қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
01.06.2021

Ұлт мақтанышына айналған азамат

 


 

Көбей (Көпжасар) ағадан аяқ астынан көз жазып қаламыз-ау деген ой ешбірімізде болған жоқ. «Өмір - өткінші» дейтіні сондықтан болса керек атам қазақтың. Асыл ағамыздың арамыздан кеткеніне де, міне, жылға жақындапты.

 

Туған ағамыздай болып кеткен, жа­нындағыларға қалтқысыз қамқорлық танытатын ең жақын, шынайы жанашыр адамнан қапыда көз жазып қалдық. Ол кісі - 2010 жылдан бері академияның Қоғамдық-гуманитарлық бөлімшесі төрағасының орынбасары, ал мен 2013 жыл­дан бастап 2017 жылдың қоңыр күзіне дейін аталған бөлімшенің ғалым-хатшысы ретінде қатар қызметтес болып, өте жақын араласқанбыз.

 

Ұлттық ғылым академиясының Қо­ғам­дық-гуманитарлық ғылымдар бөлімшесінің ғалым-хатшысы ретінде ғылыми-ұйымдастыру жұмыстарымен қоса академия мүшелерінің мерейтой­ларын, кездесу кештерін, жаңа кітап­тарын баспадан шығарып, олардың тұсау­кесерлерін өткізуге, тіпті «Өмір бар жерде - өлім бар» демекші, өмірден озған­дарын ақтық сапарға шығарып салу секілді іс-шаралар тәртібіне дейін даяр­лап, алдына барғанда Көбекең ақыл-кеңе­сін, көмегін, қолғабыс-жәрдемін аямай­тын.

 

Мұны ол кісінің Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ректорлық қызмет атқарған кезінде де байқағанмын. Сол кезде қабылдауына барғанда өтінішімді еш сөзге келмей, қолма-қол орындап риза еткені есімде. Ондай жақсылықты қа­лайша ұмытасың?! Кейде Көпжасар Нәрі­байұлының сол ілтипат-көңілі мен азаматтығы еске түскенде, басшы болса, сондай-ақ болсын дегің келеді. Ұлы данышпан Абай Отыз сегізінші қарасөзінде Алланың соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың: «Хайрун нас - мән йанфағу нас» (адамның жақсысы - кісіге жақсылық жасайтын адам) деген қа­сиетті хадисін келтіреді. Міне, сол айт­қандай, біздің Көбей ағамыз да осындай салих амалды, жаны ізгі адамдардың сана­тынан еді. Ол кісі талай адамға жақ­сылық жасап, қол ұшын созды, көмегі тиді, мүмкіндігінше қамқорлық көрсетті.

 

Орта мектепте бірге оқыған сыныптас досы, ақын Әбдірахман Асылбековтің: «Аялап бала күннен асқақ арман, Бір шоқы биік жүрдің басқалардан, Сол соқпақ Алматыға алып келді, Тараздан ең әуелі бастау алған», деп жазған Көбекең дүние есігін ашқанда атын Қалдығыз әжесінің «Көпжасар» деп молдаға азан шақырып қойғызғаны да «көп жасасын», «өмірі ұзақ болсын» деген ізгі ниеттен туған болса керек. Алайда, бала кезінен ата-анасы, туған-туысы, бүкіл ауыл-аймағы оны тууы туралы куәлігіндегі есімімен атамай, «Көбей» деп кеткен. Бұл да «ұрпағы көбейсін», «үрім-бұтағы көп болсын» деген ізгі ниет пен жақсы ырымнан шық­қан шығар. Ол тіпті ауылдағы бастауыш, жетіжылдық, Тараз қаласындағы онжыл­дық мектепті де «Көбей» болып бітірген. Тек сол кездегі астана Алматыға барып, оқуға түскен соң ресми құжат бойынша «Көпжасар» деп атала бастаған.

 

Тараз өңірінің өзі құралпылас азаматтары, жақын-жуықтары ағамызды әлі күнге дейін «Көбей» деп атайтынын бертінде ғана білдік. Мұны бірде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ­тың біртуар азаматтарының бірі - Қара­тай аға (Тұрысов) бір мәселе жайлы айт­қанымда маған: «Көбейге бардың ба?», «Көбеймен ақылдас» дегенінде барып ішім сезді. Сөйтсем, Қаратай көкеміз де сыйлас інісін баяғы ауылдағы «тарихи» атымен атайды екен. Содан мен де кейде ара-арасында қадірменді ағамызды үйрен­шікті әдетпен ауылдың тәртібі бойынша «Көбей аға» немесе «Көбей көке», «көке» деп әр нұсқада атап жүре­тін болдым.

 

Оған біздің Абай университетінің сол кездегі менен лауазымы жоғары, атынан ат үркетін кейбір басшылары Көбекеңнің сабырлы да салмақты, ба­йып­­пен байқап сөйлейтін, сырт қара­ғанда қаталдау көрінетін келбетінен бата алмай ма қайдам, маған таң қалып, «Сен қалай ол кісіге еркін сөйлейсің? Қалжың да айтасың. Сенің сөзіңнің бәрін ағаң көтереді», деп өздері айта алмаған шаруа­ларын мен арқылы айтқызатын, орындататын. Бұны ағаның маған деген жоғары сенімі деп ұғатынмын.

 

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық даналығы. Көпжасар Нәрібайұлы ұлағатты ұстаз, қайраткер ғалым, тәлімгер-тәрбиеші еді. Оның іскерлік-ұйымдастырушылық қабі­леті, адамгершілік-кісілік қасиеті, қандай ортада да болсын өзін-өзі ұстауы, сөз сөйлеу мәнері, адамдармен мәмілесі, жеке басының үлгі-өнегесі өзінен кейін­гілерге өмір сабақтарындай ерекше та­ғы­лым танытатын. Ол кісі кейде риза болғанда басшы ретінде маған өзіне жақын тартып, «айналайын, қарағым, қалқам, мынауың дұрыс болған екен, осыны әрмен қарай жалғастыру керек» деген секілді жылы сөздерін айтып демеу білдіретін. Солайша жүрегіңе жылу ұялататын.

 

Бірде Көбекең күнделікті қызметінде ескеретін, басшылыққа алатын өзі жаз­­­­ған жадынама жазбаларын «оқып шық» деп беріп еді. Сондағы қолжазба еңбектен байқағаным - ағамыз өзінің сонау Дінмұхаммед Қонаев заманындағы он жылдан аса министрдің орынбасары, министр қызметінен бастап, бертіндегі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде табаны күректей он жыл рек­торлық еңбек еткен жылдарын­да қағазға түсірген басшы этикасы қан­дай болуы қажет, қарамағындағы қызмет­кер­лермен қарым-қатынасы қалай бол­ғаны абзал, ұжымдық еңбекті қалай басқарған-ұйымдастырған орынды деген сынды өзекті мәселелерге ерекше мән берген екен. Басшылық қызметте кәдеге жарайтын құнды ойлар, пайдалы кеңес­тер жинақталыпты. Бұл - кеңестік кезеңде басшыларға оқытатын «Еңбекті ғылыми негізде ұйымдастыру» деген оқу пәнімен салыстырғанда мағынасы мен тақырып ауқымы анағұрлым кең қолданбалы құрал сияқты еді.

 

Көпжасар Нәрібайұлы мемлекетшіл, халқына жаны ашитын, елінің мүддесін ойлайтын нағыз зиялы азамат болатын. Мұны 1986 жылғы әйгілі Желтоқсан көтерілісі кезіндегі дүрбелең тұсында байқадық. Ол «ұлтшыл» деп айыпталып, министр қызметінен босатылды. Мұндағы негізгі тағылған айып - министр Көбекең лауазымдық қызметін асыра пайдаланып, жоғары оқу орындарында қазақ жастарын шектен тыс көбірек оқытып, басқа этностардың өкілдеріне, әсіресе, орыс халқының мүддесіне орасан зор зиян келтірді деген жайт болатын.

