ҚазҰПУ-да батырларға арналған «Ерлікке тағзым» ескерткіш тас белгісі орнатылды

2025 жылдың 6 мамырында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Ерлікке тағзым» ескерткіш тас белгісінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Көркемдік композиция Кеңес Одағының батырлары - Мәлік Ғабдуллин, Лесбек Жолдасов, Қанаш Қамзин, Құдайберген Сұрағанов, Рахымжан Тоқатаев, Ахмедияр Құсайынов, Сәду Шәкіров, Евгений Бреусов, Жолдыбай Нұрлыбаев және майданға аттанған 114 ҚазПИ (қазіргі - Абай атындағы ҚазҰПУ) студенттері мен оқытушыларына тағзым ретінде қойылды.
Ескерткіштің ашылуы - Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен батырларымызды ұлықтап, олардың есімдерін ұрпақ санасында мәңгі есте қалдыру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы басшысының орынбасары Алмаз Кеңесбай, проректорлар, факультет декандары, кафедра және бөлім меңгерушілері, профессорлық-оқытушылар құрамы, ардагер ұстаздар мен Кеңес Одағының батырлары атанған университет түлектерінің ұрпақтары, сондай-ақ білім алушы жастар қатысты.
Абай университетінің Басқарма төрағасы-ректор Болат Тілеп құттықтау сөзінде:
«Осы күнге дейін университетімізден майданға аттанып, Кеңес Одағы батыры жоғары дәрежесіне ие болған 8 тұлға белгілі болған болса, Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында біздің тарихшы ғалымдарымыздың зерттеп-зерделеуімен, архивтік құжаттарды қайта қарап, жұмыстануының нәтижесінде тоғызыншы батырдың да осы университеттен шыққаны анықталып отыр. Осы орайда университет түлектерінің қолдауымен арнайы белгі тас орнатылып жатыр. Бұл белгі - университетімізден майданға аттанған оқытушылар, ғалымдар мен студенттердің ерлігіне, бабалар рухына тағзым ретінде қойылды», - деп атап өтті.
Ресми іс-шара соңы «Ерлікке тағзым» атты концерттік бағдарламамен жалғасты.
Айта кетейік, «Ерлікке тағзым» ескерткіш тас белгісі Абай атындағы ҚазҰПУ-дың түлегі, PhD, қоғам өмірінде белсенді рөл атқарып жүрген азамат Рақымберді Жетібайдың демеушілігімен орнатылды.
Өз сөзінде ол: «Бұл тас белгі - тек тас мүсін емес, бұл - Ұлы Отан майданында ерлік көрсеткен батырлардың рухына деген ұрпақ алғысы. Біз өткеннің ерлігін еске алу арқылы бүгінгі бейбіт өмірдің құнын ұғынуымыз керек. Осы білім ордасының түлегі ретінде елге қызмет ету - мен үшін үлкен абырой», - деп атап өтті Рақымберді Жетібай.
Ал аталған шараның ұйымдастырылуына университеттің Әлеуметтік және жастар саясаты жөніндегі департаменті мұрындық болды
06.05.2025
Ақпарат көзі: www.bilim.expert