қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
02.12.2021

Түркістаннан түлеген, Түркістанды түлеткен

 


 

Бүгінде отандық білім мен ғылым саласына ұшан-теңіз еңбек сіңіріп келе жатқан аса көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, білгір басшы, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, жаны жайсаң абзал азамат, академик Мұрат Жұрынұлы Жұрынов ­сексен жастың сеңгіріне шығып отыр. Бұған ол кісі өзіне тән сабырлылықпен, табандылықпен аспай-саспай, асықпай-аптықпай бірсыдырғы қалыппен жетті ­деуге болады.

 

Мұрат Жұрынұлының сонау күн шұғылалы оңтүстіктегі тоғыз жолдың торабы Арыс қаласында өмірге келуі, теміржол орта мектебінде үздік оқып-білім алуы, содан кейінгі бүкіл өсу-қалыптасу жолына назар сала қарап отырсаңыз, осындай кенен ойларға келер едіңіз де, дана Абайдың «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба, құмарланып шаттанба, ойнап босқа күлуге» деген ұлы өсиеті еріксіз еске түсер еді. Ол кісі данышпан ойшылдың: «Ғылым - Алланың бір сипаты, ол - халықпен, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр. Болмаса мал таппақ, мақтан таппақ, ғиззат-құрмет таппақ секілді нәрселердің махаббатымен ғылым-білімнің хақиқаты табылмайды» деген ұлағатын өзінің жеке ғұмырының берік ұстанымына айналдырғандай әсер қалдырады.

 

Әрине, болашақ қайраткер-ғалымның балалық шағы оңай бола қойған жоқ. Ол жарық дүние есігін ашқан жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, ата-анасы, отбасы, ел-жұрт алапат соғыстың ауыр күндерін бастан кешірді. Сол сұрапыл соғыс жылдары туралы ғалым: «...Біздің бала кезіміз соғыстан кейінгі қиын жылдар ғой. Қан майданнан кемтар болып қайтқан қазақтар да көп кездесетін, бірақ олар вокзалда, елдің назарын аударатын жерлерде жүрмейтін. Әдеп сақтайтын», - деп еске алады Мұрат Жұрынұлы соғыстың қиын жылдарындағы жастық шағы туралы. «Ол кезде ешкім зейнетақы алмайтын. Жұмыс орны төлейтін айлық мөлшері өте аз. Ел Арыс өзенінің ар жағындағы жазық далада мал бағып, шөп орып, тіршілігін жасайтын. Көктемде бидай егеді. Жаз бойы егіс басындағы диқандарға су тасу, бидайды диірменге жеткізіп, оны тарту мектеп жасындағы балалардың үлесіне тиеді. Себебі үлкендер одан күрделі жұмыстарды атқаратын. Тіршіліктері, күнкөрістері қанша қиын болса да, адамдар бір-біріне өте бауырмал болатын...», - деп еске алады ғалым. Міне, сол жылдардағы, одан кейінгі кезеңдердегі өмірдің қиындықтарына қарамай ата-анасы балаларына оқу-білім мен өнегелі тәрбие беруге ерекше көңіл бөлген еді.

 

Мұны Мұрат Жұрынұлының 1964 жылы Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтының «Электрохимиялық процестер технологиясы» мамандығы бойынша үздік аяқтап, осы жоғары оқу орнында ұстаздық қызметке қалдырылуы, одан 1966 жылы бүкіл әлемге танымал Д.Менделеев атындағы Мәскеу химия-технологиялық институтының аспирантурасына оқуға түсіп, ордалы отызға жетпей мерзімінен бұрын кандидаттық диссертация қорғап келуі, қырықтың қырқасына шықпай жатып тағы да сол Мәскеуде докторлық диссертациялық жұмысын қорғап, химия ғылымының докторы атануы, одан кейінгі өмір баспалдақтары, білім мен ғылым саласындағы ерен еңбектері, Халықаралық университет ректоры, Республика Білім министрі, Қазақстан Республикасы ҰҒА президенті лауазымдарына дейінгі ұйымдастырушылық өсу жолдары ата-ананың арман-тілегі мен ұлы Абайдың жоғарыдағы келтірілген өсиетіндегі ой-тұжырымға көңіл бөлгендігін танытады.

 

1991 жылдың басында елімізде Алматы мен Қарағандыдан кейін Түркістанда үшінші мемлекеттік университет ашу туралы әңгіме көтеріле бастады. Мен сол тұстағы Білім министрі Шайсұлтан Шаяхметовтың кеңесшісі қызметін атқаратынмын. Жаңа жоғары оқу орнына байланысты іс-қағаздар, ұйымдастыру жұмыстары шұғыл түрде қолға алынды.

 

Су жаңа университетке бас­шылық етуге жан-жақтан үш-төрт адамның канди­датурасы ұсынылды. Алайда министр киелі Түркістан өңірінің түлегі, ұйым­дастырушылық қабілетімен ерекше көзге түскен жоғары оқу орындарында кафедра меңгерушісінің, факультет деканы, проректор, Ғылым Академиясының органикалық синтез және көмір химиясы институтының директоры қызметтерін абыроймен атқарған тәжірибелі басшы, жасы әлі елуге тола қоймаған ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, ғылым докторы, профессор М.Жұрыновтың кандидатурасына тоқтады. Оны еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев қолдады. Сөйтіп, Елбасының Жарлығымен 1991 жылы 6 маусымда Түркістан мемлекеттік университеті ашылып, Қарағандыдағы академиялық институт директоры, қалалық ауданның «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Мұрат Жұрынұлы ректорлық қызметке тағайындалды. Араға екі жыл салып білім ­ордасына Қожа Ахмет Ясауи атының берілуі және оның Халықаралық қазақ-түрік университеті мәртебесіне ие болуы бүкіл түркі дүниесіндегі тарихи мәні бар үлкен құбылыс және біздің еліміз үшін биік абырой мен жоғары мәртебе болды.

 

Сонан туысқан екі ел басшыла­рының қолдап-қуаттауы мен бауырлас екі ел Үкіметтерінің бірлескен шешімдеріне сәйкес күллі түркі жұртындағы тұңғыш Халықаралық университет болып қайта құрылған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті өз жұмысын сәтті жүргізіп кетті. Бұл ретте жоқ жерден, сол замандағы шалғай аудан орталығынан жаңа тұрпаттағы оқу ордасын ашып, оны аяғынан тік тұрғызу, Орталық Азиядағы, қала берді барша түркі топырағындағы алдыңғы қатарлы университеттер қатарына қосуда ең алғашқы ректор, академик Мұрат Жұрынұлының жанқиярлық еңбегі орасан болғаны баршаға белігілі. Бұл тек айтуға ғана оңай шаруа.

 

Қалай дегенмен де, университеттің тұңғыш басшысы Мұрат Жұрынұлына жоғары оқу орнын қатарға қосып, қалыптастыру үшін күн демей, түн ­демей еңбек етуге, жоқтан бар жасауға тура келгенін біз жақсы білеміз. Жастарға з­аман талабына сай сапалы білім беру үшін профессор-оқытушылар құрамының әлеуеті мықты болуы да керек. Ол үшін еліміздің байырғы оқу орындарынан білікті ұстаздар шақыртып, жаңа білім ордасының профессор-оқытушылар құрамын нығайтуға тура келді. Бірақ оларды тұрғын үймен қамтамасыз етпей, жұмыс нәтижелі болмақ емес. Сондықтан оқытушыларға арнап отбасылық жатақханалар, тұрғын үйлер салу қажет. Міне, осылайша бір қиындықтан екінші қиындық туындап, бас көтертпей жатты. Алайда жігерлі басшы, зерделі ғалым Мұрат Жұрынұлы сабырмен саралап, салмақпен байыптап бұл мәселенің де шешімін тапты. Университетте профессор-оқытушылардың әлеуетті құрамы жасақталып, қалыптасты. Жаңа оқу ғимараттарын, студенттер мен оқытушылар жатақханаларын салу да біртіндеп жүзеге аса бастады. Дәрісханалар мен зертханалар, ғылыми-зерттеу орталықтары жаңа жиһаздармен, ақпараттық-коммуникациялық техникалармен жабдықталды. Оқу орнының еліміздегі және шетелдердегі беделді университеттермен байланысы күн санап артып, орнықты жолға қойылды. Айналдырған 4-5 жылдың ішінде Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің атағы шартарапқа танылып, үлкен абыройға ие бола ­бастады.

 

Мұндай игілікті іс-шаралардың барлығы қайраткер ғалым, тұңғыш ректор Мұрат Жұрынұлының ерекше ерік-жігері мен табандылығының, ұйымдастырушылық қарым-қабілетінің арқасында жүзеге асып жатты. Бұл жайттан көзі қарақты жанашыр жұрттың баршасы хабардар деп білеміз.

 

Осылайша, бұл білім ордасының дүниеге келуі еліміздің қоғамдық-әлеуметтік, рухани-мәдени өміріндегі елеулі оқиғаға айналды. Университет, шын мәнінде, көне Түркістанның тұла бойына қан жүгіртіп, оның халықаралық беделін аспандата түсті, иісі түркі жұртының ықылас-назары «Ер Түріктің бесігі - Түркістанға» (М.Жұмабаев) ауды. Ондағы арнайы жобамен салынған жаңа ғимараттардың бой көтеруі қаланың салтанатына салтанат қосты. Сонымен қатар кешегі КСРО-ның ызғарлы саясаты салдарынан туған жерінен ауып, бас сауғалап шетелге кеткен талай қандастарымыздың алыс елдерден, әсіресе бауырлас түркі елінен өз ­Отанына қайта жөңкіле көше бастауына да себепші болды. Қасиетті Түркістан топырағына аяқ басқан қандастарымыз туған елдің мәдениеті, оқу-білімі мен ғылымын бойларына сіңіріп, өз білім ұясынан қанаттанып түлеп ұшты. Бүгінгі таңда еліміздің түрлі салаларында қызмет атқарып жүрген білімді жастарымыздың қатарынан осы университеттің түлектерін көргенде бойымызды айрықша қуаныш сезімі кернейді...

 

Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін аяғынан тік тұрғызып, елдің құрметі мен абыройына бөленген академик Мұрат Жұрынұлы Жұрыновты Елбасы тағы бір сенім артып, 1995 жылы Білім және ғылым министрі етіп тағайындады. Мұндағы екі жыл да ол үшін қайнаған еңбек пен қым-қуыт тіршіліктің кезеңі болды. Бүкіл еліміздің білім жүйесін жаңа ғасырдың жаңа талаптарына сай қайта құру үшін білімі мен білігін, қажырлы еңбегін сарқа жұмсаған Мұрат Жұрынұлы бұл қызметінде де Елбасының сенімінен шықты. Сөйтіп, 1997 жылы ел Президенті оны қайта Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің президенті етіп жіберді. Иә, содан кейінгі төрт жылда да ол бар күшін осы оқу орнын одан әрі гүлдендіре түсуге жұмсады.

 

Академик М.Жұрынов Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-ды (арадағы екі жыл министрлік қызметінен кейін де) он жыл басқарды. Сол жылдары ол бірқатар іргелі жұмыстарды атқарып кетті. Айталық, жеті оқу және бір әкімшілік ғимараты, төрт жатақхана, студенттер асханасы, мәдениет сарайы іске қосылды. Мұғалімдер үшін 60 коттедж салынып, білім ордасының игілігіне жаратылды. Бұл аталған ғимарат нысандардың барлығы бүгінде академик Мұрат Жұрынұлының еңбегін айшықтап тұр.

 

Француздың өткен ғасырда өмір сүрген жазушысы Жюль Ренардың «Ғалым дегеніміз өзінің ой-пікіріне нық сенетін адам» дегеніндей, академик Мұрат Жұрынұлы 2001-2007 ­жылдары Білім және ғылым министрлігінің Д.В.Сокольский атындағы Органикалық катализ және электр химиясы институтының директоры болып қызмет істеген жылдарында өз мамандығы бойынша таза ғылыми ізденістерді ұйымдастыру мәселелерімен айналысып, ел ғылымы мен экономикасын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан еді. Сол қызметтері ескерілген көрнекті ғалым 2003 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті болып сайланып, тәуелсіз жас мемлекетіміздің бүкіл ғылым саласын қолына алды. Ең алғаш қазақтың ғұлама ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев басқарған қазақ ғылымының қара шаңырағының тізгінін қолына алғанда Мұрат Жұрынұлының толқынысында шек болмады. Онысы орынды да еді. Өйткені, бұл - үлкен сенім әрі аса маңызды жауапкершілік болатын. Себебі Сәтбаевтай, Қонаевтай ұлы тұлғалар басқарған, қазақ ғылымын әлемге әйгілеген киелі шаңырақтың абыройына дақ түсірмей ғылыми жұртшылық пен ел тілегінен, Елбасы сенімінен көрінуге тырысқан ғалым жан аямай еңбек етіп, Академия жұмысын жаңаша бағытта ұйымдастыруға бел буды.

 

Осы ретте биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық тойымен бірге Ұлттық ғылым академиясы да өзінің 75 жылдық ­мерейтойын атап өтетінін айта кеткен орынды. Дәл осыдан 75 жыл бұрын Қазақ КСР-нің 25 жылдық мерейлі мерекесіне орай ашылған Ұлттық академияның 75 жасқа толған бұл мерейтойының да мемлекетіміз Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келуі жайдан-жай болмаса керек.

 

Сонау соғыс жылдарынан кейінгі 1946 жылы 1 маусымда Қазақ КСР Ғылым академиясы болып салтанатты жағдайда ашылған Ғылым Ордасы еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін қалыптасу, даму кезеңдерін бастан өткеріп, Кеңес Одағы бойынша беделді ғылыми орталыққа айналған болатын. Әріге бармай-ақ тәуелсіздік алдындағы жылдарға назар аударсақ, мысалы, 80-жылдардың аяғына қарай Қазақ КСР Ғылым академиясының құрамында 45 ғылыми мекеме болғанын, оларда 4411 ғылыми қызметкер, оның ішінде 237 ғылым докторы, 1811 ғылым кандидаты қызмет атқарғанын айтсақ, осының өзі-ақ Ғылым Академиясының өз заманына сай зор әлеуетін танытқан болар еді. Академия бұл кездерде бірегей жоғары ғылым ордасы, ел ғылымының басты ұйымдастырушы мекемесі ретінде жаратылыстану, техника, гуманитарлық және қоғамдық ғылымдар саласында іргелі ғылыми зерттеулер жүргізетін академиялық институттардың жұмысын үйлестірді және оларға бір орталықтан басшылық жасады. Одақтас республикалардың ғылым академиялары арасында үнемі алдыңғы қатардағы құрметті 3-4-ші орындарды иемденіп, зор ғылыми көрсеткіштерге жетті. Тәуелсіздік жылдары академияда бірқатар құрылымдық өзгерістер жүзеге асырылды. 1991 жылы 20 наурызда Ғылым Академиясына жаңа ғылыми мекемелер құру мен іргелі ғылыми зерттеулер бағыттарын айқындау мақсатында кеңейтілген құқық берілген еді. Зерттеулерді жаңа бағыттар бойынша дамыту үшін Академия құрамында физика-техникалық, механика және машинатану, археология, информатика және басқару, мемлекет және құқық, қолданбалы математика, жер қойнауын кешенді игеру институттары ашылды.

 

Қазіргі жаһандану үдерісінің қарқынды дамуы жағдайында өндірістік индустрияның инновациялық нәтижелерге бағытталуы, іргелі және қолданбалы ғылымға иек артуы кез келген мемлекеттің экономикалық күш-қуатының өсуіне ықпал ететіні белгілі. Осы қағиданы ескере отырып, Ұлттық академия қолданбалы зерттеулерге, өндіріске ендірілетін ғылыми жұмыстарға басты назар аударды.

 

Айталық, еліміз тәуелсіздік алған соң Академияның салалық және мамандандырылған институттары негізінде алғаш рет Радиоэлектроника мен байланыс, Минералды шикізаттарды кешенді өңдеу, Биотехнология ұлттық ғылыми орталықтары, Ұлттық ядролық орталық құрылды. Бұл орталықтардың негізгі іс-әрекеті Үкімет тарапынан бекітілген «Телекоммуникация мен байланыстың қазіргі заманғы жүйесін жасау», «Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында, медицинада гендік-инженерлік және биотехнологиялық әдістерді қолдану», «Қазақстанда атом энергетикасын дамыту» сияқты республикалық мақсатты ғылыми-техникалық бағдарламаларға арналды. Академик М. Жұрынов басшылыққа келген соң бұл бағдарламалардың аясы кеңіп, оған тағы да көптеген бағдарламалар іске қосылды. Ғылым Академиясының геолог-ғалымдары жүргізген іргелі зерттеулердің қорытындысы еліміздің мұнай-газ кешені мен түсті және қара металлургия өнеркәсібі өндірістерін шикізатпен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Әлемдік нарықта үлкен сұранысқа ие болған вольфрам, молибден, ванадий сияқты сирек кездесетін элементтер қорларына болжамдар жасалды. Биология және медицина ғылымдары саласында топырақ-өсімдік картасы жасалып, Қазақстанның жемісті өсімдіктері, еліміздің жалпы флорасы мен фаунасының жинақ қоры туралы мағлұматтар толықтырылды. Жер туралы ғылымдар саласында сейсмикалық қауіпті аудандарды зерттеу жағдайында сейсмикалық топографияны қолдану арқылы жұмыс істеу қолға алынды.

 

Осы орайда мына жайды ескере кеткен орынды. Әлемді жайлаған коронавирустық пандемия індетінің кезінде еліміздің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты (Бас директоры Күнсұлу Закария) ғалымдарының QazVac вакцинасын дүниежүзінде бесінші болып шығаруының өзі біздің ғалымдарымыздың жоғары ғылыми әлеуетін танытатын жарқын мысал. Егер әлемде БҰҰ-ға мүше 200-ге тарта дербес мемлекет барын ескерсек, бұл өте жоғары көрсеткіш әрі үлкен жетістік деп айтар едік.

 

Академия президенті академик М.Жұрыновтың ұсынысымен Қоғамдық және гуманитарлық (қазіргі Әлеу­меттік) ғылымдар саласындағы бөлімше ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстарының тақырыптарынан басым бағыттарды айқындап, кеңінен талқылаудан өткізді. Мұнда салалық А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология, Ә.Марғұлан атындағы Археология, философия, саясаттану және дінтану, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институттары мен жоғары оқу орындарындағы танымал ғалымдар, академиктер мен корреспондент-мүшелер белсене қатысты. Бұл ғылыми-зерттеу тақырыптары жинақталып, баспадан кітапша болып шықты. Ол республика жоғары оқу ­орындарына, ғалымдарымызға пайдалануға таратылды. Онда қазақ мемлекеттілігі дамуының тарихы, түркі және қазақ философиясының тарихы, әлеуметтік және саяси философия тарихы, қазақ саяси мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы, қазақ тілінің академиялық грамматикасын жүйелеу, туған әдебиетіміз бен өнеріміздің, төл мәдениетіміздің, ұлттық педагогика және психология ғылымдарының өзекті мәселелерін саралау, елімізде демографиялық реформалар жүргізу ерекшеліктерін айқындау, қазақстандық нарықтық экономика үлгілерінің қалыптасу теориясы мен тәжірибесі, Ұлы Жібек жолының тарихи орталықтарын жаңғырту, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұраларының дәстүрлі дамуы мен сақталуы бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру және т.б. көптеген тақырыптарда ғылыми зерттеулер жүргізу белгіленді.

 

Бөлімше мүшелері ғылым жетістіктерін насихаттауда академиялық көп томдық басылымдар әзірлеп, ел өміріне, руханиятымызға қатысты мәселелерді, көрнекті ғалымдарымыздың мерейлі мерекелерін өткізуді, соған байланысты халықаралық, республикалық деңгейдегі конференциялар мен симпозиумдар сынды әртүрлі басқосуларды ұйымдастыруда белсене қатысумен бірге осы сипаттағы іс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттап келеді. Ғалымдарымыздың оларды жалпы жұртшылықпен таныстыруда, Ұлттық ғылым академиясының абырой-беделін арттыруда үнемі белсенділік танытып жүргені баршаға аян.

 

Сонымен қатар соңғы ­жылдары Ұлттық жоғары оқу орындарымен бірлесе магистрлер мен PhD (философия) докторларын даярлау жұмысына ерекше көңіл бөлініп, ғылыми жобаларға мемлекет тарапынан гранттар бөліне бастағанын айтқан орынды. Елбасымыз Н.Назарбаевтың қамқорлығы мен Президент Қ.К.Тоқаевтың қолдауының нәтижесінде осы уақытқа дейін ұлттық ғылымды дамытуға 50 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінсе, 2025 жылға арналған стратегиялық жоспар бойынша бұл көрсеткіш 10 есе өсіп, ұлттық ғылымымызға барынша қолдау көрсететін болады. Бұл дегеніңіз ұлт ғалымдарынан еселі еңбекті, мол ізденісті, зор қажыр-қайратты талап етеді.

 

Осы айтылғандармен қатар, Академия тарапынан әр жылы ғылыми зерттеулер жөніндегі Ұлттық баяндама әзірленеді. Оның жылына алты рет жарық көретін 8 журналы әлемдегі 73 мемлекетке (ТМД елдері, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Жапония және басқа) таратылады. Бұл журналдар 1946 жылдан бері үздіксіз шығарылып келеді.

 

Қазіргі таңда қоғамдық ұйым ретіндегі мәртебесіне қарамай Ұлттық ғылым академиясы өзінің байырғы қызметін атқаруда. Оның құрамында 166 толық мүше (академиктер), 76 корреспондент-мүше (барлығы - 242 тұрақты мүшелері), 105 құрметті мүше, сондай-ақ 17 шетелдік мүшелері бар. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде академия құрамы талантты жас ғалымдармен толықты. Бүгінгі таңда академиктердің орташа жасы - 70, корреспондент-мүшелер - 55 жасты құрайды. Ал академияға мүше ғалымдардың жалпы орташа жасы 65-те болып тұр. Бұл көрсеткіш бұрынғыға қарағанда айтарлықтай жасарғандықты аңғартады.

 

Бүгінде Ұлттық ғылым академия­сы­ның бөлімшелерінде жүргізіліп жат­қан зерттеу жұмыстары ұшан-теңіз дейтін болсақ, осынау қыруар шаруаларды үйлестіру, оған басшылық жасау Академия президенті академик Мұрат Жұрынұлы Жұрыновтан аса үлкен ұйымдастырушылық қабілет пен қарым-қарекетті талап етері белгілі. Ғалым ағамыз қандай қызметте болсын білгір басшы, тәжірибелі ұстаз, дарынды ғалым, қарымды қайраткер тұлға ретінде ­танымал. Оның айналасындағыларға қоятын талабы жоғары, қарамағындағыларға сеніммен, жанашырлықпен, түсіністікпен қарайтын, ұйымдастырушылық қабілеті ерекше жан. Ол қамқорлық, адалдық сияқты көркем қасиеттерді бойына сіңірген абзал азамат.

 

Көрнекті ғалым - ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің, ҚР Білім және ғылым министрлігі алқасының мүшесі, Ислам ынтымақтастығы ұйымы елдері Ғылым академиялары Халықаралық ассоциациясының вице-президенті, ҚР Үкіметі жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия мен ҚР Үкіметінің Білім, ғылым және техника жөніндегі және ҚР ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияларының, ҚР Парламент Мәжілісінің жанындағы Қоғамдық палатаның мүшесі.

 

М.Жұрынов 22 ғылыми монография, 800-ден астам ғылыми еңбек жариялап, 150 авторлық куәлік пен халықаралық патентке ие болған. Оның жетекшілігімен 45 ғылым кандидаты, 7 ғылыми докторы диссертация қорғап, 4 шәкірті ҚР ҰҒА академигі болып сайланды. 2003 жылы академик М.Жұрынов Қазақстан Республикасының Ғылым, техника және білім саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. «Парасат» (2005), ІІІ дәрежелі «Барыс» (2011), ІІ дәрежелі «Барыс» (2016) ордендерімен, Токио университетінің (2001), Франция ғылыми-өндірістік қоғамының (2003), Украина ҰҒА жанындағы ­«Золотая фортуна» қоғамының (2006) алтын ­медальдарымен, академик В.И.Вернадский атындағы Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының «Құрмет белгісі», «Разум, честь и ­доблесть» медальдарымен; Халықаралық түркі әлеміне қызмет сыйлығымен (Түркия, 2001) марапатталған. Көрнекті ғалым, қайраткер басшы өзі туып-өскен Оңтүстік Қазақстан облысының және сол өңірдегі Арыс, Созақ, Түлкібас аудандарының, Кентау, Түркістан қалаларының Құрметті азаматы.

 

Оқу-білім, ағарту саласындағы ғұмыр жолы мен еселі еңбегіне зер сала отырып, академик Мұрат Жұрыновтың бүгінгідей асқар асуына, ғылымдағы және өмірдегі азаматтық биігіне «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрекпен» (Абай) келіп отырған тұғырлы тұлға екенін аңғармау еш мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі 80 жылдық мерейлі мереке тұсында қайраткер ғалымға зор денсаулық, ­отбасына амандық, мол шығармашылық табыс, бақ-береке тілейміз.

 

Авторы: Бақтияр Сманов,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі

02.12.2021 ж.

Ақпарат көзі: anatili.kazgazeta.kz

 



207

Кері оралу