қазақша · русский · english
 
 
 
17.04.2025

Аударма сапасын бағалау мәселесіне арналған ғылыми жобаның қатысушылары Астана қаласына іссапармен барды


2025 жылдың 6-10 сәуірі аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары AP19680449 «Аударма сапасын бағалау: ғылыми және білім беру саласы» атты ғылыми жобаның күнтізбелік жоспарына сәйкес Астана қаласына ғылыми іссапармен барды.

 

Іссапар құрамында ғылыми жобаның жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор А.К. Жұмабекова, жоба орындаушылары - филология ғылымдарының кандидаты Н.Р. Шеңгелбаева, PhD А.М. Куркимбаева және магистр А.З. Мұхитов болды.

 

Ғылыми топ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Тіл. Мәдениет. Аударма: цифрлық дәуірдегі мәдениетаралық коммуникация» атты ІІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, қазақ тіліне аударылған филология саласындағы оқулықтардың аударма сапасына жүргізілген ішкі бағалау нәтижелерімен бөлісті. Сонымен қатар, ғылыми және білім беру саласындағы аударма сапасын жетілдіру бағытында тиімді әдіс-тәсілдер ұсынып, осы тақырыптар төңірегінде мазмұнды баяндамалар жасады.

 

Сонымен қатар, жоба қатысушылары Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ филология факультетінің Аударма теориясы мен тәжірибесі кафедрасы мен Любляна университеті (Словения) бірлесіп ұйымдастырған «Көктемгі аударма мектебіне» қатысты. Сессиялық отырыстар барысында шетелдік ғалымдар мен отандық тәжірибелі аудармашылармен аударма сапасын бағалаудың өзекті мәселелері талқыланып, кәсіби пікір алмасу жүзеге асты.

 

Аталған іссапар ғылыми жобаның нәтижелерін ілгерілетуге, халықаралық әріптестікті нығайтуға және аударма сапасын бағалаудың тиімді тәсілдерін әзірлеуге бағытталған маңызды қадам болды.

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  




Кері оралу