеңі бұлыңғыр. Олай дейтініміз, ел қорғайтын батыр да, ел бастайтын басшы да осы ұстаз деген аяулы тұлғаның алдынан қанаттанады. Яғни мемлекет дамуына қажетті түрлі сала мамандары керек десек, оларды да осы салаға бейімдейтін алтын ұя мектебі мен тәлім үйретер ұстазы екені ақиқат. Сондықтан дана халқымызда «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөзі жәйдан-жәй айтылмағаны белгілі. Сондай-ақ «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деп, оқу-білім үйренген жастың қадірі қаншалықты жоғары болатынын ықылым заманның өзінде-ақ бағасын берсе, қазақ даласына тұңғыш мектеп ашып, оқу-білімнің нәрін сепкен Ы.Алтынсарин: «Өнер білім бар жұрттар, тастан сарай салғызған, айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызған», - деп өнер-білімге құштар елдің қашанда күні жарық болатынын кешегі ХІХ ғасырда айшықтап берген еді. Сол кезеңнен бүгінге дейін талай уақыт өтіп, күллі әлем бүгінде Төртінші өнеркәсіптік революцияның есігін айқара ашты. Әрине, бұл жаһандық толқынның шаңында қалып кетпеу үшін біздің де жастарымыз озық тәжірибе мен білімді еркін меңгерген сапалы маман болуы шарт. Өйткені қазіргідей өте жылдам қарқынмен өзгеріп отырған мына заманда заманауи білім мен технологияны еркін меңгермеген ел бұл толқынның ағысына ілеспей шетке шығып қалары сөзсіз.

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, діні берік болады. Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылған зор үміт. Кейінгі ұрпақ Тәуелсіздігіміздің туын әрқашан биік ұстауы тиіс... сондықтан білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі», - деп бұл мәселеде ұстаздар қауымына да артылар міндеттің оңай болмайтынын анықтап берді. Бұл деген сөз ең алдымен сол педагог-кадрларын даярлайтын жоғары оқу орындарының да жауапкершілігін анықтап тұрғаны белгілі.

 

90 жылдан астам уақыттан бері қазақ даласына білім нәрін себетін педагог-кадрларын даярлап келе жатқан қазақ білімінің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де бұл міндетке аса үлкен мән беріп, зор жауапкершілікпен орындап келе жатыр. Заман ағысынан қалмай, қашан да еліміздегі педагогикалық жоғары оқу орындарының көш басында келе жатқан біздің университетіміз бүгінде өз шаңырағынан қанат қағар түлектерінің біліміне аса жоғары мән береді. Олай дейтініміз, 2019 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қолға алған «дуальды оқыту» бағдарламасын ең алғашқылардың бірі болып біздің университетіміз жүзеге асыра білді. Бұл осы уақытқа дейін студент тек теориялық білімді ғана меңгеріп келсе, дуальды оқыту бағдарламасы арқылы олар теориялық білімін мектепте практика жүзінде іске асыруға мүмкіндік алды. Яғни студент оқу орнын бітірмей тұрып, базалық білімін бүгінгі мектепке еніп жатқан жаңартылған мазмұндағы білім бағдарламаларымен ұштастырып, жан-жақты тәжірибемен қаруланған сапалы маман болуға қол жеткізеді деген сөз.

 

Осы орайда менің тағы да бір тоқтала кететін мәселем біздің университет сапалы педагог даярлау үшін мына үш қағиданы басшылыққа алады. Ол, біріншіден, мұғалімдердің біліктілігін үзбей жетілдіріп отыру, екіншіден, студенттердің практикалық білімін көтеру, үшіншіден, жаңартылған білім мазмұны бойынша кадр даярлау. Биылғы оқу жылы біздің университетіміз ректор Такир Балықбаевтың бастамасымен үздіксіз педагогикалық практиканың (дуальды оқытудың) жаңа әдісін іске асыра бастады. Мәселен, 2019/2020 оқу жылында біздің бітіруші курс студенттері аптасына төрт күн мектепте өндірістік практикада қалған 2 күнді университетте теориялық білім алуға арнады. Ал биыл біз оны Т.Балықбаевтың тапсырмасы бойынша жаңаша ұйымдастырдық. Биылғы бастама бойынша 4 курс студенттері екі апта университетте оқиды да, басқа уақыттарында мектеппен тығыз байланыста болып, онлайн жүйесі бойынша білім алады. Үшінші курстықтар да жыл бойы аптасына 3 күн мектепте байқау практикасында болып, қалған үш күнде сабақ оқиды. Біздің 3 курс студенттерінің байқау практикасында болуының бірінші себебі олар ең алдымен, мектеп бағдарламасы мен мұғалімдерінің сабақ беру әдістерін тыңдаушы ретінде қатыса отырып еркін меңгеруі тиіс. Студент бір жыл бұрын осы әдістер арқылы сабақ беру тәсілін меңгеретін болса келесі бітіретін жылы өндірістік практика оған ешқандай қиындық тудырмайтын болады. Практиканың көлемін көбейтіп, оқу мен өндірісті тығыз ұштастыру бұл болашақ мамандарды нағыз мұғалім кадрлары етіп дайын маман ретінде мемлекет қажеттілігін қамтамасыз ету деген сөз.

