қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
11.05.2018

Қыздар университетінің студенттері республикалық фестивальдің жеңімпазы атанды

 


 

«Абай әлемі» атты студент жастардың дәстүрлі республикалық өнер фестивалінде Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Өнер және мәдениет факультетінің 2-курс студенттері Мөлдір Қазиева мен Аружан Оразалы бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды оқу орнының Баспасөз орталығы.

 

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті ұйымдастырған өнер сайысы «Абай өлеңдері», «Абайдың қара сөздері» және «Абай әндері» байқаулары бойынша жүргізіліп, оған еліміздің 22 жоғары оқу орнынан 106 үміткер қатысты.

 

Фестивальдің ашылу рәсімінде университет ректоры Такир Балықбаев білім ордасында ұлы ақынның әдеби мұрасын насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

 

Сайысқа белгілі әдебиеттанушы ғалымдар, мәдениет және өнер қайраткерлері, кәсіби әнші-сазгерлер қазылық етті. Атап айтқанда, «Абай өлеңдері» байқауы бойынша филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы, «Абайдың қара сөздері» байқауы бойынша «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жабал Шойымбет және «Абай әндері» байқауы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Арман Дүйсенов қазылар алқасына төрағалық жасады.

 

Қыздар Университетінің «Мәдени-тынығу» мамандығының 2-курс студенттерінен құралған «Дарын» дуэті «Абай әндері» байқауы бойынша өзгелерден үздік атанып, бірінші орынға ие болды. Екінші орын Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің студенті Олеся Хоменкоға бұйырса, жүлделі үшінші орынды Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің студенті Тәжмина Даниярқызы мен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің студенті Ақмарал Нұрғазиева өзара бөлісті.

 

- Сайыстың алғашқы айналымында «Айттым сәлем қаламқас» әнін орындасақ, екінші турда Латиф Хамидидың «Бұлбұл» әнін айтып сынға түстік. Нәтижесінде қазылар алқасы тарапынан жоғары баға алып, үздік нәтижеге қол жеткіздік, Хәкім Абайдың өмірі мен шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында осы сияқты өнер байқауларының маңызы зор деп білеміз, - дейді Қыздар Университетінің студенттері.

 

Шара соңында жеңімпаздар сыйақы және дипломдармен марапатталды. Айта кетейік, өнер фестиваліне студенттерді Өнер және мәдениет факультетінің оқытушылары Алпысбай Көпбаев пен Ұлбосын Белғозиева дайындады.

 

11.05.2018 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz