қазақша · русский · english
 
 
 
01.06.2021

Түркі әлемінің цифрлық азаматтығы

 

2021 жылғы 28 мамырда Қырғызстан-Түркия Манас университеті ректорының шақыруымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми жұмыс және цифрландыру жөніндегі проректорының м.а. Сахиев Саябек, Филология және көптілді білім беру институты директоры Алуа Таңжарықова, Шығыс филологиясы және аударма кафедрасының меңгерушісі Кульсун Абдрахманова «Түркі әлемінің цифрлық азаматтығы» тақырыбындағы халықаралық вебинарға қатысты. Бұл жоба Манас университеті ректоры профессор-доктор Алпарслан Жейлан мырзаның бастамасымен Түркі әлемінің ірі университеттерінің басын біріктіретін халықаралық ғылыми-методикалық іс-шара болып табылады.

 

Жобаға Түркия, Азербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы сияқты елдер ЖОО-мен қоса Қазақстаннан қатысатын 3 университет қатарында Абай Университеті де орын алды. Жобаның басты мақсаты түркі елдері университеттерінде білім алып жатқан студент, магистрант пен докторанттарды бір-бірлерімен таныстыру, цифрлық ортада тұрақты диалог құру, факультативтік және мамандандырылған семинарлық, курстық, дипломдық жұмыстарды бірлесе атқару, қатысушы университет жастарының қазақ, түрік, азербайжан, қырғыз, өзбек, ұйғыр, татар тілдері сияқты түркі тілдерін меңгеруіне ықпал ету, түркілердің тілдік интеграциясын қолдау, профессор Әлімхан Жүнісбек бастаған ғалымдардың қолдап отырған латыннегізді жаңа қазақ алфавитін жалпытүркілік алфавит ретінде тану, түркі елдерінің мәдениеті мен туристік әлеуетін жандандыру мен насихаттау сияқты практикалық мақсатты да көздейді. Кездесу барысында қол жеткізген мәмілеге орай жобаға қатысушы әрбір университет осы тақырыптар аясында студенттерге элективті пән енгізеді. Оқу үдерісі барысында үздік баға көрсеткен білім алушылар жазғы каникулда жобаға қатысушы Түркия ЖОО кампустерінде «жаздық курста» тегін білім алуға және демалуға мүмкіншілік алады.

 

Вебинарда цифрлық «Ынтымақтастық хаттамасына» қол қою рәсімі болып, келесі кездесуді үстіміздегі жылдың қыркүйек айында офлайн түрінде Бішкек қаласында ұйымдастыру туралы уағдаласты. Офлайн кездесуде Ынтымақтастық хаттамасы толыққанды Келісім-шарт статусын алып, жобаға қатысушы университеттер бүгінгі хаттамада көрсетілген іс-жоспар негізінде өзіне тиесілі оқу бағдарламасын түзіп, студент пен оқытушылар контингентін жасақтай бастайды.

 

Халықаралық вебинар кафедраның түрік тілі пәні оқытушылары Гүлназ Сәтбай, Нұржамал Қоспағанбетова, Ерғали Есбосыновтың атсалысуымен өтіп, түрік-қазақ-түрік, орыс-қазақ-түрік синхрондық аудармамен қамтамасыз етті. Оқытушылар тиісті құжат айналымын қазақ және шет тілдерде орындап халықаралық жобаның Ынтымақтастық туралы ниет хаттамасын, қатысушы мекемелер мен мақсат-мүддесін қазақ тіліне аударды. Вебинар ыждахатты, конструктивті және іскери атмосферада өтіп, Абай Университеті басшылығының жоғары деңгейдегі қолдауына ие болды.

 

   

 




Кері оралу