қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
10.09.2021

«Тіл - татулық тірегі» әдеби-музыкалық кеші

 

 


2021 жылдың 8 қыркүйегінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Қазақстан халқының тілдері мерекесі және Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы мен Академик С. Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен «Тіл - татулық тірегі» әдеби-музыкалық кеш болып өтті. Іс-шараны ашқан университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шыңғыс Нұрланов тілдер мерекесінің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ол өз сөзінде елімізде өмір сүріп жатқан әр ұлттың өкілдері өз мәдениеті мен әдебиетін дамытуға толық жағдай жасалғанын, ал ана тіліміз елдік пен тәуелсіздіктің, татулық пен бірліктің айғағы екенін сөз етті. Ал Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Қазына Бекпенбетова студенттерді тілдер мерекесімен құттықтап, ұйымдастырушылар жұмысына табыс тіледі.


«Тіл- ұлттың айнасы» деген ұстанымды ұстанған студент-жастарымыз туған тілімізге деген құрметі мен сүйіспеншілігін қазақтың қара домбырасы арқылы күмбірлеген күй тартып, ән шырқап және ақын-жазушыларымыздың өлеңдерін оқи отырып жеткізді. Сонымен қатар ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың қазақ тілінің дамуына қосқан үлесі мен шығармашылығы турасында баяндама жасалды. «Бірлік» Ассамблеясы ұйымының студенттері өздерінің жүрек жарды құттықтауларын ұйғыр, тәжік, орыс тілдерінде жеткізді. Іс-шара барысында сөз алған Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Нағима Ильясова алдағы уақытта кафедра тарапынан осындай игі бастамалар көптеп ұйымдастырылатынын айта келе өнерлі студенттерге шығармашылық табыстар тіледі.


Кеш соңында «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Жақауов Мақсат бүгінгі басқосу жастарымыздың достығы мен татулығын арттыратыны сөзсіз екеніне тоқтала келіп, мазмұны терең шараны ұйымдастырған Ассамблея кафедрасының меңгерушісі Гүлжиһан Шаһарман мен Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Нағима Ильясова және өнерлі студент қауымға алғыс білдірді. 

 

 

Шоқан Құттыбаев,

Абай атындағы ҚазҰПУ,

Академик С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен

әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы


10.09.2021ж.
Ақпарат көзі: 
dalanews.kz