қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
30.05.2025

Қазақстандық ғылыми мерзімді басылымдарды трансформациялау мәселесіне арналған халықаралық конференция аяқталды


2025 жылғы 30 мамырда «Қазақстандық ғылыми мерзімдік басылымдарды трансформациялау: проблемалар мен болашақ перспективалар» атты халықаралық конференция өз жалғасын тапты. Ғылыми жиын Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өтті.


Бүгінгі шарада қатысушылар бір шеберлік сабағына, екі жұмыс тобының кездесулеріне және пленарлық сессия отырысына қатысты. Атап айтқанда, «Ғылыми журналдарды халықаралық дәйексөз жүйелеріне жылжыту бойынша ұсыныстар» тақырыбындағы мастер класс, «Taylor and Francis журналдарының редакциялық тәжірибелеріне шолу: гуманитарлық және қоғамдық ғылымдар», «Редакторлардың үздік тәжірибелері: қазақстандық тәжірибе» воркшоптары және негізгі отырыс.


«Ғылыми журналдарды халықаралық дәйексөз жүйелеріне жылжыту бойынша ұсыныстар» тақырыбындағы тәжірибелік сабаққа жеке шақырылған ғылыми жұмыс жөніндегі проректорлар мен бас редакторлар қатысты. Шеберлік сабақты ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті басқармасының басшысы Қарлығаш Сәкенова құттықтау сөзімен ашты. Жиында Ғылыми редакторлар мен баспагерлер қауымдастығының Президенті Ольга Кириллова және Пенсофт баспасының менеджері Мария Колесникова баяндама оқыды.


«Taylor and Francis журналдарының редакциялық тәжірибелеріне шолу: гуманитарлық және қоғамдық ғылымдар» воркшобына ғылыми жұмыс жұмыс жөніндегі проректорлар, гуманитарлық және қоғамдық ғылымдар журналдарының редакторлары қатысты. Оқыту семинарының мақсаты - Taylor and Francis баспасының гуманитарлық және қоғамдық ғылымдар саласындағы журналдарының редакциялық процестерін талқылау. Воркшопты Абай атындағы ҚазҰПУ зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан ашты.


«Редакторлардың үздік тәжірибелері: қазақстандық тәжірибе» пайдалы сессиясы Қазақстандағы ғылыми журналдардың редакциялық тәжірибелерін талқылауға арналды. Воркшоп «Жергілікті жерден жаhандық деңгейге дейін: Орталық Азияға аймақтық ғылыми журналдар қажет пе?», «Реферанттық және мамандандырылған дерекқорларда журналдың көрінуін арттыру жолдары», «JCM журналының жаңа авторлар мен рецензенттерді табу тәжірибесі», «Журнал сайтын қалай дұрыс рәсімдеуге болады: міндетті бөлімдер мен элементтер», «Ғылыми журнал нөлден: қазақстандық тәжірибе» тақырыптарын қамтыды.


Пленарлық сессия - конференцияның мазмұндық өзегіне айналған негізгі отырыс болды. Басты жиынға ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің, ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, ЖЖОКБҰ проректорлары, халықаралық сарапшылар, ғылыми журналдардың редакторлары қатысты.


Сессияда ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің Төрағасы Әділет Тойбаев ғылыми басылымдардың сапасын арттыру, редакциялық процестерді жетілдіру және халықаралық стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған «Комитет журналдарының тізімі: кеңею және даму бағыттары», Қазақстандық ғылыми басылымдардың ландшафты: кеңейту мәселелері туралы сөз қозғады. Әділет Тойбаев өз сөзінде басылымдардың даму стратегиялары, рецензиялау жүйесі, жариялау этикасы және ғылыми қауымдастықпен интеграция мәселелеріне тоқталды.


Сессияда бірнеше маңызды тақырыптар қамтылды. Атап айтқанда, «Абай атындағы ҚазҰПУ ғылыми журналдарының жариялау стратегиясы», «ҚР Ұлттық Ғылым академиясының жанындағы ғылыми редакторлар кеңесін құру туралы», «Ашық ғылым және оның ғылыми журналдарға әсері», «Web of Science халықаралық ғылыми платформасының мазмұны: ғылыми журналдар және басқа да ресурстар», «Springer Nature баспасында Қазақстаннан монографиялар жариялау: тәжірибе, күрделілік және перспективалар». Аталған мәселелер бойынша Абай атындағы ҚазҰПУ зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры Ертай Сұлтан, ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Дидар Батрышев, Taylor and Francis баспа өкілі James Crosby, Clarivate компаниясының Орталық Азия бойынша өкілі Лязиза Мукашева және Орталық Азия мен Қазақстан бойынша Springer баспасының өкілі Ирина Александрова мазмұнды баяндамалар жасады.


Конференция нәтижесінде ғылыми басылымдарды дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар мен тәжірибелер ортаға салынды. Іс-шара еліміздің ғылыми жарияланымдар кеңістігін жаңғыртудағы нақты қадамдардың негізін қалады. Конференция қатысушыларға тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік берді.

 

  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=  


  alt=