қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
23.04.2021

Республикалық семинар: Жаңартылған білім беру мазмұны негізінде географияны оқытудың әдістемелік жолдары

 



Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жаратылыстану және география институтындағы маркетинг бөлімінің ұйымдастыруымен «Жаңартылған білім беру мазмұны негізінде географияны оқытудың әдістемелік жолдары» атты республикалық онлайн семинар ұйымдастырылды.

 

Бұл шараға республикамыздың Атырау, Алматы, Түркістан, Қостанай, Жамбыл, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарынан және Алматы, Нұрсұлтан, Шымкент қалаларынан үш жүзге жуық жалпы білім беретін мектеп, гимназия, лицей, колледждерінде еңбек ететін мұғалімдер қатысты. Семинарда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Жаратылыстану және география институтының директоры, география ғылымдарының докторы, профессор, жаңартылған бағдарлама бойынша «Мектеп» баспасынан жарық көрген 8, 10, 11-сыныптарға арналған жаратылыстану және математикалық, қоғамдық-гуманитарлық бағытта жазылған «География» оқулықтарының авторы Каймулдинова Күләш Дүйсенбайқызы алғы сөз сөйледі.

 

Ол география мамандарын даярлаудағы жоғары оқу орнының "қарашағына» айналған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің рөліне ерекше тоқталған еді. «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті 1936 жылдан бастап, география пәні мұғалімдерін даярлап келеді. Университетіміз еліміздегі педагогикалық бағыт бойынша мамандарды даярлау ісінің көшбасшысы екендігі жасырын емес. Қазақстанға танымал география оқулықтарының авторлары біздің ұжымда қызмет ететінін мақтанышпен айта аламыз.

 

Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында мектеп мұғалімдеріне география пәнін жаңа қырынан оқытуға, инновациялық технологияларды меңгеруіне, кәсіби деңгейін көтеруіне ұйымдастырылып отырған онлайн семинардың маңыздылығы өте жоғары болмақ» - деп сөзін түйіндей отырып, спикерлерге сәттілік тіледі. Маркетинг бөлімінің жетекшісі, география магистрі, аға оқытушы 8, 10, 11-сыныптарға арналған жаратылыстану және математикалық, қоғамдық-гуманитарлық бағытта мектеп мұғалімдеріне арналған «Географиядан» әдістемелік құралдардың авторы, аға оқытушы Бейкитова Альбина Нурахмятовна жаратылыстану және география институтында 36-дан астам білім беру бағдарламалары бойынша үш сатылы білім алуға болатынын, яғни бакалавриат, магистратура және докторантура мамандықтары туралы кеңінен ақпарат берді.

 

Магистратура және докторантураға түсу ережелері мен талаптары, қажетті құжаттар, ағылшын тілі бойынша сертификат түрлері, олардың шекті баллдары туралы қатысушыларға ақпарат берді. Сондай-ақ, Абай атындағы ҚазҰПУ-ды тәмамдаған түлектер, ақылы бөлімге келген жағдайда оларға берілетін жеңілдіктер туралы хабардар етті. Абай атындағы ҚазҰПУ география пәні мұғалімдерінің географиядан біліктілікті арттыру курстарына арналған пакеттермен таныстырып, бұл курстар теориялық білімдерін шыңдай отырып, практикалық, әдістемелік тұрғыда мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруға ықпал ететінін атап көрсетті.

 

Семинарда география ғылымдарының кандидаты, доцент, Алматы қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының директоры Асубаев Берік Құттыбайұлы «Географияны оқытудағы төңкерілген сабақ, оның ерекшеліктері» атты тақырыпта баяндама жасады. Географияны оқытуда төңкерілген сабақтың ерекшелігі -тақырыпқа байланысты оқушыларға үй тапсырмасы алдын-ала өздігімен зерттеуге беріледі. Тапсырмаларды ауызша және жазбаша түрде беруге болады. Яғни, оқушылар параграфта берілген мәтінді оқып, қосымша ақпарат көздерін пайдаланып, мәселені шешудің жолдарын қарастырады, диаграмма, кластер, менталды карта және тағы басқаларды рәсімдеп келеді.

 

Төңкерілген сабақты ұйымдастырудың нәтижесінде оқушылар өздігінен білім алуға дағдылана түседі, өмір бойы білім алу қағидасын ұстанады, оқуға деген ынтасы және жауапкершілігі артатын болады. "Табиғатты пайдалану және геоэкология», «Геоэкономика» бөлімдерінің мақсаттарын сарамандық жұмыстар арқылы жүзеге асыру» тақырыбында география ғылымдарының докторы, профессор «Жаратылыстану» және «География» оқулықтарының авторы Абдиманапов Бахадурхан Шәріпұлы шеберлік сыныбын өткізді. «Геоэкологиялық жобалау» атты сарамандық жұмысқа оқушыларға жергілікті компонентті ескере отырып, шағын жоба ұсынуға болатынын жеткізді.

 

Мысалы, өз аймағыңыздағы Талғар өзені аңғарының немесе бұзылған аумақтардың (антропогендік ландшафттардың) бір бөлігін ландшафтық көгалдандыру және рекреациялық рекультивациялау жобасының эскизін жасау қажет. Жобаны презентациялау, сыныпқа таныстыру, соңында ең үздік жобаны таңдап алуға болады. «Жергілікті өнімдер мен қызметтерді жарнамалау» тақырыбында төмендегі сарамандық жұмыс жасатуға болатынын түсіндіріп өтті. Бір мысал ретінде, «Көркем өнер» атты өнер тауарлары дүкенін ашу.

 

Бұл жұмыста оқушылар шығармашылыққа, қол өнер, көркем өнер тауарларын жарнамалайды, дүкеннің жұмыс істеу уақытын, логотипін, дизайнін, дүкен визиткасын, тұтынушыларды қалай тартуға болатынын, әлеуметтік желілер арқылы тауарларды жеткізу жолдарын өздері ойлап тауып, оны брендке айналдырудың бағыттарын ұсынатын болады. Осы жұмыстары орындау арқылы оқушылар отандық өнімдерді жарнамалауды үйренеді, бәсекеге қабілеттілігі мен сапасына талдау жасап, баға беру құзыреттіліктері дамитын болады.

 

«География сабағында ашық және жабық тапсырмаларды жасау ерекшелігі» тақырыбында С.Кәттебеков атындағы жалпы білім беретін орта мектептің география пәні мұғалімі, Шымкент қаласы педагогикалық шеберлік орталығының тренері Нуржанова Каламкас Кудайбергеновна баяндама жасады. Оқу жетістіктерін бағалауға арналған тапсырмаларды құрастыру кезеңдері мен олардың сипаттамасына тоқталды, ашық және жабық тапсырмалардың түрлеріне талдау жасады. Осы типтегі тапсырмаларды жасауға қойылатын талаптарға қрса олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін түсіндірді.

 

География пәні бойынша дұрыс реттілікті анықтауға, сәйкестікті, салыстыруға арналған, шындық немесе жалған тапсырма, қысқа және толық жауапты қажет ететін тапсырма, репродуктивті ізденіске арналған тапсырмаларға арналған мысалдар келтіріп, жан жақты талдап көрсетті. «Географиялық сабақтарда пәндік және метапәндік дағдыларды кіріктіріп дамыту тәсілдері» тақырыпта жаратылыстану ғылымдары магистрі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты Қаратабанов Руслан Әділханұлы баяндама жасады.

 

Географиядан сабақты жоспарлағанда құндылықтарды, кең көлемді қолданылатын дағдылар, бітірушінің атрибуттарына, білім беруде күтілетін нәтижелер мен пәні бойынша күтілетін нәтижелерге аса мән беру керектігіне ерекше тоқталды. Білім берудегі құндылықтар: қазақстандық патриотизм, азаматтық жауапкершілік, құрметтеу, ашықтық, еңбек және шығармашылық, өмір бойы білім алу. Спикер география сабақтарына кең көлемдегі дағдыларды, атап айтсақ, алған білімін функционалды және шығармашылық тұрғыда пайдалану, сыни ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, АКТ қолдану, тілдік дағдыны қолдану, топта және жеке жұмыс жасауға ерекше мән беру керектігін айтты.

 

Білім беруде жиі қолданылатын тәсілдемелерге, соның ішінде конструктивті, таксономиялық, шиыршықты, белсенді оқыту әдістері, скаффолдинг, коммуникативті, инклюзивті, критериалды бағалауға кеңінен тоқталды. Блум таксономиясына негізделген географиядан оқу мақсаттарын қалай қоюға болатынын мысалдармен көрсетті. Қазақстандағы демографиялық жағдайды талдаудың негізінде демографиялық саясаттың өзіндік моделін ұсыну. Мұнда негізгі демографиялық көрсеткіштерді біледі, демографиялық көрсеткіштер арасындағы өзара байланыстарды түсінеді.

 

Демографиялық көрсеткіштерді есептеудің формуласын қолданады, демографиялық жағдайды талдайды, демографиялық талдау нәтижелерін бағалайды, демографиялық саясат моделін жинақтайды (синтездеу). География сабақтарында берілетін әрбір тапсырма Блум таксономиясындағы ойлау дағдыларының барлығын дерлік қамтуы тиіс екенін автор нақтылап айтты. Республикалық онлайн семинарда спикерлерге тыңдаушылар тарапынан жаңартылған білім мазмұны төңірегінде сұрақтар қойылып, қалыптасқан мәселелер төңірегінде пікірталасқа ұласты. Семинарға қатысушалар өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын айтты, ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

 

Авторы: Альбина Нұрахмятқызы Бейкитова,
Абай атындағы ҚазҰПУ жарылыстану
және география институтындағы маркетинг
бөлімінің жетекшісі, аға оқытушы

23.04.2021 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz

 



584

Кері оралу