қазақша · русский · english
 
 
 
26.04.2021

«Мамандық - болашақты таңдау» (Талапкер-2021)

 

2021 жылғы 23 сәуірде Филология және көптілді білім беру институты шығыс тілдері және аударма кафедрасының аға оқытушысы Шаирям Баратованың бастамасымен «Мамандық - болашақты таңдау» (Талапкер-2021) онлайн-кездесу ұйымдастырылды. Кездесуге Алматы облысында ұйғыр тілінде білім беретін мектептердің мұғалімдері, ата-аналар, колледж түлектері және 11-сынып оқушылары қатысып, кәсіби бағыт-бағдар беру жұмысы жүргізілді. Мақсат - мектеп түлектеріне мамандықты дұрыс таңдау жайында кеңес беру.

 

Іс-шараға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Кәсіби бағдар беру және білім алушыларды қабылдау орталығының қызметкері Орманова Ақтілек; шығыс филологиясы және аударма кафедрасының меңгерушісі Гүлсім Абдрахманова; Филология және көптілді білім беру институтының академигі С.С.Қирабаев атындағы Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Серікбол Сыздықов; доцент Ерсайын Молдасанов; «Атамұра» корпорациясы ұйғыр редакциясының бастығы, «Ижаткар» журналының бас редакторы Малик Махамдинов; шығыс филологиясы және аударма кафедрасының аға оқытушылары Р.У. Арзиев, Г.М. Аутова, Х.В. Масимова және Ш.Б. Баратовалар қатысты.

 

Кездесу барысында болашақ талапкерлерге Абай университетінің шетелдік университеттер рейтингіндегі орны, бүгінгі күнде қол жеткен жетістіктері жайында және факультет, кафедра мамандықтары бойынша жан-жақты мағлұмат берілді. Орманова Ақтілек тарапынан мамандық бойынша білім алушыға қойылатын талаптар таныстырылды, мәні мен маңыздылығына тоқталды. Аға оқытушы Х.В. Масимова презентациясында шығыс тілдері және аударма кафедрасындағы мамандықтар туралы мәлімет беріп, оқу бағдарламаларын таныстырып өтті. Ұйғыр бөліміндегі мамандықтар пен біліктілік арттыру мәселесіне қатысты ақпарат берді.

 

Іс-шара соңында мектеп оқушылары қызығушылық тудырған сұрақтар қойып, университет мамандары тарапынан тыңғылықты жауап алды.

 

   




Кері оралу