қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
30.11.2017

«Әлем таныған Елбасы» атты танымдық кеш өтті

 

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің М.Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығы Тұңғыш Президент Күніне орай «Әлем таныған Елбасы» атты танымдық кеш өткізді. Кеш университет ректоры профессор Такир Балықбаевтың тікелей басшылығымен ұйымдастырылды.


М.Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығының мақсаты ­- студенттерді қазақ халқының озық ойлы отаншыл және дана тұлғаларының, ұлт көшбасшыларының өнегесінде тәрбиелеп, болашақ мамандарды тұлға ретінде қалыптастыру болса, мұнда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың азаматтық, адамгершілік, отаншылдық, көшбасшылық, көсемдік қасиеттерінің жас ұрпақты тұлға ретінде тәрбиелеудегі маңызы зор. Кеште «Ұлттың ұлы тұлғасы» тақырыбында баяндама жасаған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА академигі Уәлихан Қалижанов ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру, оның іргесін бекіту, экономикалық және әлеуметтік әлеуетін күшейту, еліміздегі тұрақтылық пен тыныштықты, халықаралық қатынастарды нығайту, Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындау жолындағы жанқияр еңбектеріне тоқтала келіп, Елбасының сан қырлы тұлғалық ерекшеліктеріне назар аударды.


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, профессор Жомарт Симтиков «Елбасы және Рухани жаңғыру» тақырыбындағы баяндамасында Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың саяси портретін жан-жақты ашып көрсетті.


Сонау 50-ші жылдары Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектепте Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен бір сыныпта оқыған Рая Сиразитдинова мен Кеңес Байбосынов студент-жастарға Елбасының мектепте оқыған кездерінен қызықты әңгімелер айтып берді.


Жалпы, Елбасының адами қасиеттері, Көшбасшылық және көсемдік дарыны туралы ағыл-тегіл сыр ақтарылған бұл кештің студенттерді Тұлғалық қасиеттерге тәрбиелеудегі рөлі зор.

 

  

 

  

 

  

 


М. Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығы