қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
09.04.2024

Абай университетінде түркітанудан қалалық білім сайысы өтті

 

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Ғылым декадасы-2024» аясында түркітану ғылымы бойынша қалалық білім сайысы өтті. Іс-шараны «Abai LABS» ғылыми-инновациялық паркіне қарасты Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығының қызметкерлері ұйымдастырды.

 

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы тәлімгерлері «Түркі жазба жәдігерлері, «Қазіргі түркі тілдері» және «Немат Келімбетов шығармалары» тақырыптарына байланысты үш кезеңнен тұратын зияткерлік-танымдық сайыста өз білімдерін сынады.

 

Куиз логикалық-танымдық оңай сұрақтардан құралды. Мұндағы мақсат - студенттерге қиын сұрақтар қою емес, жеңіл, бірақ әдеби-мәдени тұрғыдан маңызы бар тапсырмаларды бере отырып, патриоттыққа тәрбиелеу, ұлтжандылыққа шақыру, жан-жақты білімді болуға үгіттеу.

 

Қазылар алқасының құрамында ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы, ф.ғ.д., профессор Тыныштық Ермекова (ҚызПУ), Филология институтының директоры қауымдастырылған профессор Алуа Таңжарықова, «Abai LABS» орталығының жетекшісі Жазира Битибаева болды.

 

Сайыс нәтижесінде ф.ғ.к. Дариға Сатемированың жетекшілігімен Абай университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының студенттерінен құралған «Күлтегін» тобы бірінші орын алды. Аға оқытушы Бағила Панзабек дайындаған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Тұмар» командасы екінші орынға ие болды. Үшінші орындарды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Тоныкөк» тобы (топ жетекшісі PhD Жанат Сәрсенбай) мен ҚазҰПУ Филология институты құрамасы «Алтын орда» командасы (топ жетекшісі: Алмас Найманбаев) тең бөлісті. Жеңімпаздар мен қатысушыларға демеушілер есебінен ақшалай сертификаттар мен сыйлықтар берілді.

 

Еске сала кетсек, білім сайысы көрнекті ғалым, белгілі жазушы Немат Келімбетовті еске алуға орай ұйымдастырылды. Отандық түркітану ғылымының жарқын өкілі 1937 жылы 4 сәуірде дүниеге келіп, 73 жасында дүниеден өтті. Өмір жасының тең жартысындай бөлігінде ауыр дертпен арпалыса жүріп, рух ерлігінің ерен үлгісін көрсеткен ғалым Абай университеті оқу ордасында дәріс беріп, ұстаздық етті. Саналы ғұмырын ежелгі түркі әдебиетін зерттеуге арнап, ғылыми еңбектерін осы қара шаңырақта жазды. Ғалым-жазушының «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Түркі халықтарының ежелгі әдеби жәдігерліктері» ғылыми еңбектері мен «Ұлыма хат», «Үміт үзгім келмейді», «Күншілдік» шығармалары халық арасында кеңінен таралған.

 


08.04.2024ж.
Ақпарат көзі: janalyq.asia