қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
26.08.2021

Өзбекәлі Жәнібековке ескерткіш орнату ұсынылды


 

Ғылыми конференция барысында О. Сүлейменов, М. Жолдасбеков, М. Жұрынов, С. Терещенко, Қ. Сұлтанов сынды белгілі қоғам қайраткерлері сөз алып, айтулы тұлғаның еңбегі туралы естеліктерімен бөлісті.

 

«Өзбекәлі Жәнібековтің жасаған жұмыстарын біз енді түсініп жатырмыз. Оның тікелей араласуымен Алаш арыстары ақталған еді. Бұл іспен ол тынымсыз еңбек етті. Оның арқасында Шәкәрім, Мағжан Жұмабаев және т.б. есімдері елмен қайта қауышты. Мұндай басшылар бізге керек еді, бүгін де керек және әрқашан қажет болады. Сондықтан да біз Өзбекәлі Жәнібековті осы типтегі басшы ретінде үнемі еске аламыз», деді, өз сөзінде Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов.

 

Мырзатай Жолдасбеков Өзбекәлі Жәнібековпен бірге жұмыс істеген кездерін еске алды.

 

«Мені қасынан қалдырмайтын, ел аралап бірге жүрдік. Қазақтың ой-санасы туралы айтқанды жақсы көретін. Сөйлеп кетсе, кеудесі кеңсарай еді. Өзі тарихшы, этнограф болды. Бірталай кітаптар жазды. Жаны таза адам еді. Мемлекет мүлкіне еш қол сұқпаған адам», деді ол.

 

Сенат депутаты Алтынбек Нұхұлы Арыстан баб қорық музейі маңындағы жабылып қалған Өзбекәлі Жәнібеков музейі тарихи-этнологиялық сипатта қатарға қайта қосу, Түркістан қаласында кең көшеге есімін беріп, ескерткішін орнату, 5 томдық шығармалар жинағын толықтырып жарыққа шығару және өмірінен деректі кино туындылар жасау, өзі оқыған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Өзбекәлі Жәнібеков атындағы аудиторияны ашу, сондай-ақ халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізу туралы ұсыныстарын жеткізді.

 

Алқалы жиын барысында Қаныш Сәтбаевтың мемориалдық мұражайы тарапынан ҚР Мемлекеттік мұрағатынан алынған құжаттар мен фотосуреттер қойылған Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен қайраткерлік қызметіне қатысты көрме ұйымдастырылды.

 

Олардың қатарында Бүкіләлемдік ЮНЕСКО тізіміне енген мәдени мұра құжаттарының көшірмесі бар.

 

 

24.08.2021 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz




194

Кері оралу