қазақша · русский · english
 
 
 
22.12.2021

Ұлы дала даналары: Ахмет Байтұрсынұлы

 

Түркияның Қазақстан Елшілігі Алматы Консулдығы Білім беру атташесі бастамасымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті шығыс филологиясы және аударма кафедрасы «Ұлы дала даналары: Ахмет Байтұрсынұлы» тақырыбында халықаралық вебинар ұйымдастырды. Қазақстан жағынан ұйымдастырушы және модератор шығыс филологиясы және аударма кафедрасының доценті Ерғали Есбосынов, түрік жағынан Түркияның Алматы Консулдығы қызметкері, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Түрксой кафедрасының аға оқытушысы, доктор Селенай Кошумжу болды.

 

Халықаралық вебинарды Түркия Елшілігінен доктор Абдулмүталип Четин және Түркияның Алматы Консулдығынан доктор Махмут Агырман құттықтау сөзімен ашты. Доктор Абдулмүталип Четин Елшілік тарапынан қолға алынған «Ұлы Дала Даналары» атты халықаралық жоба 2020 жылдың қыркүйек айынан бері Қожа Ахмет Иассауи, Әл-Фараби, Абай, Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Әуезов сияқты танымал тұлғалардан басталғандығын атап өтті. Бүгінгі кездесудің ерекшелігі осы халықаралық жобаның соңғы басқосуы болып танымал қайраткер - Ахмет Байтұрсынұлына арналғандығын тілге тиек етті. Түркия Республикасы Алматы Консулдығы Білім беру атташесінен доктор Махмұт Агырман екі ел арасындағы гуманитарлық қарым-қатынаста Ахмет Байтұрсынұлындай ғалымдардың алатын орны маңызды екендігін білдірді.

 

Алматыдағы А.Байтұрсынұлы музей - үйі директоры, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті доценті Райхан Имаханбет баяндама жасап, музейде орын алған құнды экспонаттар туралы бейнежазбаны көрсетті. Академик С.С.Қирабаев атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы меңгерушісі профессор Ильясова Нағима «А.Байтұрсынұлы - ұлттық ғылымның негізін салған синкретті тұлға» тақырыбында баяндама жасады. Осы кафедра профессоры Қалыбаева Қаламқас «А. Байтұрсынұлы-қазақ жазуы теориясының негізін салушы» тақырыбында, аға оқытушы Бақбергенова Роза «Қазақ түркітану ғылымы: Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы» атты баяндама жасады. Спикерлер баяндамасын қазақ тілінде оқып, түрік тілінде слайттар көрсетілді. Қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының 2 курс студенті Исметова Жамиля мен Дилназ Үмбет А.Байтұрсынұлының «Анаға хат» пен «Қазақ қалпы» өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

 

Халықаралық вебинардың құрметті қонағы Назарбаев Университеті Қазақ тілі және түркітану кафедрасы меңгерушісі ф.ғ.д., профессор Юлай Шамилоғлы, Ахи Евран университетінен доктор Осман Қабадайы мен Жерен Қабадайы, Намык Кемал Университетінен профессор Сонел Босналы сөз сөйлеп Түркиядағы Ахмет Байтұрсынұлы зерттеулері туралы мәлімет берді. Кездесуді ұйымдастырушы Ерғали Есбосынов пен Селенай Кошумжу вебинарды тиянақтап, қатысушылар мен спикерлерге алғыс айтты. Халықаралық вебинарға Филология және көптілді білім беру институты профессор-оқытушылар құрамы мен студентері, магистранттар мен докторанттары қатысты. Халықаралық вебинар тәрбиелік мәні зор, ғылыми құрамы жоғары дәрежеде өтті. Вебинар соңында Түркия Елшілігі Алматы Консулдығы атынан Махмұт Агырман қатысушыларға алғыс айтып, спикер мен ұйымдастырушыларға Консулдық атынан алғыс хат табыстады.

 

   

 

   




Кері оралу