қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
10.07.2021

Вакцинацияны қолдау: Қазақстандық ЖОО-лар бейнеролик жолдау акциясын бастады

 


 

Қазақстанның жоғары оқу орындары вакцинацияны қолдау мақсатында бейнеролик жолдау акциясын бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті, М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Алматы технологиялық университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты, Шәкәрім университеті, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Павлодар педагогикалық университетінің білім алушылары мен оқытушылары бейнероликтер түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялады. Бейнежазбада вакцинациялаудың қажеттілігі туралы айтылған.

 

«Мен вакцинаның екі компонентін алдым. Барлығы жақсы өтті, жағымсыз әсері болған жоқ. Жалпы, студенттер арасында вакцинацияны ынталандыру акциясын қолдаймын, өйткені келесі оқу жылында дәстүрлі форматта, яғни университет қабырғасында оқығым келеді. Ол үшін біз ұжымдық иммунитет қалыптастыруымыз керек. Мен бұл науқанды қолдаймын. Карантинге дейінгі қалыпты өмірге тек осылай ғана ораламыз», - деді М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенті Ерсұлтан Нүсіпжанов.

 

Коронавирусқа қарсы вакцинация акциясын университет оқытушылары да белсенді қолдайды.

 

«Біз бәріміз азаматтық жауапкершілік танытып, қауіпті вирусқа қарсы вакцинациялануымыз керек. Мен барлық студент пен оқытушыларды екпе алуға шақырамын. Вакцинация - коронавирусты жеңудің жалғыз жолы. Өздеріңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар», - деді Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан университетінің оқытушысы, PhD докторы Самат Байгереев.

 

 

10.07.2021 ж.

Ақпарат көзі: ult.kz