![]()
23.06.2025 Педагогикалық жоғары оқу орындарының оқу-әдістемелік бірлестігінің кеңейтілген отырысы аясындағы шығармашылық шеберхана 2025 жылғы 20 маусымда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің базасында «Педагогикалық ғылымдар» бағыты бойынша Оқу-әдістемелік бірлестіктің кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шараның тақырыбы: «Педагогикалық білім беруді дамытудың жаңа бағдарлары: инклюзия, сапа, ұлттық контекст».
Аталған іс-шара аясында арнайы педагогика кафедрасы инновациялық тәсілдерді көрсетуге, арнайы және инклюзивті білім беру саласындағы тәжірибе алмасуға бағытталған шығармашылық шеберхана ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты - арнайы педагогика саласындағы мамандарды даярлау сапасының өзекті мәселелерін ұлттық контекстті ескере отырып талқылау, инклюзивті білім беру ортасын дамыту және педагог кадрлардың кәсіби өсуіне ықпал ету.
Іс-шара форматы - теориялық және практикалық өзара әрекет элементтерімен өткізілетін пікірталас алаңы.
Іс-шара модераторы: Абай атындағы ҚазҰПУ арнайы педагогика кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ақбота Аутаева.
Іс-шара бағдарламасы келесі бағыттарды қамтыды: - Шығармашылық шеберхананың ашылуы (Ақбота Аутаева); - Инклюзивті білім берудің маңызы (спикер: педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Зейнеп Бекбаева); - Арнайы білім беру қажеттіліктері бар тұлғаларды жіктеу (спикер: педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ақмарал Рсалдинова); - Инклюзивті білім беру моделін іске асыру (спикер: педагогика ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы Ақкүміс Кемешова); - Практикалық блок: арнайы білім беру қажеттіліктері бар білім алушылармен жұмыстың стратегиялық бағыттары (спикерлер: Алишер Ырымтай, Ақмарал Рсалдинова, Асия Дарменова).
Практикалық бөлімде қатысушыларға арнайы білім беру қажеттіліктері бар әртүрлі санаттағы білім алушыларды педагогикалық қолдаудың ерекшеліктерін талдауға бағытталған тапсырмалар ұсынылды. Сонымен қатар, жоғары білім беру жағдайында инклюзивті практикаларды іске асыруға арналған негізгі тәсілдерді бейнелейтін тиімді өзара әрекет модельдері ұсынылды. Талқылау ашық кәсіби пікірталас форматында өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша білім беру ұйымдары арасындағы болашақтағы ынтымақтастық бағыттары айқындалды, арнайы және инклюзивті педагогика саласындағы мамандарды даярлауды жетілдіруге қатысты ұсыныстар қаралды, сондай-ақ білім беру процесіне тиімді әдістемелерді енгізу бойынша басымдықтар белгіленді.
|