 

Ал шындығында Қазақстан жоғары мектебінде ешқандай ұлтшылдықтың ұшы­ғы да жоқ еді. Бұл көпе-көрнеу жа­был­ған жала болатын. Ешқандай қисынға да, ақылға да сыймайтын әңгіме еді. Оны министр Көпжасар Нәрібайұлы дәлелдеп те берді. Республикадағы студенттер арасында қазақ жастарының үлес салмағын халықтың барлық санымен емес, тек жоғары оқу жасындағы жастар санымен салыстыру қажеттігін, бұл статистика ғылымындағы ашық та айқын заңдылық екенін нақтылы, әрі бұлтартпас дәлелдермен орны-орнына қойып берді. Сонда да оның сөзіне құлақ аспаған жоғарыдағылар министр К.Нәрібаевқа «өз еркімен кетуге» өтініш жаздырды. Сол тұста ұлт болашағын ойлаған азаматын қадірлемеген жандайшап басшыларды да көріп, өз ішіміздегі алауыздықтың куәсі болдық.

 

Алайда, уақыт деген ұлы таразы кейіннен барлығын өз орнына қой­ды. Бұл орайда біз ағамыздың өн бойы­нан кешегі кеңестік кезеңдегі ұл­тын сүйгендігі үшін «ұлтшыл» деген жаламен бастарын бәйгеге тіккен ұлы тұлғалар Ахмет Байтұрсынов, Мір­жақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев пен Жүсіп­бек Аймауытовтардың өршіл де өрелі, тұңғиық та терең тылсым жан дүние­сінің үлгісін көргендей боламыз. «Ел - бүгіншіл, менікі - ертеңгі үшін» деп Ахаң (Байтұрсынов) айтқандай, кешегі «шаш ал десе, бас алатын» жағымпаз, желөкпе басшысымақтар өткен күнге қызмет етсе, ал ағамыз болашақ үшін - еге­мен еліміздің келешегі үшін өлшеусіз қызмет еткен біртуар тұлға екенін өмір шын­дығы айқын көрсетті.

 

2009 жылы бұрын Білім министрі болған Шайсұлтан Шаяхметов ағамыз­дың 70 жылдық мерейтойына байланыс­ты «Тәуелсіздік тұсындағы тұңғыш министр» деген тақырыпта естелік-эссе жаз­дым. Оны жазып бітірген соң, қол­­жазбаны Көбей ағаға апарып көр­сеттім. Өйткені онда ол кісінің 1991 жылы сәуір айында Қазақ мемлекеттік универ­ситетіне қалай ректор болғаны, не үшін, қандай себеппен ұсынылғаны, министрдің бұл ұсынысын Елбасының қол­дағаны, министрліктің алқа мәжі­лісінде бекітуге Алматы сауда техни­кумының жаңа директоры Клара Қожа­бекова екеуін менің телефон соғып ша­қыр­ғаным жайлы жазылған еді. Бірақ екі басшының аттарын әдейі атамай жазғанмын. Ағай мақалаға асық­пай көз жүгіртіп шықты да, өзі туралы жазыл­ған жолдарды оқып отырып: «Мына жерде мені жазыпсың ғой», деп бұрыл­ды маған. Мен мақала қолжазбасын әдейі көрсетіп отырғанымды, егер өзі мақұл­дамаса бұл мысалды алып тастайтынымды айтқанымда: «Дұрыс. Тарих қой. Шын­дығы солай болған. Шайсұлтан жақсы адам еді. Иманды болсын, жа­рықтық», деп газетке шығарғанымды дұ­рыс көрді.

 

Көпжасар Нәрібайұлының өмірінің соң­ғы он жылдан астам уақыты қара­ша­ңырақ жоғары оқу орны - Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өтті. Онда ол ректор Серік Пірәлиевтің, одан кейінгі басшы Такир Балықбаевтың кеңесшісі қыз­метімен қоса «Тұлғатану» орталы­ғы­­ның жетекшісі ретінде абыройлы ең­бек етті. Академик-ұстаздың қаты­суы­мен «Ұлт­тық тәрбие» пәнінің оқу бағдар­ла­масы жасалып, бірнеше оқулық пен оқу құ­ралы, «Ұлттық тәрбие» журна­лы жарық көрді.

