қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
18.04.2024

          Қос кітаптың таныстырылымы

 

                

 

2024 жыллдың 16 сәуірінде Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында Абай атындағы ҚазҰПУ Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен белгілі ақын, сыншы, республикалық және халықаралық сыйлықтардың лауреаты, «Абай университеті» газетінің бас редакторы Болат Шарахымбайдың «Қайшылықтар дилеммасы» және «Желтоқсан: Рух дауылы» қос кітабының таныстырылымы болып өтті.

 

Кешке Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантай, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы, жазушылар - «Президент және халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбай, «Қазақстан дәуірі» газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, «Жыл - он екі ай» журналының бас редакторы Талғат Айтбайұлы, «Үш қоңыр» газетінің бас редакторы Болат Батыр, ҚР мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай, публицист, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдірашит Бәкірұлы, филология ғылымдарының кандидаты Дәурен Мұхамадиев, тағы басқа белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты.

 

Белгілі сазгер, күйші Талап Қараш кеш иесіне арнаған «Қазығұрт толғауы» күйін орындаса, университетіміздің студенті, айтыстың жас жүйрігі Санжар Даярбек жырдан шашу шашты. Ал, шәкірттері Айбын Ахмадиев пен Ақсұңқар Алмахан ақын өлеңдерінен үзінділер оқып, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

 

«Қайшылықтар дилеммасы» - жазушының бұл кезекті кітабы сын жанрына арналған. Мұнда автордың қазақ әдебиеті туралы әр жылдарда жазған тебіреніс-толғаныстары топтастырылған. Жазбалардың қай-қайсы да ой жаңашылдығымен, пікір алуандығымен ерекшеленеді.

 

«Желтоқсан: Рух дауылы» - 1986 жылғы Желтоқсан қаһарманы, қайраткер қаламгердің бұл кітабында жас қазақтардың ерлік күресі, лайықты бағасын ала алмай жүрген ұлт-азаттық көтерілістің тарихи-саяси-құқықтық мәселелері жан-жақты сөз болады. Автор әр мақаласында қазақ халқының тарихынан мәңгілік орын алатын ұлы ерлікті дәріптейді, ақтарыла сыр шертеді, ой түйерлік мәліметтерді алға тартады.

 

Шара аясында кітапхана қорынан Б.Шарахымбайдың өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылып, слайд көрсетілді.

 

Кеш барысында Халықаралық «Махамбет» қорының төрағасы, «Үш қоңыр» газетінің бас редакторы Б. Батыр кеш иесі, белгілі қаламгер Болат Шарахымбайды Халықаралық Махамбет атындағы сыйлықпен марапаттап, қазақы ырыммен үстіне оқалы шапан жапты.

 

18.04.2024 ж.

Ақпарат көзі: janalyq.asia