қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
08.06.2021

Педагогикалық практика - болашақ маманның шыңдалу мектебі

 


 

«Оқытушыны бағалағанда олардың іске қатысы жоқ сөздеріне қарап емес, олардың егістіктерінің бетіне шыққан жемістеріне, яғни оқушыларына қарай бағалау керек», - деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, бүгінгі ХХІ ғасыр құрғақ сөз бен бос мақтанның емес, нәтижелі еңбектің бәсекеге түсетін ғасыры. Ғылым мен білім қарыштап, әлем цифрлық дәуірдің есігінен жарыса енген ғасырда ілгері көштен кейін қалмау үшін біздің де білім беру саламыз қашанда соны серпінде болуы керек.

 

Белгілі ғалым К.Д.Ушинский: «Мұғалім - өзінің білімін үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатса, оның мұғалімдігі де жойылады» деген екен. Олай болса, біз бүгінгі жаһандану заманында өзіміздің ғылыми әлеуетімізбен озық мемлекеттермен иық тірестіреміз десек, онда білім жүйесінде кең қолданыс тауып жатқан инновациялық технологияларды еркін меңгергеніміз абзал. Өздеріңіз білетіндей соңғы жылдары елімізде ғылым мен білім дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтар болсақ: орта мектептерді техникалық құрал-жабдықтармен жабдықтау, сол мектептерде жұмыс істейтін мұғалімдердің еңбек ақысын көтеру, олардың сабақ жүктемелерін азайту сияқты көптеген бастамалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы болашақ мұғалімдердің ертеңіне деген үлкен жауапкершілік пен қамқорлықтың айғағы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел экономикасына қаншалықты ауыр болса да ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев еліміздің дарынды жастарына шетелдің үздің оқу орындарына оқуға мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасын өмірге әкелген еді. Сол бағдарлама негізінде 20 жылда 15 мыңнан астам жастарымыз әлемнің әр шаңырағында өз білімдерін шыңдап, шетелдік мықты тәжірибелерді меңгеріп, бүгінгі таңда елімізде қызмет істеп, жақсы көрсеткіштерге жетіп отыр. Міне, мұның өзі де, сайып келгенде, ел ертеңіне деген үлкен қамқорлықтың белгісі екені даусыз.

 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлттық құндылыққа қанығып өскен өреннің танымы терең, діні берік болады. Ата-бабалар аманат еткен ұлан-ғайыр даланы аман сақтау, ең алдымен, жас буынға артылған зор үміт. Кейінгі ұрпақ Тәуелсіздігіміздің туын әрқашан биік ұстауы тиіс... сондықтан білімі терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктеледі», - деп бұл мәселеде ұстаздар қауымына да артылар міндеттің оңай болмайтынын анықтап берді. Бұл деген сөз, ең алдымен, сол педагог кадрларын даярлайтын жоғары оқу орындарының да жауапкершілігін арттырып тұрғаны белгілі.

 

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі еліміздің білім саласына аса қажетті дуальді оқыту бағдарламасын қолданысқа енгізгеніне де, міне, екі жылға жуықтап қалды. Бұның басты ерекшелігі бүгінгі студент ертеңгі бәсекеге қабілетті сапалы маман болып шығуы үшін теориялық білім мен практиканы қатар алып жүреді деген сөз. Яғни жоғары мектеп пен орта мектеп арасы алшақтамай, ынтымақтастықта біріге жұмыс жасайды. 90 жылдан астам уақыттан бері қазақ даласына білім нәрін себетін педагог-кадрларын даярлап келе жатқан қазақ білімінің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де бұл міндетке аса үлкен мән беріп, зор жауапкершілікпен орындап келе жатыр.

 

Болашақ мұғалімдеріміздің заман талабына сай жан-жақты, мамандығына бейім, сапалы маман болып шығуы үшін былтырғы оқу жылының өзінде студенттерімізді практикадан өткізу үшін 95 білім беру мекемелерімен келісім-шарт жасалды. 2019/2020 оқу жылында дуальды оқыту бағдарламысы негізінде 4 курс студенттері аптасына екі күн университетте теориялық білім алса, 4 күн мектепте педагогикалық практикада болды. Жалпы, осы жылы 834 студент практикадан өтті. Практикант-студенттер тарапынан іс-тәжірибе барысында 2041 ашық сабақтар өткізіліп, 587 тәрбиелік шаралар ұйымдастырылды. Өздерінің кәсіби шеберлігін көрсете білген 208 білім алушымыз сол жылы өздері барған метептерге жұмысқа орналасты. Биылғы 2020/2021 оқу жылында бұл көрсеткіш екі есеге артты. Студенттердің педагогикалық практикасын ұйымдастыруды біз жаңа оқу жылы басталмас бұрын қолға алып, барлық студенттерді Алматы қаласы мектептеріне толық бөлуді 25 тамызға дейін аяқтадық. Соның нәтижесінде жаңа оқу жылында студенттер теориялық білім мен практиканы қатар бастап кетті. Биылғы жылы студенттер тарапынан жалпы алғанда 3516 ашық сабақ, 1817 тәрбиелік шаралар өткізілді. Педагогикалық практикаға бөлінген студенттер арасынан 297 білім алушымыз мектеп басшылығының сұрауы бойынша жұмысқа орналасты. Практика жұмысын жандандыру үшін біз орта білім беру ұйымдарында 10-15 жыл сынып жетекшісі болған ұстаздардан және ЖОО -ның білікті мамандарынан жұмыс тобын жасақтадық. Бұл жұмыс тобы практикант-студенттерді сынып жетекшісі болуға даярлайтын элективті курс бағдарламасын жасайды. Осындай нәтижелі жұмыс арқылы біз биылғы оқу жылында 3618 білім алушымыз педагогикалық практиканы ойдағыдай аяқтады. Сөйтіп педагогикалық бейіндегі бітіруші курстардың студенттері өздері практикаға барған мектептерде жұмыста қалып қойды. Университетіміздегі «Мансап» орталғымызға биылдың өзінде 4 мыңға жуық болашақ мұғалімге тапсырыс түссе, мұның өзі біздің мамандарымыздың сапасы арта түскенін көрсетіп отыр.

 

Кәсіби педагогикада технологиялық тенденцияның пайда болуы кездейсоқ құбылыс емес. Өйткені атам заманнан педагогика ғылымы кәсіби мектептің педагогикалық үдерісте жоғары және тұрақты нәтижеге жету жолдарын іздестіріп келеді. Әлеуметтік жағдайлар мен талаптардың барлық өзгерістеріне бейімделе отырып, кәсіби педагогика жаңа тәсілдер, әдістер мен формаларды көбірек жасауға тырысты. Себебі педагогикалық тәжірибе болмаған жерде тәрбие мен білімнің қарыштап дамуы мүмкін емес. Сондықтан өткен ғасырларда да қалыптасқан көптеген ғылыми мектептердің шәкірт тәрбиелеу бағыты педагогикалық тәжірибеге негізделді. Осы орайда қазақ білімінің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті сапалы педагог даярлау үшін мына үш қағиданы басшылыққа алып отырғанын атап айтуымыз қажет. Ол, біріншіден, мұғалімдердің біліктілігін үзбей жетілдіріп отыру, екіншіден, студенттердің практикалық білімін көтеру, үшіншіден, жаңартылған білім мазмұны бойынша кадр даярлау. Міне, осы үш қағиданы тең ұстаған жағдайда біздің кадрларымыз мемлекет сұранысын қанағаттандыра алатын сапалы маман болатыны сөзсіз.

 

Біздің университет тек қана еліміздің орта білім беру жүйесімен ғана емес, сонымен бірге арнаулы орта білім беру мекемелерімен де тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасап келеді. Айталық, біз Алматы мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық колледжімен бұрыннан әріптестік байланыста болсақ, дуальді оқыту бағдарламасы қолға алынғаннан бері, әсіресе, соңғы екі жылда университет педагогикалық практиканы 1 жылға созған кезде колледж әкімшілігімен қоян-қолтық жұмыс атқарылуда. Дуальді оқытудың элементтерін колледж бұрыннан пайдаланып келеді. Осы тәжірибемен бөлісу мақсатында колледж бен университет арасында оқу-әдістемелік жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табуда.

 

Ал №2 Алматы мемлекеттік гуманитарлық-педагогикалық колледжінде педагогикалық шеберлікті арттырудың белсенді түрлерінің бірі пәндік-әдістемелік комиссиялардың қызметі болып табылады. Пәндік-әдістемелік комиссиялардың жұмысы ОӘК туралы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады және педагогтің тұлғалық дамуын қамтамасыз етеді, өз білімін жүзеге асыру және кәсіби деңгейін арттыру үшін жағдай жасауға ықпал етеді, колледж оқытушыларының қала мен республиканың педагогикалық білім беру кеңістігіне белсенді қатысуын үйлестіреді.

 

Біздің университетіміздің дуальді оқыту бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстарының көлемі жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар Алматы қаласының колледждерінен педагогикалық тәжірибеден өтетін студенттер саны да 2 есеге артты. Мысал келтірер болсақ: 2019/2020 жылы 20 студентіміз колледж қабырғасында практикадан өтсе, 2020/2021 оқу жылында 43 білім алушы колледж қабырғасында тәжірибе жинады.

 

Ал Алматы қаласының мектептерінде педагогикалық практикадан өтіп жатқан білім алушыларымыз мектеп қабырғасында метеп мұғалімдері сияқты қызмет атқаруда. Олай дейтініміз, біздің әдіскер педагогтарымыздан дәріс алған студенттеріміз сол теориялық дәрістен алған білімін практикада мектеп оқушыларына меңгертіп, өздері де сол жердің білікті мұғалімдерінен мол тәжірибе жинақтауда.

 

Біздің студенттеріміз мектеп қабырғасында педагогикалық іс-тәжірибеден өтпес бұрын олар университетте жаңартылған білім мазмұнымен толық танысып шығады. Өйткені бүгінгі таңда оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыруда соңғы үлгідегі инновациялық технологиялардың орнын ерекше. Сондықтан да біз өз студенттеріміздің жоғары сұранысқа ие маман болуы үшін осы мәселелерге баса көңіл аударамыз. Айталық біздің профессор-оқытушыларымыз студенттерге арналған дәрістерінде төмендегідей әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданады. Олар: Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту, Интербелсенді дәріс, Проблемалық дәрісте жағдаяттар туғызу әдісі, Кластерлер әдісі, Ойлан, Жұптас, Пікірлес, Қос жазба күнделігі, Білемін, білгім келеді, Белгі қойып оқу немесе INSERT, ЖИГСО, Топтық зерттеу (Бірлескен жұмыс), LearningApps», «Flippity», QR-код әдістері арқылы студенттің мамандыққа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, оның болашақта жоғары сұранысқа ие маман болуына да ықпал етеді.

 

