қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
23.04.2021

Көрнекті композитор, дирижер А. Жұбановтың 115 жылдығына арналған «Өнері де өмірі де өнеге» дәрісі


2021 жылғы 22 сәуірде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі «Ұлы дала тұлғалары» орталығының ұйымдастыруымен Қазақстанның халық әртісі, әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбановтың 115 жылдық мерейтойына арналған «Өнері де, өмірі де өнеге» тақырыбында аралас (онлайн/офлайн) форматта тарихи-танымдық дәріс өтті.


Дәріске Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, А.Жұбанов атындағы музыка мектебінің директоры Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Халық музыкасы» факультетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Басықараев, Ахмет Жұбанов және Ғазиза Жұбанова мұражайының директоры, Ғазиза Жұбанованың келіні - Ләззат Жұбанова қатысты.


Дәрісті Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Т.О.Балықбаев ашты. Дәрісте Абай атындағы ҚазҰПУ «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының профессоры Айымкүл Ахметова «А.Жұбановтың музыкалық білім беруге қосқан үлесі» және Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы, «Домбыра» кафедрасының аға оқытушысы Баян Игілік «Ұлы ғалым Жұбановтың қазақ күй өнеріне қосқан үлесі» тақырыптарында терең де тағылымды баяндамалар жасады.


Кеш барысында А.Жұбановтың «Би», №5 «Тәжік биі» күйлері, «Қарлығаш» және «Ақ көгершін» әндері орындалды. А.Жұбановтың өнегелі өмірі жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.