 

Болашақ мұғалімдеріміздің заман талабына сай жан-жақты, өз ісіне бейім, сапалы маман болып шығуы үшін былтырғы оқу жылының өзінде 95 білім беру мекемелерімен келісім шарт жасалды. Сонымен қатар І-ІІ тоқсан қорытындысы бойынша білім алушылар тарапынан 603 - ашық сабақ пен 158 - іс - шара ұйымдастырылса, ІІІ тоқсан қорытындысы бойынша 593 - ашық сабақ және 259 - іс - шара өткізілді. Практика жұмысын жандандыру үшін біз орта білім беру ұйымдарында 10-15 жыл сынып жетекші болған ұстаздардан және ЖОО -ның білікті мамандарынан жұмыс тобын құрдық. Құрылған жұмыс тобы келешек практикант-студенттер үшін сынып жетекші болуға даярлайтын элективті курс бағдарламасын жасауға атсалысуда. Осындай нәтижелі жұмыс арқылы өткен оқу жылында 4864 білім алушымыз педагогикалық практиканы ойдағыдай аяқтап шықты. Сөйтіп педагогикалық бейіндегі бітіруші курстардың 108 студенті өздері практикаға барған мектептерде жұмыста қалып қойды. Университетіміздегі «Мансап» орталғына биылдың өзінде 4 мыңға жуық болашақ мұғалімге тапсырыс түссе, мұның өзі біздің түлектеріміздің сапасы арта түскенін көрсетіп отыр.

 

Жаңа 2020/2021 оқу жылында біз «Мансап» орталғымен студенттердің педагогикалық практикасын жаңаша ұйымдастырдық. Жылдағы дәстүр бойынша біздің профессор-оқытушыларымыз студенттер практикасын өткізу үшін Алматы қаласындағы мектептермен тек өздері байланыс орнатып, сол арқылы студенттер практикасы өткізіліп келсе, биылғы оқу жылында біз бұл жұмысты өзіміз қолға алдық. Осының нәтижесінде студентттер практикасын өткізу үшін білім беру ұйымдарымен 387 келісім-шартқа және 101 меморандумға қол қойылды. Бұл жұмыстар біздің университетіміздің ректоры Такир Оспанұлы мен Алматы қалалық білім басқармасының басшысы және мектеп директорларының қатысуымен жүзеге асырылды. Мұндағы тоқтала кететін тағы да бір мәселе, өздеріңізге белгілі биылғы оқу жылын біз онлайн форматында ұйымдастыруымызда. Былтырғы жылдың аяғында әлемде өріс алғын COVID-19 пандемиясы биылғы бітіруші курс студенттеріне көптеген қиындықтару туғызбау үшін ректордың бастамасымен өзіміз қолға алған болатынбыз. Өйткені жылдағы дәстүрмен мектепте оқушылармен етене араласып, педагогикалық практикадан өтетін студенттер ендігі жерде олармен тек экран арқылы ғана онлайн жұмыс жүргізуі, әрине, бұл жұмысты күрделендіре түсетіні ақиқат. Бірақ біз аталған жұмысты жаңа оқу жылы басталмай тұрып, мұғалімдердің дәстүрлі тамыз конференциясына дейін толық іске асырып қойдық. Мұндағы мақсат қыркүйек айында біздің білім алушыларымыз келгенде педагогикалық практика жұмысын рәсімдеуге уақыт жоғалтпай бірден өздері бөлінген мектепте тәжірибе жұмыстарын жалғастырып кетуге жасалып отырған мүмкіндік еді.

 

Университеттегі педагогикалық білім беретін 6 институт бойынша бітіруші курстар мен 3 курс студенттерін «Мансап» орталығы Алматы қаласының мектептеріне бөліп, олардың тізімдерін аталған мектеп басшылығына жолдады. Осы жүйелі ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесінде биылғы оқу жылында студенттердің пед.практикасы айтарлықтай қиындықтар туғыза қоймады.

 

Сондай-ақ биылғы студенттердің педагогикалық практикасын «Мансап» орталығымен бірге студенттердің практикасына арналған күнделікті «Ұлағат» баспасынан шығартып, оны әр студенттің мекен-жайы бойынша өз аймақтарына жеткізіп бердік. Сонымен қатар институттағы педагогикалық практикаға жауапты мамандармен байланыс орнатып, практиканың ұйымдастырылуын және мектеп басшыларынан біздің студенттердің практика барысында сабақты жүргізуі қаншалықты деңгейде екені сұрастырылып, жіті қадағаланады. 2021 жылдың ақпан айында біз педагогикалық практикаға байланысты әр институтпен мәжіліс өткіздік. Жиналыста әр институттағы кафедра бойынша мектептерге бөлінген бітіретін студенттердің атқарған жұмыстарына жеке-жеке тоқталдық. Сонымен қатар институт басшыларына ақпан-наурыз айларында бітіруші студенттердің ашық сабақ өткізуі керектігін тапсырып, оның нәтижесі кафедра мен институт мәжілісінде талқылану керектігі міндеттелді. Бұл да студенттеріміздің жоғарып сападағы маман болуына жасалып отырған қадамның бірі.

 

Біздің «Мансап» орталығы биылғы оқу жылында тағы да бір тың бастаманы жүзеге асырып отыр. Ол студенттеріміздің жұмысқа орналасуына көптеп септігін тигізетіні сөзсіз. 2019 жылдың 12 сәуірінде біз студенттерге арналған «Mansap» мобилдік қосымшасын іске қосқан едік. Ондағы мақсат қосымшада білім алушылар өздерінің түйіндемелерін толтырып орналастырады және бос жұмыс орындары туралы ақпаратты көре алады. Ал жұмыс берушілер қосымшаға тіркеліп, өздеріне қажетті бос орынды жариялайды. Жариялаған бос орындарына сәйкес түлектеріміздің түйіндемелерімен таныса алады. Егер екі тараптың талабы мен тілегі сәйкес келсе онда тікелей байланыс орнату мүмкіндігі туындайды деген сөз.

 

Ал биыл да осы жұмысты одан әрі жандандырып, студенттердің сенімін нығайту мақсатында «Bagdar» платформасын қолға алдық. Бұл платформа да студенттерді бос жұмыс орындары негізінде жұмысқа бөлуге арналған. Платформаның негізгі қызметі:

- Платформа онлайн режимде жұмыс істейді.

- Платформада университетке келген барлық бос жұмыс орындары кесте түрінде орналасады.

- Платформадан студент өзіне керекті аймақты, мамандықты жылдам іздеп таба алады.

- Платформада берілген бос орынды таңдап студент өзінің аты жөнін енгізеді.

- Платформаға енгізілген студенттің аты-жөнін өзге студент (адам) өзгерте алмайды.

- Платформадаға ақпаратты «Мансап» орталығының басшысы Excel форматында жүктеп, сол бойынша жұмысқа жолдама береді.

- Платформа android, ios, windows ,бағдарламаларына сәйкестендірілген.

 

«Bagdar» платформасы арқылы біз аймақтар мен өңірлерден бос жұмыс орындары туралы ақпараттар жинақтап оны осы жерге орналастырамыз. Содан кейін біздің түлекетер бұл платформа арқылы өздеріне қажетті жұмыстарды қарастырып, өзінің жеке мәліметтерін енгізеді. Мұның бір ерекшелігі мұндағы әрбір студент енгізген жеке мәліметтерді ешкім өзгерте алмайды. Осы арқылы университет жұмысқа бөлудің әділ әрі ашық жолын ұсына алады.

 

Тағы да тоқтала кететін мәселе біздің университетіміз «QS World University Ranking by Subject-2021» рейтингінде әлемнің 201-250 үздік жоғары оқу орындарының тобына, ТМД-да «Ағылшын тілі мен әдебиеті» пәні бойынша көшбасшылар үштігіне және «Білім беру» пәні бойынша үздік төрттікке кірді. Жоғарыда аталған рейтингте еліміздің жоғары оқу орындары арасында үздік нәтижелерді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ және Satbayev University көрсетті. Бұл да біздің университтің қажырлы еңбегінің жемісі екені даусыз. Осы рейтинг мәселесімен 2021 жылдың 12 наурызында университетте Ресей, Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша QS компаниясының аймақтық директоры Сергей Христолюбов пен кездесу өтті. Кездесу барысында ректор Такир Балықбаев университеттің стратегиялық даму бағыттары және оның ұлттық және халықаралық рейтингтердегі жетістіктері туралы, соңғы жылдары «Алтын белгі» мен колледждердің қызыл диплом иегерлері оқуға қабылданып, білім алушылардың сапалық көрсеткіштерінің үш есеге артқандығы туралы атап өтті. Университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 95-97%-ды құрайды - ҚазҰПУ студенттері оқудан кейін бірден өз мамандығы бойынша лайықты жұмысқа орналасуда. Сондай-ақ, университеттің 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарларына қол жеткізу үшін оның барлық қызмет бағыттарының табысты дамуы сөз болды бұл жиында. Жалпы, бұл еңбектің бәрі сайып келгенде студенттердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында жасалып отырған дүниелер.

 

«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға, ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», - деп хакім Абай айтқандай қара шаңырақ білім ордасы заман көшінен қалмай өзінің тың бастамалары арқылы өз

 

түлектерін ертеңгі елдің педагог-мамандарына айналуына қажетті жұмыстардың бәрін жасап келеді. Ал біздің түлектеріміз өз білімімен болашақ бүлдіршіндерді сара жолға бастай алса, бұл төккен тердің далаға кетпегені деп білемін.

 

Авторы: Хайрулла Жанбеков,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры,

жер ғылымдарының докторы, профессор

16.04.2021 ж.

Ақпарат көзі: qazdauiri.kz

 



515

Кері оралу