қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
16.01.2018

 

Жолдау - орта білім саласының жаңартылған мазмұнға көшуін талап етеді

 

 

Жақында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын талқылау бойынша жиналыс өтті.


Шараға университеттің проректорлары, құрылымдық бөлімшелердің жетекшілері, профессор-оқытушылар құрамы және білім алушылары қатысты.

 

Оқу орын басшысы Такир Балықбаев алғы сөзінде Қазақстан Президентінің Қазақстан халқына арналған Жолдауының негізгі қағидаларына тоқталды. Сөз барысында Жолдаудағы «Адами капитал - жаңғыру негізі» жетінші міндетке байланысты білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету, орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу, жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар даярлау, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау, жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындау, қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру, жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту мәселелерінің өзектілігіне тоқталды.

 

Жиын барысында Абай атындағы ҚазҰПУ Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Ақтолқын Құлсариева («Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы Қазақстан») және Филология және көптілді білім беру институтының директоры Балтабай Әбдіғазиұлы («Елбасы Жолдау - еліміздің тұғырлы болашағы») баяндама жасап, кафедра меңгерушілеріне сөз берілді.

 

Сондай-ақ, жиналыста «Қазақстан-2050» Стратегиясынан туындайтын еліміздің әлемдегі 30 дамыған елдердің қатарына кіру туралы мақсаты, «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауымен, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелері сөз болды.

 

Жиналысқа қатысушылар Елбасы Жолдауындағы міндеттерді сапалы жүзеге асыру мәселелері бойынша белсенді түрде пікір алмасты.

 

Авторы: Римма Жанбаева

16.01.2018 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz