қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
03.10.2023

Жастар үні: ұстаз болу - әркімге бұйыра бермейтін бақыт

 



«Ұстаз болу - жүректің батырлығы» деген Ғафу Қайырбековтің сөзі бүгінде өте үлкен маңызға ие. Себебі, мектеп өмірінен тәжірибе жинап, нағыз ұстаз болу - кез келгенге бұйыра бермейтін бақыт. Ұстаздықтың жауапкершілігін түсінген жастар, яғни болашақ мұғалімдер өз ойымен бөлісті.

 

Осыған байланысты «AMANAT» партиясы 2023 - 2027 жылдарға «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы бойынша қоғамның он сұранысын қамтуға тырысты. Соның ішінде жастарымыздың білім алудағы құндылықтарды қалыптастыру мақсатында "Ұлттық тәрбие - Ұлт болашағы" деген тұжырымдамасы әзірленді. Өскелең жастарымызға ұлттық тәрбие ғана емес, азаматтық сананы тәрбиелеу, зияткерлік талабын ашуға ниеттемек.

 

Арайлым Нұрқасымова,

Абай университеті Филология институтының студенті:


Мұғалімсіз еліміздің болашағы дамымайды

 

- Төрт жыл бұрын барлық түлек сияқты мен де арман қуып, «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боламын» деп Абай атындағы ҚазҰПУ-ға түстім. Университетте жүріп, теория мен практиканы ұштастырып, білім теңізіне тереңнен бойладым. Ұстаз болуға деген құлшынысым одан сайын оянып, іздене бастадым. «ХХІ ғасыр мұғалімінің» моделін қалыптастыратын қабілет пен қасиеттерді бойыма сіңіруге тырысудамын.

 

ХХІ ғасыр - технологиялар мен бәсекелестіктің дамыған заманы. Қазір мұғалім тек өз пәнімен шектеліп қалмай, оқушылардың да жан-жақты білім алуына әсер етуі тиіс. Демек, бүгінгі мұғалімнің бойында жан-жақтылық, ізденімпаздық пен қызығушылық, білімге құлшыныс, психологиялық білім секілді қарым-қабілетжинақьалу керек. Ең бастысы - өз ісін сүю. Қазір көбісі өздерінің қаламаған мамандыққа түсіп жатады. Сонымен алдымен өзіне, екінші мамандыққа қиянат жасайды. Сондықтан өзіңнің қалаған ісіңмен айналыссаң ғана жүрегің жай тауып, шын пейілмен жұмыс істей аласың. Осы жағынан өз мамандығымды адаспай таптым деуге болады. Әр сабақта оқушыны жалықтырып алмайтындай түрлі онлайн ұйымдастырып, өзара қарым-қатынас орнатуда психологияны да меңгеріп жатырмын. Өйткені алдымдағы әрбір оқушы - Қазақстанның болашағы. Еліміздің болашағымыз жарқын болуы үшін жастарымыз білімді, құзыретті әрі жан-жақты болуы тиіс. Оқушыға тек пән бойынша сабақ беріп қана қоймай, болашағына қажетті тәрбие, ақыл-кеңесімді бермекпін. Бар арманым - оқушыны жақсы іске қанаттандыра алатындай мұғалім болу. Ал мұғалімнің жетістігі - оқушысының өмірдің бір белесін бағындырғанын көру. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, болашақта өз ісімнің маманы болуғы тырысамын.

 

Абдулазиз Сайауышұлы,

Абай университеті Филология институтының студенті:


Бір адамды адам етсек, бар адамды адам еткенмен тең


- Әркімнің өмір жолы, тағдыры қилы-қилы ғой. Бір-біріне ұқсай бермейтін, өзінше новеллаға, драмаға толы қалтарыс-қаңтарысы көп жанрлар тоғыспасы секілді. Менің де мұғалімдік мамандыққа келу жолым өзіме қызық. Бала кезімнен-ақ ақ халатты дәрігер болуды, адамдарға көмектесіп, мейірлі, шапағатты болуды армандаушы едім. Сұңғатыма, саусағыма қарап, кісілер де солай деуші еді. Дегенменен, бұл тілегім дәл сол қалыпта орындалмады. Алла Тағала маған одан да артық кәсіп иесі болуымды қалағандай. Қазір дәнді басынан бастап егіп, өсіріп, баптау секілді. Мәуелеп өсіп келе жатқан діңгекті еменмін! Менен де жеміс, дән қалар деп сенемін... Солай десек те, мен ем-шара ісінен, шипагерлік ауылынан пәлендей алыстап кетпедім деп білемін. Тәнді емдей алмасам да, жанды жөндей аламын ғой. Шәкәрім қажы: "Денең, жан нұрлы болса, жөнделмек" демейді ме?

 

Менің ойымша, білім алушыларға, балаларға үлгі керек. Сізге ұқсауды, сіз секілді сөйлеуді, киінуді, тіпті сіздікіндей әтір себуді үлгі етсе, бұл педгогтік шеберлік яки бала жүрегін жаулап алған көркемділік! Құр айқаймен, шаншар сынмен біреуді түзеймін деу - надандық. Біреуге мейірім төксек қана яки күллі адамзат баласы үшін қызмет қылсақ, сауап алсақ, өшпес із, өміршең естелік, амал болып, жазылар я жазылмас, тарих беттерінде алтын әріппен есімдеріміз қалар! Бір адамды адам етсек, бар адамды адам еткенмен теңдей деп ойлаймын. Олай болса, ұстаздардың еңбегі әрқашан да ерен деп ойлаймын. Сол себепті ұстаз - мемлекетіміздің тірегі.

 

 

03.10.2023 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz