қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
02.11.2023

Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 95 жылдығына арналған гала-концерт өтті

 

 

Алматы. 2 қараша. 7kun.kz - Алматыдағы Опера және балет театрында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 95 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды 7kun.kz тілшісі.

 

Салтанатты шараны университеттің Басқарма төрағасы-ректор Болат Анапияұлы Тілеп ашты. Сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің видеоқұттықтауы тыңдалды.

 

Алматы қаласы әкімінің аппарат басшысы Бейбіт Шаханов қала әкімінің құттықтауын жеткізді. ҚР Ұлттық ғылым академиясы вице-президенті Ақылбек Күрішбаев академиктердің атынан құттықтау лебізін жеткізді.

 

Ал ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов профессор Қорлан Жампейісоваға «Ерен енбегі үшін» медалін, ғалым-ұстаздар Мәмбет Қойгелдиев, Марат Құлбек, Бағдат Қосанов, Докторхан Айдарбаева, Надежда Жиенбаеваға «Қазақстан Республикасының Ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» құрметті төсбелгісін, Дана Қосымоваға «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыс етті.


Салтанатты кеш Ғ.Мүсірепов атындағы театрдың өнер майталмандары, университеттің танымал түлектері және ұстаздарының, дарынды жастар қатысқан мерекелік концертке ұласты.


Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орны болып ашылған - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті қазіргі таңда еліміздегі ең беделді ЖОО бірі. 95 жылдық тарихында 200 мыңға жуық педагогтар мен 4 мыңнан аса ғылыми кадрларды қанаттандырған. Ұлт зиялылары Ахмет Байтұрсынұлы, Темірбек Жүргенов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллинің ізі қалған оқу университет әлемнің 25 мемлекетінің 138 жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыста жұмыс істейді.

 

Әлемдік аренада Абай университеті QS World University Rankings, The Times Higher Education World University Rankings және THE Impact Rankings сияқты беделді рейтингтеріне қатысып, әлемдегі үздік университеттер қатарында жыл сайын өз позициясын көтеріп келеді.

 

QS World University Rankings әлемдік рейтингінде 2023 жылдың қорытындысы бойынша 681-690 орынды иеленіп, әлемдегі үздік 700 университтер қатарына енді.

 

Азия аймағында 147 орынмен ТОП-200 үздік университеттер қатарында. Тұрақты даму мақсаттарын басшылыққа алған THE Impact Rankings рейтингінде университет 601-800 позициядан көрініп, Қазақстандық университеттердің арасында көш бастап тұр.

 

 

02.11.2023 ж.

Ақпарат көзі: 7kun.kz