Өздеріңіз білетіндей әлемді жайлаған COVID-19 пандемиясының кесірінен жылдар бойы жалғасып келе жатқан өмір сүру қағидаларымыз тіпті басқа арнаға бет бұрды. Бұрын университет пен мектеп қабырғасында еркін жүріп, ұстаздарының алдынан өз қалауынша білім алатын білім алушыларымыз да қауіпсіздік мәселесі үшін онлайн оқу жүйесіне көшті. Алғашқы уақытта бұл мәселеде барлық мемлекеттік құрылымдар сияқты білім беру жүйесіне де өз қиындықтарын туғызбай қоймады. Дегенмен де қысқа уақыт ішінде бұл мәселе де оңтайлы шешімін тауып, бір жүйеге қойылды. Біздің университетіміз де «Цифрлы педагог» онлайн-курсын ұйымдастырды. Бұл курстан оқу орнының профессор-оқытушылары мен қызметкерлері жаппай өту үшін төрт кезеңге бөлініп, екі апта бойы үзбей дәрістер жүргізілді. Бұл курсқа 750-ге жуық оқытушы-профессорлар қатысты. Біздің оқытушыларымыз студенттермен бірге жасалатын жұмыстарды қалай жобалауды меңгерді. Әсіресе, miro.com, padlet.com, mentimeter, google де құжаттарды, сонымен қатар OBS-studio көмегімен бейне дәрістерді қалай өткізуге болатынын үйренді. Сонымен қатар Zoom, Google Meet-те бейне конференцияларын қалай ұйымдастыруға болатынын, edpazzle көмегімен бейне аудио және мәтіндік материалдарды қолдана отырып, интерактивті тапсырмаларды қалай құру керектігін, discord платформасында студенттермен қалай байланыс жасау керектігін меңгерді.

 

Осы атқарылған нәтижелі жұмыстардың арқасында біз биылғы оқу жылында бітіруші студенттерімізге онлайн жағдайында сабақты қалай ұйымдастыру керектігін толық меңгеріп шықты. Сонымен қатар біз мектеп пен университеттің әріптестігін нығайту үшін былтырғы оқу жылынан бастап 30 сағаттық мектеппен байланыс жұмысын қолға алдық. Яғни біздің профессор-оқытушыларымыз оқу жылы ішінде 30 сағат көлемінде Алматы қаласының орта мектептерімен ғылыми-әдістемелік байланыста болады. Осы жұмыс аясында 2019/2020 оқу жылында 350-ге жуық профессор-оқытушылар құрамы мектепте 30 сағат көлемінде жұмыстар жасады. Олардың көмегімен мектептерде 63 арнайы элективті курс, 167 дәріс, 140 семинар, шеберлік-сынып, YouTube пен Facebook-та 40 онлайн-сабақтар өткізілді. Сондай-ақ оқытушыларымыздың тікелей көмегімен 187-і оқушы олимпиада мен конкурстарға қатысып, олардың 77-і жеңімпаз атанды. Мектеп мұғалімдерімен бірлесе отырып, 92 ББ қайта жаңартылды, 5 мектепте университет кафедраларының филиалдары ашылып, 96 келісім-шарт пен 85 меморандумға қол қойылды. Ал биылғы оқу жылында бұл көрсеткіш 2 есеге артты. 2020/2021 оқу жылында 364 ОПҚ 30 сағат көлемінде мектеппен байланыс орнатты. ОПҚ тарапынан 34 арнайы элективті курс, 184 дәріс, 148 семинар, шеберлік-сыныптары мен вебинарлар, YouTube пен Facebook-та 65 онлайн-сабақтар, 10 онлайн-дәріс, 6 серіктестік сабақтары өткізілді. Сонымен қатар оқытушыларымыздың көмегімен 457 оқушы олимпиада мен конкурстарға қатысып, 49 жеңімпаз атанды. Биылғы жылы да мектептің әдіскер мамандарымен бірлесе отырып 61 білім беру бағдарламасы жаңартылды. 10 мектепте кафедраларымыздың филиалдары ашылып,123 меморандумға қол қойылды.

 

Міне, біз елімізді педагог кадрлармен қамтамасыз ететін ұстаздардың ұстаханасы болғандықтан, қашан да студенттеріміз соңғы үлгідегі инновациялық технологияларды еркін меңгерген, құзыретті маман болғаны абзал. Ол университетіміздің педагогикалық оқу орындарының көшбасшысы деген абыройлы атағын мәңгі сақтайды.

 

Авторы: Хайрулла Жәнібеков,

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің

Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры, профессор

08.06.2021 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz

 



342

Кері оралу