 

«Тұлғатану» орталығы ұлтымыздың көр­некті тұлғаларын зерттеп, оларды шәкірт­­терге, қалың көпшілікке таныс­тырумен айналысты. Оған Көпжасар Нәрі­байұлының өзі ерекше үлес қосты. Айта­лық, әл-Фараби, М.-Х. Дулати, Төле би, Жауғаш батыр, Қазыбек бек Тауасар­ұлы, Абай Құнанбайұлы, Жыр алыбы - Жам­был, Мұхтар Әуезов, Бауыр­жан Момыш­ұлы, Дінмұхаммед Қонаев, Мәсім­хан Бейсебаев, Әди Шәрі­пов, Өзбекәлі Жәні­беков, Мұрат Жұрынов сынды талай көрнекті тұлға­лардың адами-адамзат­тық келбетін өздері өмір сүрген қоғам­мен, айнала қор­шаған ортамен тығыз байланыста зер­делеп, елге, көпшілік қауымға кеңінен наси­­хаттады.

 

Бұл еңбектерінің бірнешеуінің басын қосып, ғалым-қайраткер ағамыз 2012 жылы «Тұлғаларға тағзым» деген атпен жеке кітап етіп шығарды. Соң­ғы жылдары жазған жазбалары 2018 жылы өзінің 80 жылдық мерейтойына арнап шығарған «Таңдамалы шығармалар» жинағынан орын алды. Ал «Қазақ университеті» баспасы «Өнегелі өмір» сериясынан Көбекеңнің тікелей ұйымдастыруымен «Бауыржан Момышұлы», «Дінмұхаммед Қонаев», «Асанбай Асқаров» атты ғылыми-танымдық кітаптар шығарды.

 

Бұлардан бөлек, Көпжасар Нәрібай­ұлының «Жасырын жатқан жырларым» атты өлеңдер жинағы, Рақыш Әмі­ров, Темірбек Қожакеев, Сәдуақас Темір­беков, Кенжеғали Сағадиев, Сағындық Сатыбалдин, Нәзікен Алпамысқызы секіл­ді замандастары мен әріптестері, курс­тас достары жайлы эссе мақалалары, оқу-білім, тәлім-тәрбие, экономика туралы жазған еңбектері, бірқатар оқу­лық пен оқу құралы (жиыны 280-нен астам еңбек) жарық көрді. Олардың екеуі Америкада, біразы Германияда, Ұлы­британияда, Францияда жарияланды.

 

Академик ғалымның өз тұстарынан ерек­шелігі - ол үш тілді - қазақ, орыс, ағыл­шын тілдерін жетік меңгерген, еркін сөйлей де, жаза да алатын еді. Оған оның кеңестік заманда Америка Құрама Штаттарында білімін көтеріп, бір жылдан астам Принстон, Флорида, Нью-Йорк университеттерінде ғылыми тағлымдамадан өткені, сөйтіп экономика тақырыбында КСРО мен АҚШ тәжірибесінен докторлық диссертация қорғағаны көп ықпал еткені байқалады.

 

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғы­­лым академиясының академигі, эко­но­мика ғылымдарының докторы, про­фес­сор Көпжасар Нәрібайұлының ерен­ еңбегі мемлекетіміз тарапынан лайық­­ты бағасын алды. Ол «Парасат», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Астана», «Еңбегі сіңген зиялы» (Моңғолия) медальдарымен, «Қазақ­станның еңбек сіңірген ғылым және тех­ника қайраткері» құрметті атағымен марапат­талды.

 

Ұлт мақтанышына айналған азаматтың «Елім!» деп өткен өмірі - баршамызға өнеге.

 

 

Авторы: Бақтияр Сманов,

Ұлттық ғылым академиясының академигі

01.06.2021 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz